Ақтөбе: ҚМДБ концептуалды құжаттары табысталды 569

Ақтөбе: ҚМДБ концептуалды құжаттары табысталды

09 наурыз 2021 214 Оқу 1 минут

Елімізде Муфтият бастамасымен Республикалық имамдар форумын өткізу дәстүрге айналды. Бұған дейін 4 рет өткізілген имамдар форумында 11 құжат қабылданды. Олар муфтият жұмысы мен имамдардың қызметін жетілдіруге және жамағат арасында ислам құндылықтары бен ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған концептуалды құжаттар болып табылады. Олар «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», ҚМДБ қызметкерінің этикасы, «Жеті рухани қазық»: «Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», «ҚМДБ атқаратын қызметтер», «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярата мәдениеті», «Зияткер имам тұжырымдамасы».

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш құжаттармен әуелі имамдар танысып, кейін жамағатқа таныстыруды тапсырған болатын.

Осыған орай, әрбір имамға қолайлы болу үшін осы құжаттардың қазақ-орыс тілдеріндегі топтамасы муфтият бастамасымен «ҚМДБ концептуалды құжаттары» атты кітап болып шығарылды. Осы кітапты Ақтөбе облысына оқыту семинарына келген ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы дәріс барысында имамдарға таныстырып, аталмыш құжаттар бойынша халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін тілге тиек етті. Өз кезегінде Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан болашақ діни кадр даярлайтын «Ақтөбе» медресе-колледжіне құжаттың 30 данасын табыстап, 3 курста оқитын студенттерге факультативтік пән ретінде оқытуды медресе басшылығына тапсырды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі