Шалқар ауданында «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсының 3 – легін аяқтаған шәкірттер марапатталды.
2023 жылдың қазан айында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанындағы қайырымдылық мекемесінде «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсы өз жұмысын бастаған болатын. Тігінші Гүлбану Ыбрайымқызының жетекшілігімен курс үздіксіз жалғасын тауып, бүгін курстың 3 – легі бойынша 14 шәкірт арнайы сертификаттармен марапатталды. Курсты тәмәмдаған шәкірттерге сертификат табыстау рәсіміне Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы Жұлдыз Тлеубай қатысып, тігін шеберханасының жұмысына ізгі лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
Игі шарада тігінші Гүлбану Ыбрайымқызы «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсын «өте жақсы» деңгейде аяқтап, үздік нәтиже көрсеткен шәкірттерге сертификаттар табыстап, келешекте осы игерген кәсіптерін әрі қарай дамытып, игі істер жасауға шақырды.
Айта кетейік, 3 айға созылған тігін курсын 14 шәкірт аяқтап, әрбір курсқа қатысушы кемінде 3 киім тігіп шықты. Атап айтсақ, алғашқы жетістіктері ретінде юбка, кофта, көйлек, шалбар, пиджак, кәжекей, жилет бұйымдарын пішіп, тігіп үйренді. Сонымен қатар, тігін курсының 4 – легіне тіркелу басталғанын естеріңізге сала кетейік.
Тігін курсын сәтті аяқтаған шәкірттер тігінші Гүлбану Ыбрайымқызына алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.