Ақтөбе мешіттері 4 миллион 183 мың теңге қаражатқа қайырымдылық жасады
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша мешіттері ақпан айында бірқатар қайырымдылық шаралар өткізді. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» бөлімінің басатамасымен атқарылып келе жатқан маңызды іс-шара – «Жылулық сыйла» акциясы.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы бойынша «Жылулық сыйла» жобасы аясында Шалқар қаласынан салынып жатқан «Қайырымдылық мекемесіне» 780 мың теңгеге 1000 шаршы метрлік болатын АГВ аппараты алынса, 840 мың теңгеге 64 батарея мен 400 метр труба алынды. Жалпы сомма 1 миллион 620 мың теңге қаражатты құрады.
Сонымен қатар, Бозой ауылдық «Аманғали ахун Итесұлы» мешіті жанынан салынып жатқан мешіт асханасына да демеушілік жолмен 780 мың теңге 800 шаршы метрлік АГВ аппараты алынса, 48 батарея мен 230 метрлік труба 670 мың теңгені құрады. Осы мешіт асханасының жылу жүйесіне демеушілердің көмегімен жасалған қайырымдылықтың жалпы соммасы – 1 миллион 450 мың теңгені құрады.
Темір ауданы, Ақсай ауылының Қалдымұратов Батырғали есімді кәсіпкері ауыл имамының үйіне газ құбырын кіргізіп, 405 мың теңге қаражатқа жылыту қазандығын орнатып берді.
Ырғыз ауданы, Құрылыс ауылдық мешітінің жылу жүйесі 220 мың теңге қаражатқа толықтай ауыстырылды.
Хромтау аудандық «Нұр» мешіті 47 мың теңге қаражатқа 2 жетім балаға қысқы аяқ киім мен жылы жемпір алып берсе, Мұғалжар ауданы, Қандығаш қаласы, «Қадірәлі ата» мешіті 33 мың теңге қаражатқа 1 жетім баланы киіндірді. Ал Мәртөк аудандық мешіті аз қамтылған 7 отбасының балаларына 25 мың теңге киім-кешек алып берді. Темір аудандық «Досжан Ишан» мешіті 40 мың теңге қаржыға 2 отбасыға қысқы киімдерін алып берді.
Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық орталық мешіті 60 мың теңге қаражатқа 2 отбасыға 2 тонна, Ойыл аудандық мешіті 50 мың теңге қаржыға 2 тонна, Қарғалы аудандық мешіті 1 мұқтаж отбасыға 19 мың теңгеге 1 тонна, Темір аудандық «Досжан Ишан» мешіті 60 мың теңге қаржыға 2 тонна, Қобда аудандық «Шәріп Молда» мешіті 22 мың теңгеге 1 отбасыға 1 тонна, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті 112 мың теңгеге 6 тонна, Мәртөк аудандық мешіті 30 мың теңгеге 2 отбасыға 2 тонна, Байғанин аудандық мешіті 20 мың теңге қаражатқа 10 қапшық көмір үлестірді.
Осылайша ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі мешіттері ақпан айында жергілікті демеушілердің атсалысуымен «Жылулық сыйла» акциясы аясында жалпы сомасы 4 миллион 183 мың теңге қаражатқа қайырымдылық жасады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі