Ақтөбе облысына Жаңа Бас имам тағайындалды 3484

Ақтөбе облысына Жаңа Бас имам тағайындалды

23 тамыз 2024 945 Оқу 1 минут

Бүгін, қасиетті жұма күні ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығымен ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы болып Амантай Садиев тағайындалды. 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма намазына жиналған жамағатқа Діни басқармадан арнайы келген ҚМДБ Төрағасының кеңесшісі Дүйсенбай Кенжетай Байкемелұлы Бас мүфтидің бұйрығын оқып беріп, Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, жаңадан тағайындалған Бас имам Амантай Әбілдаұлын таныстырды.

Сонымен қатар осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының Бас имамы қызметін атқарған Серікжан Еншібайұлына ризашылығын білдірді.

Одан өзге жаңа имамның алдағы уақытта атқарар қызметіне сәттілік тіледі.

Ақтөбелік жамағат бұған дейін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы қызметін атқарған Серікжан Еншібайұлының иығына шапан жауып, алғыстарын білдірді.

«Серікжан Еншібайұлы осы жылдар ішінде Ақтөбе облыстық өкілдігінің қызметін жандандырып, облыстағы діни ахуалды жақсартуға күш салды. Діни маман тұрақтандыру, діни кадр даярлау істерін жолға қойды. Алла разы болсын. Ал, енді жаңадан келіп жатқан Бас имам да өздеріңізге бөтен емес. Ақтөбе қалалық орталық мешітінде Бас имам болып қызмет еткен. Тәжірбиелі діни маман. Қолдау білдіресіздер деп сенеміз. Алла Тағала екі имамға да жар болғай», - деп тілек білдірді муфтияттан арнайы келген Бас мүфтидің кеңесшісі.

Айта кетсек, ҚМДБ Төрағасының кеңесшісі Дүйсенбай Кенжетай Байкемелұлы «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында уағыз өткізіп, насихат айтты.

Садиев Амантай Әбілдаұлы

 Білімі: Алматы қаласы, «Нұр Мүбарак» Египет ислам университетінің, «Ақтөбе» медресе-колледжінің түлегі, Алматы Ислам институтында, Түркия елінің Маниса қаласындағы Құран курсында, Түркияның Булу қаласындағы Құран курсында оқыған. 5 тілді жетік меңгерген маман.

Қызмет жолы: Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары орталық мешітінде бас имам, Құспан молда мешітінде наиб имам, Атырау облысы бойынша өкіл имам, Оңтүстік Қазақстан облыстық мешітінде наиб имам, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы, Жамбыл облысы, Тараз қаласының бас имамы қызметтерін атқарған. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Бекет ата» мешітінің бас имамы қызметін абыроймен атқарып келді.

Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі