«Әйел денсаулығы – ұрпақ болашағы» атты семинар өтті
Ақтөбе облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Әйел денсаулығы – ұрпақ болашағы» атты семинар өтті.
Дені сау ұрпақ - мемлекет үшін ең басты байлық. Ұлт саулығы өмірде ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын әйелдердің денсаулығына тікелей байланысты екендігін атап өткен сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл», – деген хадисінде: «Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл!», – деген өсиетін қыз-келіншектердің есіне салды.
Семинар спикері М Оспанов атындағы медициналық университеті, физиология факультетінің оқытушысы, «Евразия» медициналық орталығының дәрігері, акушер-гинеколог Сағиданова Ерслу Құбайдоллақызы: «Әйел денсаулығы дегенді тереңінен түсінуіміз керек. Кішкентай қыз бала да, жасөспірім қыз да, бойжеткеннің де осы мәселеге қатысы бар, яғни әйелдің репродуктивті денсаулығын бала кезінен қолға алу керек» деді.
Әйелдер ауруларының алдын алу және денсаулығын сақтау бойынша шаралары бала кезінен бастау керек, сонымен қатар осы мәселеге жасөспірім жасында, яғни жыныстық жетілу кезінде, ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
Казіргі таңда көп отбасыдағы өзекті болған бедеулік мәселесін егжей-тегжей түсіндіріп, дер кезінде тексеріліп емдік шараларын қабылдап, салауатты өмір салтының негіздері: үйлесімді тамақтану, белсенді өмір сүру, қалыпты ұйқы және психикалық денсаулықтың ұрпақ сүюде маңызы зор екені айтылды.
Семинарға келген нәзік жандылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, дәрігер маманның берген кеңестеріне рахмет айтып, ұйымдастырушыларға разылығын білдірді.