Ырғыз Ауыл мешітінің жылуы қосылды
Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс ауылдық мешітінде апатты жағдай орын алған еді. Атап айтқанда, ауылда электр қуатының сөніп қалуына байланысты мешіттің жылу батареяларында су қатып, жарылып кеткен болатын. Қашан да Алла үйінің жағдайына жанашырлықпен қарайтын аудан және ауыл халқы бұл жолы да 250 000 теңге қаражат жинап берді. Нәтижесінде, мешіттің жылу жүйесін толықтай жаңартып, заманауи жылу қондырғысын орнатылды.
Сауапты істің басы-қасында Ырғыз аудандық мешітінің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы және наиб имамы Ақылбек Идаятұлы болып, ауыл тұрғындарын игілікке жұмылдырды. Сонымен қатар, аудандық мешіттен артылған кілемдерді де ауыл мешітіне төсеп, мешіт жайнамазы түгелдей жаңаланды. Рухани ордаға қол үшін созған барша жамағатымызға алғысымыз шексіз! Алла сауаптан жазсын дейміз!
Ырғыз аудандық мешітінің баспасөз қызметі