Дін қайраткерлерін ақтау – қазіргі буынның борышы 1032

Дін қайраткерлерін ақтау – қазіргі буынның борышы

28 қазан 2021 156 Оқу 1 минут

Алматыдағы «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Қазақстандағы «дін дүрбелеңі»: кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынды Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және Философия, саясаттану және дінтану институты бірігіп ұйымдастырды. Алдымен қуғын-сүргін құрбанына айналған марқұмдар рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

Жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, профессорлар Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Дархан Қыдырәлі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның дін өкілдерін зерттеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Сатершинов, Рахым Бекназаров, Досай Кенжетай, Юлия Шаповал, сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шәмшедин Керім, Мұхан Исахан, Төреәлі Қыдыр, т.б. тарихшы ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

«Саяси қуғын-сүргін көрген ұлт қаймақтарының қатарында хазіреттер, ишандар, ахундар мен белгілі дін қызметкерлері болды. Өкінішке қарай, олар жайлы жұрт біле бермейді. Президент Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрылып, оның жанынан қуғын көрген дін өкілдерін зерттеп, ақтауға арналған жұмыс тобының да құрылуы — мемлекеттің үлкен қамқорлығы, бізге берілген мүмкіндік. Бұл — дін қайраткерлерін зерттеуге ашылған даңғыл жол. Ақиқатында, Кеңес үкіметінің дін қайраткерлерін не үшін қуғындағаны бәрімізге айқын. Өйткені ол заманда ишандар мен ахундар ұлт руханиятының мықты өкілдері болатын. Олар мешіт-медресе ашып, шәкірт тәрбиелеп, дін насихатын жүргізумен ғана шектелмеді. Олар ұлт қайраткерлерін тәрбиеледі», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Бас мүфти кеңес заманында дінді қоғамдық өмірден шеттетудің барлық амалы жасалып, осы бағытта идеологиялық жоспар құрылып, пәрменді түрде дін мемлекет құрылымынан, адамдардың жеке өмірінен алыстатылғанын атап өтті.

«Біздің тарихымызда осындай қиын-қыстау замандар болды. Біздің ендігі мақсат — келмеске кеткен осы бір нәубетті күндерден сабақ ала отырып, сол заманның тағдыр тауқыметін арқалаған арда азаматтар мен тау тұлғаларды тереңірек тануымыз қажет. Дін қайраткерлерін ұлықтау — бәріміздің ортақ міндетіміз. Ел арасындағы дін қайраткерлері жайлы ауызша және жазбаша деректерді жинақтап, архивтердегі ғылыми мәліметтер мен құжаттарды тауып, олардың есімін есте қалдыру үшін жұмыс істеуіміз керек. Архивте әлі күнге ақталмай жатқан жүздеген есімдер бар. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру — бізге аманат», — деді Бас мүфти.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы: «Негізі, «құдайсыздық» — адамзатпен бірге жасап келе жатқан көзқарас. Алайда атеизм бұрын-соңды ешқашан мемлекеттік идеология болмаған еді. Оны саяси идеологиялық құрал ретінде, орасан зор қара күшке айналдырған — большевиктер. Адам мен дін, дін мен мемлекет қарым-қатынасы — өте нәзік әрі күрделі процесс. Дінді айтсаң «экстремист», ұлтты айтсаң «националист» деп қабылдайтындар әлі де көп. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жатсынбайтын дәстүрлі ислам кең насихатталуы керек», — деп атап өтті.

Мәмбет Қойгелдиев ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары мен мұсылман дінбасыларының мүдделес болғанын, жұма намазы кезінде «Оян, қазақ» кітабының кең насихатталғанын, 1920-30 жылдардағы көтерілістерге басшылық жасаған ишандар, кеңес билігі тыйым салса да шәкірт оқытуды жалғастырған жүздеген мектептер туралы айтты.

Баяндама жасаған ғалымдар мен дінтанушылар тақырыпты жан-жақты ашатын біраз мәліметті ортаға салды. Сүбелі пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Талас Омарбеков жиынды «бұл республиканың рухани өмірін байыта түсетін конференция болды» деп бағалады. Конференция шынында да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Бес сағат бойы имамдар, ғылыми ізденісте жүрген магистранттар мен докторанттар тапжылмай отырып ғалымдардың әңгімесін тыңдады. Онлайн форматта республиканың барлық облыстарының орталық мешіттері қатысты.

Конференция нәтижесінде ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, қарар қабылданды. Баяндамалар жинағы жеке кітап ретінде жарыққа шығуы мүмкін. Істейтін жұмыс әлі де шаш етектен. Архив мәліметтерін құпиясыздандыру, деректерді сараптау, тарихи мәліметтер мен ел аузындағы әңгімелерді жинау, мұның бәрі айтар ауызға ғана оңай. Бірақ бұл жұмыстар істелуі керек. Кезінде патша өкіметінен бір, кеңес билігінен екі қуғын көрген дін қайраткерлерін ақтау, тарихи әділдікті қалпына келтіру — қазіргі буынның борышы. Нәтижесін уақыт көрсетеді.


Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

тарихшы