7 Джумада әл-әууәл
Ақтөбе облысында жаңа мешіт ашылды (ФОТО) 4695

Ақтөбе облысында жаңа мешіт ашылды (ФОТО)

23 шілде 2025 412 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласында «Тәубе» мешіті ашылды.

Игі іс-шараға Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, облыстық мешіттіғ ұстазы Талғат Аманов, Шалқар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы, дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Құлшылық ордасының ашылу рәсімінде Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағулов ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен таныстырып, Шалқар қалалық «Тәубе» мешітінің имамы етіп Ерлан Наурызбаев тағайындалғанын жеткізді.

Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа мешітке тартуын табыстады. Ал Ақтөбе облыс бас имамы Амантай Садиевтің құттықтау сөзін дүйім жұртшылыққа жеткізіп: «Аллаға шүкір, облысымызда мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақыратын мектеп. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілейміз»- дей келе, осы мешітті халықтың игілігіне берілуіне атсалысқан 12 азаматқа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстап, «Дін жанашыры» естелік статуэткасымен марапаттады.

Мешіт ашылуына орай 6 киіз үй тігіліп, ас берілді. Одан өзге жамағат арасында қазақ күресі, қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс, қозы көтеруден спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ашылу салтанатынан кейін Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов жаңа мешітте «Тәрбие негізі – ұлттық құндылықта» тақырыбында уағызын өткізіп, намаз соңында жамағатпен бірге қол жайып, елге тыныштық тіледі.

Құлшылық пен дұға ету орны, әр жанға рухани ілім мен тәрбие беруші қасиетті мекен, халықтың дін туралы көзқарасына ықпал етуші, ағартушылық мәні бар насихат ордасы жайлы жамағат жылы лебіздерін жеткізді.

Айта кетейік, аталған құлшылық орны Ақтөбе облысы бойынша 73-мешіт. 300-ге жуық адам бір мезетте құлшылығын орындай алады. Сондай-ақ мешіт ғимаратының ішінде кіреберіс, имам бөлмесі, сынып бөлмесі, үлкен зал орналасқан және мешіт ауласы көгалдандырылған.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі