Ақтөбе облысы имамдарының алқалы жиыны өтті
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыс Бас имамы Серікжан Еншібайұлының төрағалығымен өңір имамдарының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау жиыны өтті.
Облыстың бас имамы өткен аптада Астана қаласында өткен ҚМДБ-ның 2024 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына байланысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасында бекіткен тапсырмаларын қала, аудан имамдарына кеңінен таныстырып, нақты тапсырмалар берді. Діни басқарма биылғы жылға көптеген жаңа бастамаларды енгізген. Сондай-ақ биылғы жылды ҚМДБ «Ислам және дәстүр құндылықтары» деп атауына байланысты ізгілікті насихаттап, игілік жасау жолында дәстүрімізге басымдық беріледі. Сонымен қатар имамдар әдеттегідей бес бағыт аясында жұмыс атқаратын болады. Атап айтсақ, «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары. Бұл бағыттар қашан да діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды екені белгілі. Бас имам аталған бес бағыт бойынша жыл бойы атқарылатын жұмыстарды сапалы, тиянақты және жоспарға сәйкес жүзеге асыру қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы аясындағы ҚМДБ бекіткен айтулы шараларды ұйымдастыру айтылып, ҚМДБ бөлім тапсырмаларына аса мән беріп, уақытылы орындау тапсырылды.
Одан өзге дін қызметкерлерінің білімдерін жетілдіру курстарын ұйымдастыру мәселесіне де басымдық беру туралы да айтылды.
Жиын қортындысында 2023 жылы белсенді жұмыс атқарған имамдар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі