ӨЗГЕНІ ӨЗІҢНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЮ – ІЗГІЛЕР СИПАТЫ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Ислам мұсылмандарды тек өзін ғана емес, өзгелердің де қал-жағдайын ойлап, уайымдап, қарайласуды, өзгені өзінен де жоғары қою қатежіттігін үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі тәлімін көрген сахабалары бір-біріне бауырмал, жанашыр әрі әрқайсысы өзінің жеке басының қажеттілігінен, өзгенің қажеттілігін жоғары қоятын еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 9-аятында Меккеден көшіп келген мұһажирлерге жәрдемдескен мәдиналық ансарлар туралы:
وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар», – деп айтқан.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеде өмірінің соңына дейін үш күн қатарынан тойып тамақ жеген емес. Қаласақ тойып жейтін мүмкіндігіміз бар еді. Бірақ өзгелердің қажетін өзімізден артық қоятын едік», – деген.
Халқымызда: «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі», «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді», – деген нақыл сөздер адам баласына өзінің жеке басының қамын емес, өзгенің де қамын жеп, уайымдауды үндейді.
Ғылымда өз қажетінен басқалардың мұқтаждығын артық көруді «альтуризм» деп те атайды. Оның антонимы – эгоизм. «Эгоист» деп – өзінің қара басынан басқа ештеңені ойламайтын адамды айтады.
Өзгені өзінен жоғары қойып, адамдардың жағдайы туралы қам жеу, уайымдау, оларға пайда келтірудің түрлі көріністері бар. Олардың кейбіріне тоқталар болсақ:
Бірінші: Өзгелер үшін дұға ету
Өзге адамдардың жағдайын өзінен артық қоятын ізгі адам әркез өзгелер үшін дұға етіп, оларға Алла Тағаладан жақсылық пен берекет тілейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресі, 19-аятында:
وَاسْتَغْفِرْ لِذَنبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ
«Күнәларыңның кешірілуін тіле. Әрі мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге де (күнәлары үшін) жарылқау тіле», – деп айтқан. Бұл аяттарда Алла Тағала Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі әрі басқа да мүминдер үшін дұға етуін бұйырған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
دَعْوَةُ الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ لأخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيْبِ مُسْتَجَابَةٌ ، عِنْدَ رَأْسِهِ مَلَكٌ مُوَكَّلٌ ، كُلَّمَا دَعَا لأخِيهِ بِخَيْرٍ قَالَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ : آمِينَ وَلَك بِمِثْلٍ
«Мұсылманның бауырының сыртынан (өзі жоқта) жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені) оның басының жанында өкілетті періште тұрады. Ол бауырына жақсылық дұға тілеген сайын өкілетті періште: «Әмин! Сағанда сол (айтқаның) нәсіп болсын», – деп айтады», – деген (имам Мүслим).
Демек, періштелердің адам баласы үшін дұға етуіне себепші болатын істердің бірі – адам өзі үшін тілеген әлдебір жақсылықты өзгелер үшін де тілеу.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген саңлақ сахабалардың бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын): «Мен дұғамда жетпіс бауырымның есімін атап, тілек тілеймін», – депті.
Көптеген ізгі адамдар түнгі намазға тұрып, дұға жасағанда жандарында бауырларының есімі жазылған арнайы парақша болады екен. Біз де өзгелерге тілекші, жанашыр болып, жасайтын дұғаларымызда өзге де бауырларымыз бен жақындарымыз үшін жақсылық тілеуіміз қажет.
Екінші: Өзі мұқтаж бола тұра өзгеге қол үшін беру
Өзі мұқтаж бола тұра, қолындағы бар дүниесімен өзге адаммен бөлісу нағыз бауырмалдықтың, шынайы достықтың көрінісі. Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі:
- Сахауат. Мал-мүліктің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған.
- Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) Ислам жолында жасаған жомарттығы осыған жатқызылады.
- Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгелер үшін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен бірдей. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мұһажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп бергендігін келтіруге болады.
Бұрынғы өткен ізгі адамдардың тарихында жомарттықтың бұл түріне мысалдар өте көп. Мысалы, хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) сырқаттанып жатқан уақытында ұлы ибн Омарға: «Мүминдердің анасы Айшаға (Алла оған разы болсын) барып: «Омар ибн Хаттаб саған сәлем айтып жатыр. Ол екі досының (яғни Ардақты Пайғамбарымыз бен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің) қасына жерленуге сенен рұқсат сұрап жатыр», – деп айт», – дейді. (Бұны естігенде ) Айша анамыз: «Негізінде ол жерді мен өзім үшін сақтаған едім. Бірақ өзімнен гөрі Омардың қалауын артық көремін», – деп, өзі үшін дайндап отырған ардақты Пайғамбарымыз бен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің әкесі Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) жанындағы бос жерге хазіреті Омардың жерленуіне рұқсат берген.
Өзі мұқтаж бола тұра қолындағысын өзгеге беру – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен көркем өнегелері. Сәһл ибн Сағд былай дейді:
«Күндердің күнінде бір әйел Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мынаны сіз кисін деп өз қолыммен тоқыдым», – деп қолдан тоқылған шапанын тарту етеді. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапан қажет болғандықтан, сыйлықтан бас тарта алмады. Екі жәһан сардары әлгі шапанды белінен төмен орап, біздің алдымызға киіп шыққанда, арамыздан біреу: «Қандай әдемі! Мынаны маған сыйлаңызшы», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай сөзге келмей: «Жарайды», – деді де, жамағатпен бірге біраз отырған соң үйіне кіріп, шапанын бүктеп, әлгі кісіге беріп жіберді. Сонда ардақты Пайғамбарымыздың шапанына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолқа салған әлгі адамның бұл әрекетін ерсі көрген көпшілік оған: «Сен дұрыс істемедің! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұны өзіне қажет болған соң алып, киіп еді. Ал, сен оның сұрағанға «жоқ» демейтінін біле тұра, сұрадың», – деп наразы болды. Сонда ол: «Алланың атымен ант етейін! Мен оны кию үшін емес, өзіме кебін болсын деп, сұрап алдым», – деп жауап берді. Әлгі адам дүниеден өткен уақытта шынымен де ол шапан оған кебін болды», – дейді (имам Бұхари).
Адам баласы көбіне өзімшіл болғандықтан, табиғатымызға салсақ алдымен өзіміздің жағдайымызды ойлайтынымыз ақиқат. Алайда, Алла Тағаланы танып, Оның разылығын көздеген адам өзінен гөрі өзгені көбірек ойлап тұрады. Осы ісі арқылы пенде Жаратушысының разылығына кенеледі.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) мынадай керемет оқиғаны жеткізеді: «Бірде маған қолына екі қызын көтеріп бір кедей әйел кірді. Мен оған үш құрма бердім, ал ол болса құрманың екеуін бір-бірден екі қызына берді де, үшінші құрманы өзі жемекші болып аузына апара бергенде, қыздарының қарны аш болғандықтан берген құрманы әпсәтте жеп қойды да, қайтадан анасына телміріп, оның қолындағысын сұрады. Анасы өзінің қарны ашып тұрса да, балаларының бұл қылығына мейірленіп, жегелі тұрған құрмасын ортасынан бөліп, екі қызына бөліп берді. Мен бұл оқиғаға таңырқап, бір жағынан жүрегім ауырып, болған жайды Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанымда, ол: «Расында, бұл үшін Алла оған жәннатты міндет етті немесе оны тозақтың отынан босатты!» – деді (имам Мүслим).
Қисса
Бір күні Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің жағдайым өте мүшкіл. Қарным аш, жоқтықтан әбден азып-тоздым. Маған жәрдем етіңізші», – деп, өтініш айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахабасын өз үйіне жібертіп, тамақ алып келуін сұратады. Алайда, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен мәлемі болсын) дәл сол кезде үйінде тіске басар ешнәрсе жоқ болып шығады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла Елшісінің қонағын кім қабылдайды?» – деп сұрайды. Бір ансарлық сахаба: «Уа, Алланың елшісі! Мен қабылдаймын», – дейді. Әлгі сахаба Пайғамбардың қонағын күтетініне қатты қуанып, оны жетектеп, үйіне алып келеді. Бірақ, үйіне келсе, балаларына деген азғантай тамақтан өзге ас жоқ екендігін байқайды. Сонда жұбайы екеуі ақылдасып, әйелі балаларын ауындырып, ұйықтатып, ал өзі байқамай шамның жарығын өшіріп алғандай кейіп танытып, май шамды өшіріп тастайды. Қараңғыда үйлеріндегі азғантай тамақты қонағына салып беріп, өздері бос ыдысты ұстап, тамақ жеп отырған адамдай болады. Қонақ та олар тамақ жеп отыр екен деп, еш іркілместен, өзіне ұсынылған тамақты жеп алады. Ертеңінде үй иесі қонағын ертіп, таң намазына барған уақытында, оның алдынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімдеп қарсы алып: «Алла Тағала сенің отбасыңның бүгін түнде қонақтарыңа көрсеткен құрметтеріңе риза болды!» – дейді. Кейбір тәпсірші ғалымдар қасиетті Құрандағы:
وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар», –деген «Хашыр» сүресі, 9-аятын осы оқиғаға қатысты түсірілгендігін айтқан.
Үшінші: Өзгелерге жанашыр болу
Ардақты Пайғамбарымызың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойындағы тағы бір көркем сипаттардың бірі – жанашырлық. Жанашыр адам өзге адамның босына қиыншылық, қайғы-қасірет келгенде уайымдап, жүрегі ауырып, бар күш жігерін салып жәрдемдесуге тырысады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 128-аятында:
لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ
«Сендерге өз араларыңнан сондай бір хақ пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мүминдерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деп айтқан.
Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен әр мұсылман өзін ойлағанындай өзге де мұсылмандарды ойлап, бауырмал, жанашыр болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبَّ لأخِيهِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ
«Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше, ешқайсыларың иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Хакім Абай он төртінші қара сөзінде: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», – дейді.
Хұзайфа (Алла оған разы болсын) сахабалардың өзара жанашырлықтарын былай деп жеткізеді:
«Ярмук шайқасынан кейін ағамның ұлын іздеп шыққан едім. Торсығымда тірі болса берермін, не жүзін сүртермін деген ниетпен алып шыққан суым бар еді. Іздеп жүріп таптым. Қатты жарақат алса да әлі тірі екен. Шөлмегімді алып «су ішесің бе?» деп едім, бірден «иә» дегендей ишарат етті. Суды аузына апара бергенімде оның ар жағында жатқан бір адамның «су» деген дауысы естілді. Ағамның ұлы бірден «солай қарай апар» дегендей қолын сермеді. Бірден торсығымды алып барсам, Һишам ибн әл-Ас екен. Суды ішкізейін дегенімде оның ар жағында тағы бір ыңырсыған адамның даусы шықты. Ол да суды ішпей жатып, «солай қарай апар» деді. Мен барып үлгергенше, ол адам қайтыс болып кетті. Бірден Һишам ибн әл-Асқа қайта жүгірдім, келсем ол да жан тәсілім болған екен. Қайтадан ағамның ұлына келсем, оның да көзі жұмылып үлгеріпті», – дейді.
Қисса
Баяғыда екі ағайынды жігіт егін егіпті. Күзде шыққан өнімдерін екеуі теңдей етіп он бес қаптан бөлісіпті. Біраз уақыттан кейін жасы кіші інісі: «Біз осы шыққан өнімімізді тең бөлісуіміз дұрыс болмады. Ағамның отбасы бар, ал мен болсам бойдақпын. Ағам менен қарағанда көбірек үлес алуы керек еді», – деп, түн ішінде білдірмей, өзіндегі бір қапты көтеріп, ағасының үйіне апарып, қаптарының арасына қойып кетеді. Таң атқаннан кейін өзінің түндегі істеген ісіне дән риза болып, өзінде қалған қаптарды санаса, тура он бес, еш кемімегенін байқайды. Мұның сырын еш түсінбеген жігіт, тағы да қас қарайғаннан кейін бір қапты ағасының үйіне апарып, қаптарының ішіне қосып кетеді. Таң атқан соң өз қаптарын қайта санаса, әлі он бес, еш кемімеген. Жігіт таңданған үстіне таңдана түседі. Түн батқаннан кейін тағы өзіндегі бір қапты алып, ағасының үйіне бара жатқан жолда қап көтеріп келе жатқан ағасын жолықтырады. Сөйтсе, ағасы да: «Отыз мөшек қапты он бестен тең бөліп алғанымыз дұрыс болмады. Менің отбасым бар, бала-шағалымын, ал інім болса әлі аяғына да тұрмады, отбасын да құрмады, менен гөрі ол мұқтажырақ. Ендеше, ол маған қарағанда көбірек алуы керек еді», – деп інісінің жағдайын уайымдап, түн ішінде оның үйіне де бір қаптан тасып жүрген екен.
Қадірменді жамағат!
Адамдар өзге адаммен қарым-қатынаста түрлі деңгейде болады. Кей адамдар тек өзінің жеке басының ғана қажеті мен пайдасын ойласа, ал кей адамдар өзгені де өзі сияқты ойлап уайымдайды. Ал кейбір жандар өзгелердің жағдайынан өзінен де артық уайымдайды. Міне бұл – ізгілерге тән дара сипат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
طَعَامُ الوَاحِدِ يَكْفِي الاثْنَيْنِ، وَطَعَامُ الاثْنَيْنِ يَكْفِي الأرْبَعَةَ، وَطَعَامُ الأرْبَعَةِ يَكْفِي الثَّمَانِيَةَ
«Бір адамның тамағы екі кісіге, екі адамның тамағы төртеуге, ал төрт адамның тамағы сегіз кісіге жетеді», – деу арқылы мұсылмандарға қолында бармен бөлісуді, өзгелерді ойлап, қарайласып, жәрдемші болуды үйреткен (имам Мүслим).
Алла Тағала біздердің ізгі істерге тұрақты болуымызды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!