Шалқарда 665-ші баспана табысталды
Ұлық мереке – Құрбан айт қарсаңында «Ел үлесі пәтерге» жобасы акциясы аясында республика бойынша 665-ші баспананың кілтін Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында ауданның тұрғыны, аз қамтылған отбасы, мешіт жанашыры Саламат Нығыметовке ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков табыстады.
Үш бөлмелі пәтер ауданның Бас имамының ұйымдастыруымен және мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары мен атымтай жомарт жандардың демеушілігімен жүзеге асты.
Абзал Медетбеков үй иелерін қуанышымен құттықтап: «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды, игі амалдардың бірі. Уақыт өткен сайын аудан халқының саны артыпта келе жатыр. Аудан орталығы – Шалқар қаласы күннен күнге көркейіп келеді. Сонымен қатар, халықтың Раббысымен тығыз байланыс орнап, жамағаттың ауызбіршілігі артып келе жатыр. Соның бір айғағы – бүгін жаңа пәтерлерге қол жеткізіп отырсыздар.
Құрметті жаңа қоныс иелері! Ауданымыздағы жаңа баспаналарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз шаттық пен қуанышқа, отбасыларыңыз бақыт пен ырысқа толсын!» -деді.
Отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген ҚМДБ-ның «Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта да Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйытқы болуымен және жамағаттың қолдауымен өз жалғасын таппақ.
Ауызбіршілік танытқан шалқарлық ағайынға алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі