Сұрақ: Әссәләму әлейкум!
Отбасыммен пәтер жалдап тұратындықтан, әдетте бір жылда бір рет ауыстырып жатамыз. Сонда, кезекті пәтерге көшіп келгенде бей-жай түстер көріп мазасыздық сезінеміз. Осындайда оқылатын дұға бар ма?
Жауап: Уа алейкум ассалам!
Мұсылманның айналасы толығымен таза болуы тиіс. Хадисте: «Тазаланыңдар, Ислам – тазалық діні[1]» дегендей, адамның іші мен сырты, жүрегі, үсті-басының тазалығымен қоса үй ішінің де тазалығы аса маңызды. Тазалық болмаған жерде мазасыздықтың болуы - заңдылық. Сумен тазаланған сияқты арнайы дұғалар оқу арқылы адам өзін де, отбасын да, оған қоса шаңырағын да тазалайды.
Сондай дұғалардың бірі төмендегідей:
أَعُوذُ بِكلِمَاتِ الله التّامّاتِ مِن شَرّ مَا خَلَقَ
Хәкімқызы Хәулә (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): Кімде-кім бір орынға, үйге келіп түссе, сол жерде: «Әғузу бикәлимәтил-ләһит тәмма мин шәрри мә холәқ» (мағынасы: Алланың барлық сөздерін Оның жаратқан әрбір тіршілігінен пана етемін) десе, ол адамға сол орыннан (үйден) кеткенге дейін ешбір нәрсе зиян тигізе алмайды», - деп айтқанын естідім[2]», - деген екен.
Демек, пәтерге кіргенде әуелі тазалығына ерекше мән берген дұрыс. Сонымен бірге, «Бақара» сүресі және белгілі дұғаларды оқыған жөн.
Жауапты дайындаған: nurgasyr.kz
[1]Ибн Хиббан
[2]Муслим