ЖАНТ мүшесі Шалқар ауданына барды
ЖАНТ мүшесі, Ақтөбе орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман Шалқар ауданына уағыз-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы іс-сапармен барды. Сапар барысында аудан имамдарына семинар, мешіттерде діни тұрақтылықты сақтау бойынша кездесулер өткізді.
Семинар барысында наиб имам ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен концептуалды қабылданған үш құжат: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасымен толық таныстыру жұмыстарын жүргізумен қатар, пәтуа сұрақтары талқыланды.
ЖАНТ мүшесі семинарды қорытындылай келе, жиында айтылған ұсыныстар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, алдағы уақытта атқарылатын рухани бағыттағы жұмыстардың барынша сауатты түрде жасалыну керектігін атап өтті.
Сонымен қатар жұма уағызын айтып, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде «Ислам татулық пен бірлік» тақырыбында сұхбат жүргізіп, ынтымақты сақтаудағы негізгі қағидаларына тоқталып, жамағатты ауызбіршілікке шақырды.
Одан өзге құптан намазынан кейін Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінде жамағатқа дін мен дәстүрді дәріптеуге арналған насихат айтылды.
Ақтөбе облыстық оралық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі