Ақтөбе: «Зират және зиярат мәдениеті» атты жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру форумы өтті (ФОТО)
Ақтөбе қаласында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Зират және зиярат мәдениеті» атты жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру форумы өтті.
Аталған форумға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Жәнібекұлы, зиялы қауым өкілдері мен ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мешіттің ондық алқа ақсақалдары, Қ.Жұбанов университетінің оқытушылары т.б қатысты.
«Бүгін біз көпшілік қауым үшін өзекті «Жерлеу рәсімін біріздендіру» мәселесін талқылау үшін жиналып отырмыз. Бүгінгі таңда жерлеу рәсімдері үлкен бизнеске айналғаны баршамызға белгілі. Себебі, кейбір азаматтар марқұмның басын көтеруге ақшаны аямайды. Ондай адамдар зәулім ескерткіш пен мазар салу арқылы жаралы жанына дауа іздеп жатады. Бір адамның бейітіне ондаған үйдің құрылысына жететін қаржы жұмсау секілді қисынға келмейтін іс-әрекеттер жасап жатады. Аталған мәселені біріздендіру, ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында ҚМДБ Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіру жұмыстары республика аумағында басталуда. Осы орайда, Ақтөбе облысында атқарылатын жұмыстар бойынша жиналып отырмыз» -деп форумның маңыздылығын атап өтті облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы.
Сонымен қатар форумның арнайы қонағы наиб мүфти: «Жерлеу рәсімдері кезінде барынша шариғат шеңберінен шықпаған абзал. Мазар тұрғызып бәсекелесу, ысырап пен мақтан марқұмға ешқандай абырой әпермейді. Мұндай жарыстың дүние салған адамға тигізер сауабы болмайды. Сондықтан, әр нәрсені өз әдебімен атқарған дұрыс. ҚМДБ бұл бағытта «Зират жəне зиярат мəдениеті» құжатын дайындаған болатын. Жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру мақсатында дайындалған бұл құжат зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ, бірыңғай мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Құжатта көрсетілгендей, зират көтерудің өз мәдениеті бар. Әрине, қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен басына құлпытас қойған дұрыс. Алайда, зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді. Оның орнына Құран бағыштап, дұға еткен абзал немесе қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсаса, әлдеқайда сауапты болады. Мәселен, қымбат құлпытастар мен зәулім ескерткіштерге кететін қаражатты пайдалы істерге жұмсап (жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласу, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды т.б), сауабын марқұмдарға бағыштаса, шариғатқа сай амал болады. Ал зираттарды сәндеу, үлкен ескерткіштер орнату шариғатта жоқ амал»,-деп бүгінгі күннің өзекті мәселесін талдап өтті.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекежан Аханұлы өңірдегі жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру туралы ұсынысын талқыға салса, «Бақытжан» мешіті Ақсақалдар алқасының мүшесі, өңірдегі көптеген мешіттердің салынуына мұрындық болған дін жанашыры Құсайынов Сағынай қажы ақсақал зират жəне зиярат мəдениеті қалыптастырудағы олқылықтың алдын алу мәселеріне жіті назар аудару туралы айтып, Қ.Жұбанов университетінің проректоры, тарихшы Рахым Ағыбайұлы жерлеу рәсімдеріне тарихи сараптама жасады. Ал Облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов т.б қатысушылар бүгінгі форумдағы қарастырылып отырған тақырыптың аса өзекті екендігіне тоқталды.
Игі басқосу барысында алдағы уақытта «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының Ақтөбе облысында жасалатын жұмыстарының жоспарлары таныстырылды.
Одан өзге форумға қатысушылар облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының осы жұмысты жүргізудегі бастамасын бірауыздан қолдады.
Айта кетсек, бүгінде мүфтият жанынан «Зират жəне зиярат мəдениеті» құжатын басшылыққа алған «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатыр. Еліміздің барлық аймағынан орталықтың филиалдары ашылды. Орталық жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай бірізділікке келтіру, зират құлпытасын тұрғызу мәдениетін қалыптастыруға атсалысып келеді. «QAMQOR-SHARAPAT» орталығы марқұмды жуудан бастап, шариғат талаптары бойынша жаназа өткізу, қабірді қазу, жерлеу, ас беру, зират басына белгі тас қою т.б жерлеу рәсімдерінің толық кешенін атқарады.
Аталған жиынның қортындысында Құранда айтылғандай, «Алла ысырап ететіндерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят). Ал зираттарды сәндеу, үлкен ескерткіштер орнату – ысырапқа апаратын, шариғатта жоқ амалдар. Сондықтан сіз болып, біз болып ысыраптың алдын алып, өңірдегі жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай бірізділікке түсіру бойынша әлі де жұмыс істеуіміз керек деген мақсатта Ақшат-3 ықшам ауданынан 7 гектар жер бөліну мәселесі қарастырылды. Ал ҚМДБ «QAMQOR SHARAPAT» ЖШС-нің Ақтөбе филиал директоры Ақыл Сатауұлына алдағы атқарылатын жұмыстар тапсырылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі