ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ ТҮБІ – ДІНСІЗДІК 2768

ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ ТҮБІ – ДІНСІЗДІК

15 маусым 2023 97 Оқу 1 минут

Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің, әдеті мен салт-дәстүрінің қалыптасуында негізгі қайнары болып есептеледі. Қазақтың Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға шейін барлық хандары елді басқару жүйесі, халықаралық қарым-қатынастар және құқықтық заңнамаларда шариғат нормаларына жүгінгені белгілі. Сонымен қатар құқықтық нормалардың басым бөлігі шариғатпен қатар дала әдет-ғұрпымен байланысты екенін атап өту керек. Қазақ би-шешендері, ақын-жазушылары және ғалым-ғұламаларының барлық еңбектерінде шариғаттан аттамағаны байқалады.   

Тәуелсіз Қазақстанда да Ислам діні ықпалды қоғамдық күшке ие болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындай-ақ мемлекетіміздің жоғары мінберлерінен Ислам дінінің қазақ дүниетанымын анықтайтын ең алдымен жоғары идеал мен факторы, бұрындары ұмытылып кете жаздаған бай мұсылмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың рухына деген тиісінше баға берудің рәмізі іспеттес екені қайта-қайта жарияланған болатын.

Егер бұрын қазақ халқы отаршылдық, ашаршылық сияқты ауыр сынақтарды басынан өткерген болса, бүгінде сыртқы саяси күштер, жалған сенімдер халқымызды түрлі діни топтарға, діни идеологияларға жетелеп қазақтың шынайы сенімін бұзуға әрекет етіп, еліміздің ынтымақ-бірлігін құлатуға жұмыс жасамақ. Осы отыз жыл ішінде еліміз түрлі тауқыметтерді бастан кешті. Атап айтқанда, Иегово куәгерлері, таблиғ жамағаты, уахабистер, хизбут тахрир және түрікшіл жамағаттар қазақты өз қатарына тартып, елдің береке-бірлігін қашырды. Сөйтіп «бөліп ал да, билей бер» деген ережемен әркім қазақты өзінің ықпалына түсіріп, пайдаланғысы келді. Ал бүгінде тәңіршілдік сенімін насихаттап, Ислам дінін қазаққа жат дін деп көрсеткісі келген дінсіздер қауымы шығып, халықты діннен бездіру саясатын белсенді түрде жүргізе бастады.

Рас, соңғы кезде интернет желісінде тәңіршілдік ұстанымдағы топтар бой көтеріп, Ислам діні туралы қисынсыз пікірлерді, мәліметтерді таратып, мұсылмандарға қарсы ашық қарсылық әрекеттерін бастап кетті. Олардың пайғамбарға тіл тигізуі, оны мазақ қылуы, Құранды мансұқтауға әрекет етуі – үлкен зұлымдық әрі қиянат. Тәңіршілдердің мұндай іс-әрекеттеріне мұсылман жұртшылығы өз наразылықтарын білдіреді және оны тоқтатуды талап етеді. Себебі хадисте: «Кімде-кім шариғатқа қайшы бір жағдайды көрсе, оны күшпен тоқтатсын. Ал шамасы келмесе, тілмен айтсын. Ол да қолынан келмесе, жүрегімен наразылық білдірсін. Иманның ең әлсіз тұсы – осы (соңғысы)», – делінген (Мүслим). Бірақ қазір жүрегімен наразы болып отыра беру – дұрыс емес. Үндемей отыра берсек, солардың себебімен қаншама азаматтар дінсіздікке кетеді, имансыздыққа барады, ерлі-зайыптылар ажырасады, ата мен бала бір-бірінен безеді, отбасылық құндылықтар жоғалады, тексіздік орын алады, түбінде мемлекеттің қуаты әлсірейді. Осы ретте Тәңір және тәңіршілдік мәселесіне тоқталып, Алла мен Тәңір ұғымы, қазіргі қазақ қоғамындағы тәңіршілдіктің орны туралы қысқаша мәлімет беріп өтсек. Себебі тәңіршілдік не екенін, оның мақсаты мен салдарын білгенде ғана, одан туындайтын қауіп пен қасіретті түсіне бастаймыз.

VII ғасырда Ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы түгел мұсылмандық түсінікке алмасты. Атап айтқанда, «Бір тәңіршілдік» танымы «Жалғыз Алла Тағаланың» ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін Алла мен Тәңір ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды. Алайда «Тәңіршілдік деген не? Дін бе, әлде жай наным-сенім бе?» деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілмеген.

Қазақ халқы Ислам дініне дейін басқа дін және наным-сенімдер қатарында тәңіршілдікті де ұстанған болуы мүмкін. Бірақ оның қалыпты дін атаулыға тән пайғамбары, киелі кітабы болмаған. Сондықтан оның нақты діни ұстанымы мен жүйеленген шариғи заңдары да жоқ. Тек тәңіршілдіктің сарқыншақтары ретінде қалған ырымдар мен ғұрыптар ғана бар. Онда да олар шамандық ырым, ғұрыптармен мидай араласып кеткен.

Қазақ даласына Ислам діні келген соң қазақ халқы бұл дінді өз еркімен қабылдағаны тарихи шындық. Сонда да ат төбеліндей тәңіршілдер «қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс» деп аты бар да заты жоқ өлі дінді тірілту әрекетінде жүр. Әрине, қазақ халқын енді «елес» дін тәңіршілдікке қайтару мүмкін еместігі анық.

Олар Исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көрсете отырып, қазақтарды өздерінің ата-баба дініне, яғни «ұлттық діні» – тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп келгенде қазақты тәңіршілдікке қайтару бағытында айтарлықтай нәтиже бермесе де, онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың басының бірігуіне кедергі болуда.

Исламды қазақ халқына жат дін етіп көрсету арқылы тәңіршілдікті насихаттау үрдісі мұсылмандыққа жасалып жатқан бірінші идеологиялық шабуыл емес. Біріншіден, түркі елдеріне, әсіресе қазақ халқына, тәңіршілдікті Ресей империясы енгізе бастады. Отар елдерінде православ дінін тарату мақсатында, олар «мемлекеттілігі жоқ, басқару жүйесі қалыптаспаған, белгілі идеологиясы, мәдениеті, діні болған емес, олар пұтқа табынушы» деген ұғымды таратты. Ағартушы-миссионер Николай Ильминский 1860 жылы Патша үкіметіне жазған құпия баянхатында: «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстанған» деп, түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады», – деп түсіндірген (С.Мәшімбаев, Г.Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Қазақ университеті. Алматы, 2013. 111-бет). Бұл бағытта Ресей империясы якут, алтай және бурят секілді елдерге христиан дінін таратуға қол жеткізген. Бірақ Қазақ даласында, мұсылман халықтар арасында бұл идея жүзеге аспады. Орынбор мүфтилігі құрылғаннан кейін бағыт мүлде өзгерді.

Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде де бұл саясат жалғасын тапты. Этнограф ғалымдар кезең-кезеңмен бұл тақырыпқа оралып отырды, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Сөйтіп Кеңес дәуірінде Орта Азия және Қазақстан халықтары туралы «мұсылмандықтан хабары жоқ» деген пікірді қалыптастырып, «Исламнан бұрынғы мәдениет элементтері көбірек сақталып қалған» деп тұжырымдауға әрекет етті.

Үшіншіден, тәуелсіздік заманында тәңіршілдікті насихаттайтын «ойшылдар» шыға бастады. Дінсіздік (атеизм) қоғамы құлаған соң кейбір атеистер дін мәселесінде өзінің позициясын таба алмай қалды. Сол үшін олар түрлі идеяларды ойлап тауып, өздерінің клубтары мен сайттары арқылы таратуға кірісті.

Ислам дінін елемейтін, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды кемсітетін адам қазақ болса да, мұсылман болып есептелмейді. Себебі мұсылман болу үшін «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі» деп куәлік ету керек. Өзінің нақты діні жоқ, басқа дінді де мойындағысы келмейтін адамды дінсіз деп атауға болады. Мұндай адамға үйленіп, отбасын құруға шариғатымыз тыйым салады. Мұсылмандар олардың бауыздаған малын жемейді. Демек олардың үйіне барып қонақ болу, бір дастарқан басында отыру, құда болып, туыстық қатынас орнату күмәнді болмақ. Тіпті дінсіз адамды шариғатымыз мұсылман зиратына қоюға рұқсат бермейді. Мұндай дәстүр бізде бұрыннан осылай қалыптасқан. Демек тәңіршілдік сенімі қазақтың түп-тамырына қалай балта шауып, халықты бөлумен бірге туыстық қатынастың үзілуіне себеп болмақ.

Тәңіршілдік сенімін ұстанатын адамдар туралы Алла Тағала Құранда: «Адамдардың ішінде ешқандай білімі болмаса да, нұсқаушы жобасы, сүйенер нұрлы Кітабы болмаса да, Алла жайлы пікір айтып дауласатындар бар. Ондай пенделер тоңмойындық танытып, өзге жұртты Алла жолынан тайдыруға тырысады. (Соның кесірінен) олар бұл дүниеде қорлыққа душар болады. Ал Қиямет күні Біз оларға Тозақ отындағы азаптың дәмін таттырамыз», – деген («Хаж» сүресі, 8-9 аяттар).

Ардақты ағайын, қазақ халқын, әсіресе жастарды қисыны жоқ сөздерге, күмәнді мәліметтерге ермеуді сұраймыз. Алланың мықты арқаны, біздің өмірлік дәстүрімізге айналған – Ислам дініне жұмыла жармасып, іштен бөлінбеуге шақырамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратқан Иеміз дінімізге қуат бергей!

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №10, 2023 жыл