Тұрмыстық заттарға құран аяттарын жазу (бейнелеу) дұрыс па?
Құран – Алланың кәләмі, мұсылманның қасиет тұтар кітабы. Құранды әрі шариғаттың белгілерін құрметтеу – барша мұсылманның міндеті. Кім Құранды құрметтесе, Алла Тағаланы құрметтегені, ал кім оны кемсітсе, Алланы кемсіткен болады.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
ذَلِكَ وَمَنْ يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِنْ تَقْوَى الْقُلُوبِ
«Міне, осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса: күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан»[1]. Омар (ол кісіден Алла разы болсын): «Құранды ұлықтаңдар»[2] деген.
Құранның кейбір аяттарын ыдыс-аяққа жазу мәселесіне келсек, оның үкімі адамның ниетіне байланысты болады. Егер Құранды қорлау мақсаты болса, оған тыйым салынады. Өйткені ол қасиетті рәміздерді елемеу және оның беделін, мәртебесін бағаламау болып саналады. Мұсылмандар Құран Кәрімді ұлықтап, құрметтеп және оны сақтауы керек. Сол үшін Құранды қорлауға алып баратын барлық жайттарға тосқауыл жасауы тиіс.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Құранды жерге, киімге, төсенішке, жастыққа және т.б. жазуға тыйым салған деректер жеткілікті. Соның бірі Амр ибн Шұғайыптан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды жерге жазуға тыйым салған»[3] делінген. Себебі жерді барлығы аяғымен басып жүргендіктен, оған жазылған Құран аяқ асты болып кетуі мүмкін. Бұл Құранды құрметтемеуге алып барады. Ал ол – үлкен күнә[4].
Тіпті ғалымдар қорлауға алып барады деген қауіптен, тіптен ондай мақсаты болмаса да, Құран Кәрімді киімге, ақшаға жазуды мәкруһ деп ашық мәлімдеген.
Кәмал ибн Һумам: «Құранды, Алла Тағаланың есімдерін дирһамға, михрабқа, қабырғаға және төсеніштерге жазу – мәкруһ»[5] деген.
«Әл-фәтәуа әл-һиндия» атты кітапта: «Құранды қабырғаға жазуға кейбір ғалымдар рұқсат берсе, енді бірі қабырға құлаған жағдайда Құран аяттары адамдардың аяқ астында қала ма деген қауіптен мәкруһ санаған»[6] деп жазылған.
Әш-Ширбайни: «Құранды мешітте болса да қабырғаға, сондай-ақ киімге, тағамға т.б. жазу – мәкруһ»[7] деген.
Жоғарыдағы ғұламалардың Құранды қабырғаға жазуға тыйым салғаны оның аяқ-асты болып кетуіне байланысты айтылған. Ал қорлауға алып бармаса, әсіресе, мұндай іс-әрекеттер тәбаррук, емделу мақсатында болса оған тыйым жоқ.
Дегенмен Құран аяттары жазылған ыдыс-аяқтар, тұрмыстық заттар аяқасты болмауына, үйдің бір шетінде шашылып жатпауына, балалар ойнамауына ешкім кепіл емес. Сондықтан ыдыс-аяқтарға Құран аяттарын жазу дұрыс саналмайды.
[1] «Хаж» сүресі, 32-аят.
[2] Құртуби тәпсірі, 1/29.
[3] Ибн Батта, «әл-ибәнә», 5/325. Әл-Мустағфири, «Фәдәйлу әл-Құран», 1/200.
[4] Әбу Убайд Қасим ибн Сәләм, «Фәдәйлу әл-Құран», 121.
[5] Фәтху әл-қадир, 1/173.
[6] Әл-фәтәуа әл-һиндия, 5/323.
[7] Әл-Иқнағ, 1/254.