ӨЗГЕНІ ҚУАНТУ – САУАПТЫ ІС 2722

ӨЗГЕНІ ҚУАНТУ – САУАПТЫ ІС

03 мамыр 2023 82 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Құран – ақиқат пен жалғанды ажыратып, адам баласына екі дүниеде де бақытты болудың жолын көрсететін иләһи кітап. Құранның жүйелігінде насихат жасап, ізгілікке шақырғанда екі әдіс қолданылған. Бірі – адамдарды тозақ азабымен ескертіп үрейлендіру. Ал екінші жол – ізгі іс жасаған момындарды жәннатпен сүйіншілеп қуандыру.

Жақсылық жасаған адамды сүйіншілеп, оны қуандыру сауапты іс болып саналады. Алла Тағала Бақара сүресінің 25-аятында:

وَبَشِّرِ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ

«Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннаттар бар», – деген. Аятқа назар салсақ, жақсылық жасаған адамды қуантып, оған қандай сыйлықтар әзірленгенін сүйіншілеп тұрғанын көреміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ سَنَّ فِي الإِسلاَم سُنَّةً حَسَنَةً فَلَهُ أَجْرُهَا، وَأَجْرُ مَنْ عَمِلَ بِهَا بَعْدَهُ، مِنْ غَيرِ أَنْ يَنْقُصَ مِن أُجُورِهِم شَيءٌ

«Кім Исламда қандай да бір жақсы жол (әдет) бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады және бұл олардың сауабын еш кемітпейді», – деген (имам Мүслим).

Жоғарыда келтірілген аят пен хадистің негізінде өзгенің көңілін көтеріп, қуанту жатыр. Ислам діні құлшылықта, адамдармен қарым-қатынаста жеңілдікті ұстанады. Себебі әрдайым үрейлендіру, қиыншылық тудыру, дінді ауырлату адамның еңсесін түсіріп, жігерсіз қылады.

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

يَسِّرُوا ولا تُعَسِّرُوا، وبَشِّرُوا، ولا تُنَفِّرُوا

«Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, қуантыңдар – қорқытпаңдар», – деп айтқан (Әбу Дәуід).

Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал істердің ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. 

هَلْ جَزَاءُ الإحْسَانِ إِلا الإحْسَانُ

«Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «Рахман» сүресінің, 20-шы аятында баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.

Құранда Алла Тағала:

وَبَشِّرِ الْمُحْسِنِينَ 

«... жақсылық істеушілерді қуандыр!» ‒ деп бұйырады («Хаж» сүресі, 37-аят). 

Сол үшін айналамыздағы адамдарды шариғат шеңберінен шықпай қуанту – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.

 

Қисса

«Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кемпір келіп: «Уа, Расулалла! Алладан мені жәннатқа кіргізуін сұраңызшы», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Пәленшенің анасы! Расында жәннатқа кемпір кірмейді», – дейді. Сол кезде әлгі кемпір жылап, ала жөнеледі. Пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасындағыларға: «Оны тоқтатыңдар, ол жәннатқа кемпір болып кірмейді» (имам Термизи). Расында Алла Тағала: «Шындығында Біз оларды қайта жараттық. Оларды қыз кездеріндегі пәк қалпына қайта келтіреміз. Бір жастағы құрдас болады», – деп «Уақиға» сүресінің 35-37 аяттарын оқып берген екен.

Асыл дінімізде қалжыңдап адамдарды қуантса болады. Алайда айтылған қалжың өзгенің ар-намысына тимеу қажет және өтірік қосылмау керек.

Адам баласы қоршаған ортасында оқшауланып, жалғыз өмір сүре алмайды. Әлбетте айналасына ағайын-туыс, дос-жарандар қажет болады, солармен қарым-қатынас жасайды. Өзгені қуанту арқылы сауапқа кенелудің жолдары көп. Тарқатып айтар болсақ, төмендегідей:

Бірінші: Сыйлық беру

Сый-сияпат жасау адамның көңілін көтеріп, ерекше сезімге жетелейді. Сыйлық ол – ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықылас көрінісі. Сыйлық берудің жүректі жібітіп, оны жұмсартатын ерекше қасиеті бар. Қайнаған ашу-ызаны сейілтіп, оның орнына сүйіспеншілік сезімін оятатын ерекше күшке ие. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

تَهَادُوا تَحَابُّوا

«Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады», – деген. Шынымен де ренжісіп қалған адамдар бір-біріне сыйлық берсе, көңілдері көтеріліп, реніштерін ұмытады. Әр адам өзімен жақсы мәміледе болып, жақсы көргенін қалайды. Оны жүзеге асырудың бірден-бір жолы өзара сый-сияпат жасап, құрмет көрсету.

Сыйлық беру сыйлық алушы адамға деген ізгі ниет пен құрметтің белгісі. Пенделік табиғатымызда сыйлық алғанды ұнатамыз. Алайда, өзгелерге сыйлық қуантуда кей жағдайларда мән бермей жатамыз. Ахмет Йүгінеки бабамыз:

Өмірде жақсы мінез жомарт деген,

Ізгілер сараңдықты құп көрмеген.

Берген қол бәрінен де құтты болар,

Сол жаман – ала біліп, түк бермеген деген екен.

Сыйлық ол – ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықылас көпірі. «Ат құйрығын шорт кесісіп» байланысы үзілген талай ағайындардың, бауырлардың арасын қосқан да осы сыйластық, бірінші болып сый тарту. Сыйлық алу əркімнің-ақ ұнататын ісі. Өйткені сыйлық алғанда, адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалады. Ислами құндылықтармен біте қайнасқан қазақи салт-дәстүрімізде сый тарту ежелден бар үрдіс. Сыйлы қонақтың иығына шапан жабу, астына ат мінгізу, алдына қоралап қой, үйірлеп жылқы салып айдату, сəлемдеме ретінде азын-аулақ сый-сыяпатын беріп жіберу – о бастан қазақ дəстүрінің нышандары.

Асыл дініміз ислам бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Адамзатқа сүйіспеншілік тарату оның ажырамас бөлігі, ал сыйлық соның құралы.

Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлыққа үлкен мəн берген. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығын баяндаған. Хадистерде:

«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады».

«Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады».

«Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады».

«Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені жағдай сұрау – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады», – деген.

Шынында да сыйлық беру, сыйласудың астарында бір-бірінің үйіне бас сұғу, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі істер жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.

 

Қисса

Күндердің күнінде бір әйел Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Мынаны сіз кисін деп өз қолыммен тоқыдым» деп қолдан тоқылған шапан тарту етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлықтан бас тарта алмайды, қабылдайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі шапанды белінен төмен орап, сахабалардың алдына киіп шыққанда, бір кісі: «Қандай әдемі! Мынаны маған сыйлаңызшы», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Жарайды», – дейді де, жамағатпен бірге біраз отырған соң, үйіне кіріп, шапанын бүктеп, әлгі кісіге беріп жібереді. Сонда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолқа салған әлгі адамның бұл әрекетін ерсі көрген жамағат: «Сен дұрыс істемедің! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұны өзіне сыйлыққа бергеннен соң алып, киіп еді. Ал сен оның сұрағанға «жоқ» демейтінін біле тұра, сұрадың», – деп оны жазғырады. Сонда әлгі кісі: «Алланың атымен ант етейін! Мен оны кию үшін емес, (тәбәрік ретінде) өзіме кебін болсын деп, сұрап алдым», – деп жауап береді. Шынымен де сол шапан кейін оған кебін болады.

Екінші: Жақсы сөз сөйлеу

Тіл адам баласының қарым-қатынас құралы. Бір ауызбен өзгенің көңілінен шығып, жүрегінен орын табуға болады немесе бір ауыр сөзбен ренжітіп, көңілін қалдыруға болады. Ибраһим сүресінің 24-26 аяттарында Алла Тағала былай баян етеді:

أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاءِ (24) تُؤْتِي أُكُلَهَا كُلَّ حِينٍ بِإِذْنِ رَبِّهَا وَيَضْرِبُ اللَّهُ الْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ (25) وَمَثَلُ كَلِمَةٍ خَبِيثَةٍ كَشَجَرَةٍ خَبِيثَةٍ اجْتُثَّتْ مِنْ فَوْقِ الْأَرْضِ مَا لَهَا مِنْ قَرَارٍ

«Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш сияқты. Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла Тағала адамдарды ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді. Ал жаман сөз бейне жерден түп-тамырымен қопарылған тамыр тартып өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті».

Тіл қаруын сезінген адам айналасындағылармен көркем сөз арқылы жақсы араласып, оларды ренжітпеуге тырысады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

كلُّ معروفٍ صدقةٌ

«Әрбір жақсы сөз – садақа», – деген (имам Табарани).

Келесі хадисінде:

وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ

«Жақсы сөз – садақа», – деп айтқан.

Ал ата-бабамыз «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз» деген қанатты сөз қалдырған. Қайғырып, өмірден түнелген жанды бір ауыз жылы сөзбен жұбатып, оның көңілін жадыратып, өмірге деген құштарлығын оятуға, қуантуға болады.

Үшінші: Қонаққа шақыру

Ағайын-туыстың арасының алшақтау себебінің бірі дастарқан жайып, құрметті қонақтардың арасында болмаса, ат құйрығын кесіп, араз болады. Пендешілікпен: «Мені қонаққа шақырмады» – деген өкпе наздары болады. Ал, арнайы дастарқан жайып, құрметті қонағы қылып, төрге шығарсаң риза болып, марқайып, жадырап қуанып қалатыны белгілі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

ومَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ واليومِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген (мұсылман) болса, қонағын құрметтесін», – деген.

Асыл дінімізді дәстүрмен сабақтастырған ата-бабаларымыз:

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,

Көңілін оның қалдырма, хақтан ұял.

Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер

Ырза қылып әркімнен бата алып қал – деп, қонақжайлықтың сауапты, берекелі іс екенін білген.

Халқымыздың тағы бір нақылында «Қонақ келсе – құт келеді», – деп, әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын болған. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған.

Мысалы, халқымыз қонақты:

  1. Арнайы қонақ
  2. Құдайы қонақ
  3. Қыдырма қонақ
  4. Қылқыма қонақ деп төртке бөлген.

Солардың ішінде «Құдайы қонақ» үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген болса да «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып, қонақ хақы беріліп, құрмет көрсетілген.

Ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қонақтың сыйын жақсылап беріңдер», – деген. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн. Ал одан асқаны – үй иесінің садақасы», – деген.

Сол үшін халқымыз «Табағыңды бермесең де қабағыңды бер» деп айтқан. Жадырап, жақсы ниетпен күтсеңіз ол да ашылып, қуанып қала береді.

Баяғыда аналарымыз бар тәттіні қонақ келгенде жейсіңдер деп тығып қоятын. Қонақ келсе, қуанатынбыз. Тәттіге тойып, бір жасап қалушы едік.

 

Қисса

Пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қонақжайлықтың ерекше үлгісін көрсеткен. Тіпті бізге жеткен кейбір деректерде жалғыз өзі ас ішпейтіні айтылады.

Бір күні өзімен бірге тамақтанатын кісіні іздейді. Сөйтіп біреуді тауып асқа отырады. Сол кезде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) әлгіге: «Құдайдың атын айтып же», – дейді. Ол болса: «Құдайды білмеймін», – деп жауап береді. Ибраһим пайғамбар: «Ендеше менімен бірге отырма», – деп көңілін қалдырады. Сонда Ибраһим пайғамбарға Жәбірейіл періште: «Алла Тағала әлгінің күпірлігіне қарамастан өмір бойы ризықтандырып келеді. Сен болсаң, бір тістем асыңды қимай сараңдық қылдың», – дейді. Істің мән-жайын түсінген Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) дереу әлгі кісіні қайта шақырып: «Айыпқа бұйырмағайсыз. Қонағым болыңыз», – дейді. Бірақ ол ренжіп: «Өзің шақырып алып, қуып жібергенің қызық екен», – дегенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) болған жайтты айтады. Әлгі дінсіз адам ойға қалып: «Расымен, неткен жомарт Жаратушы еді!» – деп иманға келеді.

Кейде біз бұған бейқамдық танытамыз, кейде ұмытып кетеміз, тіпті бұл сауапты істі дінге қатысы жоқ деп те ойлауымыз мүмкін. Алайда Раббымыздың қасындағы сауабы өте зор.

Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір-деректерінен үлгі алуымыз керек.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кісі көңілін қалдырмауға қатты көңіл бөлген. Әрбір ісінде мұны жіті қадағалайтын. Пышақ берсе, сап жағымен ұсынатын. Қылыштарды көшеде жалаңдатып алып жүруге тыйым салған. Қабақ шытпай, жүзі күлімсіреп тұратын. Аузынан қатты сөз шықпайтын. Зат сұрап келген адамға ешқашан «жоқ» деп айта алмауы да оның осы бір көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Қолында жоқ болса, тауып берем деп уәде беретін. Біреудің қателігін түзетпек болса, көңіліне келер деп ол кісінің атын атамай, отырғандарға жалпылама айтатын. Кімге қарата айтылып жатқанын әлгі адам өзі сезетін. Жай адамдарды ғана емес, «Мүгедек біреуді көрсеңдер, сендерді сондай күйге түсірмеген Алла Тағалаға шүкір етіңдер, бірақ оны дауыстап айтып әлгі ғаріптің көңілін ренжітпеңдер» деп, көңілі жарым бейшара мүгедектерді де ренжітпеу керектігін білдіретін. Үш кісі отырғанда екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін құп көрмейтін. Ондай жағдайда үшінші кісінің көңіліне кірбің келуі мүмкін дейтін. Реніш бола қалған жағдайда оны үш күннен асырмауға кеңес беріп: «Бір мұсылман адамның екінші бір мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес. Кездескенде бір-бірінен сырт айналған екеудің абзалырағы – бірінші болып сәлем бергені» деп, ондайда ренішті бірінші болып ұмытудың артықшылығын еске салатын (Бұхари, Әдеп, 57). Араз кісілерді татуластырудың нәпіл намаз оқып, нәпіл ораза ұстағаннан да үлкен сауап екенін, ол үшін қажет болса жалған айтуға рұқсат барын еске салатын. Адамның ең нашары басқаға кесірі тиетін, әркімді ренжітетін адам дейтін. Өсиеттерінде үнемі ата-ананы, сүйікті жарды, жақын туыс, көрші-қолаңды ренжітпеуге, жетім-жесірдің көз жасына қалмауға, баланы өкпелетпеуге, дос көңілін қалдырмауға шақыратын. Өйткені «Пенденің жасаған істері әр бейсенбі күндері Аллаға жеткізіледі. Ұлы Жаратушы сол күндері өзіне серік қоспаған құлдарының күнәларын кешіреді. Алайда, араларында дұшпандық, реніші барларды бөлек қояды (кешірмейді). Сөйтеді де: «Бір-бірімен татуласқанша бұларды қоя тұрыңдар» дейді» деп түсіндіретін (Мүслим, Бирр 36). Сол себепті «Мүмин адамның мүмин адамға үш күннен артық реніші дұрыс емес. Арадан үш күн өткеннен кейін онымен сөйлесіп сәлем берсін. Егер ол сәлемді алса, сауабы екеуіне тең бөлінеді. Алмаса, күнәсі сол адамға жүктеледі» деп, бітімге, татулыққа алғашқы болып шақырушының үлкен сауапқа кенелетінін, ал қисық мінез танытып, оған көнбегендердің күнә арқалайтынын ұқтыратын (Әбу Дәуід).

 

Құрметті жамағат!

Айналамыздағы адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау, оны қуандыру, оның көңіліне шаттық ұялату – Алла ұнататын ең сүйікті іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деп айтады: «Аллаға ең сүйікті іс – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау».

Тағы бір хадисінде: «Кім мұсылман отбасынан болған үйге қуаныш кіргізсе, Алла Тағала оған риза болып, оның сыйын жәннат қылады», – делінген.

Мүмкін бір бауырымыз қарызға батып, сол қарызын өтеуге шамасы келмей жатқан шығар?! Мәселе дүниеде (қаражатта) емес, мәселе бауырымызға қуаныш сыйлауда. Жеткізуші, ризық беруші Алла Тағала. Бізден тек қана әрекет болса жеткілікті. Бәлкім, сол әрекетіміз арқылы Алла Тағала қияметте біздің уайымымызды сейілтіп, қасіреттен арылтар. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзімен айтар болсақ: «Кім мүминнің осы дүниеде бір қайғысын сейілтсе, Алла Тағала оның қияметтегі қайғысын сейілтеді».

Міне, бір мұсылман бауырымызды қуантып, көмектесер болсақ, ертеңгі күні Алла Тағала бізді де қуантатын болады. Көшеде болсын, жұмыста болсын, қоғамдық көлікте болсын, үйіңде болсын қай жерде болсын мұңайып отырған адамды көрсеңіз, оның қайғысын сейілтіп, жүрегіне қуаныш сыйлауға тырысыңыз. Әр күні бір адамның көңіліне шаттық ұялатсақ, Алла Тағаланың ең сүйікті ісін істеп жүрген боламыз. Раббымыз ондай адамдарға:

إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«... кім игі іс істеген болса, біз оның еңбегін жоймаймыз», – деген («Кәһф» сүресі, 29-аят).

Қорыта айтқанда, айналамыздағы адамдарға жасалатын барлық жақсы істердің түпкілікті мақсаты адам баласының көңілін қалдырмау, себебі адам баласы Алла Тағаланың ең құрметті жаратылысы. Ахмет Яссауи бабамыз: «Кəпір де болса біреуді ренжіту – Жаратушыны ренжітумен тең», – десе, Мәуләнә Жəлəладдин Руми: «Қағба – Ибраһим пайғамбар тұрғызған үй. Ал көңіл – Ұлы Жаратушының өзі назар салатын орын. Сол себепті бір кісінің көңілін қалдыру – Қағбаны мың рет жыққаннан да ауыр», – деп, біле-білгенге адам көңілі қасиетті Қағбадан да жоғары тұратындығын аңғартқан.

Алла Тағала баршамызға разы болып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!