Ақтөбе: Тұңғыш рет облыстық «Салт-дәстүр орталығы»  ашылды 4975

Ақтөбе: Тұңғыш рет облыстық «Салт-дәстүр орталығы» ашылды

03 қараша 2025 261 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бекіткен жылдық жоспарына сәйкес облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне тұңғыш рет «Салт-дәстүр орталығы» ашылды. 

Халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын дәріптеуге арналған «Салт-дәстүр орталығының» ашылу рәсіміне арнайы елордадан ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева қатысты.

Ұлттың асыл қазынасы дәстүр мен имандылықты ұштастырып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында құрылған орталықтың лентасын сектор меңгерушісі мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов кесіп, ресми ашты.

Шара мерекелік дастархан басында жалғасын тапты. Наиб имам Нұрбол Смағұлов Құран бағыштап, елдің амандығы мен жамағаттың бірлігіне арнап дұға тіледі.

Сонымен қатар игі шара барысында қазақтың «Бесікке салу» дәстүрі орын тауып, әжелер әлди айтып, ұлттың мейірім мен ізгілікке толы тәрбиесін көрсетті. Ал жас шәкірттер күй шертті.

Сәбидің өмір жолындағы алғашқы қадамын бейнелейтін тұсаукесер дәстүрі де назардан тыс қалмады. «Қазақ дәстүрі – имандылықпен ұштасқанда ғана ұлт мәңгі жасайды» деп сәбидің тұсауын сектор меңгерушісі Динара Нұрғалиева кесіп, балаға ақ жол, ашық тағдыр тіледі.

Жамағат құрметті қонақты жылы ықыласпен қарсы алып, Ақтөбе өңірінің қонақжай халқы атынан ізгі тілегін жеткізіп, әжелер ақ батасын берді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі