Ақтөбе облысы өкілдігінде қарияларға құрмет көрсетілді
1 қазан – халықаралық қарттар күніне орай Ақтөбе облысы өкілдігінде қарияларға құрмет көрсетілді.
Халықаралық қарттар күні – 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.
Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Атаулы күн аясында Ақтөбе өкілдігінде жыл сайын қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Атап айтсақ, облыстық «Нұр Ғасыр» мешінің ұйымдастыруымен қазыналы қарттарымызға дастархан жайылып, ақсақалдар алқасының мүшесі, дін жанашырына арнайы зиярат етіліп, жеміс жидек қоржыны табысталып, игі шара аудандарда жалғасын тапты.
Шалқар ауданының «Матай Қоқанұлы» атындағы аудандық мешітінің, "Бегімбет» ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай шара өтті. Аталған іс-шараға қалалық Ақсақалдар алқасының мүшелері және жергілікті дін қызметкерлері қатысты.
Шалқар ауданының Бас имамы Бақыт Абдиисламұлының бастамасымен қазыналы ақсақалдарымызға ақ дастарқан жайылып, ғасырлар бойғы «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дәстүріне сәйкес қазақы құрмет көрсетілді.
Ал қариялар күніне орай Хромтау ауданының Бас имамы Ерік Қонақбайұлының аудандық мешітінің ұйымдастыруымен аудандық "Нұр" мешітінде қарияларға құрмет жасалды.
Мұғалжар ауданына карасты Ембі каласындағы «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен ауылдағы 95 жастағы данагөй ақсақалға шапан жауып, өзге де ауылдағы ата-әжелерді мерекемен құттықтады.
Одан өзге Темір ауданының Бас имамы Қайрат Дәрменовтың ұйымдастыруымен қарттарға арналған мерекелік шара өтіп, ақсақалдарға "Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын табыстады.
Қала және аудандағы қарияларды құттықтаған шарадан кейін көнекөз қариялар имамдарға баталарын беріп, істеріне береке тіледі.
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі атынан Алла Тағаладан қарияларымызға қуат, ғұмырларына береке тілейміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі