Ақтөбе жамағаты Арал теңізі маңына зиярат жасады
Ақтөбе қаласы, "Әл-Ләтиф" мешітінің имамы Рүстембек Аманғосовтың ұйымдастыруымен Ақтөбе жамағаты ҚМДБ-ның «Дархан Дала» жобасы аясында Қызылорда облысы, Арал ауданына зиярат сапарымен барып қайтты. Аралдағы «Балықшылар мұражайын» зиярат жасады. Сапар барысында олар тарихы терең Арал теңізінің жағасына барып, оның өткенімен танысты. Сонымен қатар ата-бабаларымыз пайдаланған тарихи құралдарды көріп, тағылымды әсер алды. Бұл сапар жамағат үшін ерекше рухани әрі танымдық маңызға ие болды.
Қысқаша тарихи мәлімет:
Бір кездері айдыны шалқыған Арал теңізі өңірінде тіршілік қыз-қыз қайнап жатты. Балық шаруашылығы дамып, халықтың тұрмысы жақсарды. Арал порты мен балық өңдеу комбинаттары ел игілігіне қызмет етті. Кеңес дәуірінде Аралдан жөнелтілген балық өнімдері көптеген аймақтарды қамтамасыз еткен. 1962 жылы теңізде 362 кеме жүзіп, жағалауда 17 балық колхозы мен бірнеше зауыт жұмыс істеген.
Бүгінде Арал ауданындағы «Балықшылар» музейі осы бай тарихтан сыр шертеді. Музей қорында мыңдаған жәдігер сақталған, сондай-ақ ашық аспан астында тарихи кемелер мен құрал-жабдықтар қойылған.
Бұл сапар жамағат үшін тек тарихи таным ғана емес, терең рухани ой салған ерекше тәжірибе болды. Бір кездері гүлденген Арал өңірінің тағдыры адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Өткеннен тағылым алып, табиғатты аялау – әрбір ұрпақтың міндеті екені айқын сезілді. Осындай зияраттар арқылы адам өз тарихын танып қана қоймай, жүрегіне иман, санасына жауапкершілік ұялатады.
Бір кездері теңізі шалқыған Арал өңірінің тіршілігі қайнап жатты. Сол шақта су маржанын сүзген халықтың ырзық-несібесі де мол болды. Аралдың өз порты, балық өңдеу комбинаты талай жанның тұрмысын оңалтты.
Мұражай сыр шертеді
Кеңес кезеңінде Аралдан жөнелтілген 14 вагон балық орыстарды аштықтан аман алып қалғаны белгілі. Сол кез теңіздің несібесі артып, балықшы қауымның бағы шалқыған сәт еді.
Тіршілігі теңізбен біте қайнасқан аға буын өкілдері өткенін сағынышпен еске алады. Айдында жүзген кемелер мен тіршілігі түлеген теңіздің әр күнін аңыз қылып айтып отырады.
Тарих парақтарына жүгінсек, 1962 жылы Арал айдынында 362 кеме жүзген екен. Сол жылдары теңіз жағасында 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт пен 2 балық комбинаты жұмыс істепті.
Арал суының тартылуымен елдің ырзығы кеміп, толағай тірліктің тамырына балта шабылды. Теңіз ұлтанын тұзды сор басып, ақ айдынның орны тастанды кемелер зираты болды. Арал өңірі портты қаладан экологиялық аймаққа айналып шыға келді.
Бір кездері ашық теңізде оңды-солды жүйткіген алып кемелер ешкімге керексіз күйде шөл далада қараусыз қалды. Бұл құбылыстың бәрі теңіз төскейінде түлеген тұрғындардың көз алдында өтті.
2012 жылы Арал қаласында «Балықшылар мұражайы» ашылды. Бұл теңізін аңсаған тұрғылықты халық пен туристердің жиі тамашалайтын орнына айналды.
Негізінен, 1962 жылы теңіз тартылған тұста Арал теңіз порты жабылып, оның орнына спорт кешені мен алаң тұрғызылып, көгалдандырылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған. Кейін жойылып бара жатқан кемелерді осы орынға қойып, мұражайдың ауқымын кеңейте түскен. Балықшылар мұражайы ретінде қайта жаңартылған орынға жеткізілген кемелердің әрбірінің тарихы да кеңінен түсіндірілген. Мұражайға қойылған әрбір кеменің сыртына капитандарының аты-жөні жазылған.
Музей экспозициясы Арал теңізінің алғашқы пайда болуы, зерттеушілердің тағылымды тұжырымдамаларына негізделген. Соның ішінде ашық аспан астындағы мұражайда көптеген құнды жәдігер сақтаулы.
«Негізінен, «Балықшылар» мұражайы ХІХ ғасырдағы орыс архитектурасы үлгісінде салынған орыс көпесінің үйі. Бұл Қазан төңкерісінен соң балық тресіне берілген. 2012 жылы Арал ауданы әкімінің шешімімен «Балықшылар» музейі болып қайта құрылды. Музейде «Балықшылар», «Кемелер» залы және ашық аспан астындағы музей көрмесі ұйымдастырылған», – деп таныстырды бізге Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Балықшылар» музейі бөлімінің меңгерушісі Әлішер Саржанов.
Жалпы, музей қорында 4 000-нан астам құнды жәдігер жинақталған. Ашық аспан астындағы музейде 4 кеме және балық шаруашылығына пайдаланылған бұйымдар бар. Сондай-ақ В.Ленин сыйға тартқан токарлық станок, порт жағалауындағы көтерме жүк крандары орналасқан.
Теңіздің соңғы кемесі
Қазір Арал өңіріне табан тіреген қонақтар осы мұражайға бас сұғып, теңіз тарихының өткені мен бүгініне үңіліп жатады. Музейдің кең ауласында кезінде ашық теңізде жүйткіген «Лев Берг», «Төлеген Әлімбетов», «Төлеген Тоқтаров» атты кемелерді көруге болады.
Соның ішінде «Төлеген Тоқтаров» ашық теңізде ондаған жыл бойына қызмет істеген, теңіз тіршілігі тұралай бастаған сәтте «Арал балық өндірісі» бірлестігінің ең соңғы боп тоқтаған кемесі екенін көпшілік біле бермейді. Бұл кемені мұражайға қою арқылы өз құндылығын жоғалтпай, сақталып тұр.
Тарихи кеме жайында тереңінен зерттеп, зерделеген Арал ауданының тұрғыны, қаламгер Ерғали Абдулла естелігін айтып берді.









































