Ақтөбе: ҚМДБ 30 жылдық мерейтойына құдық қазылды 221

Ақтөбе: ҚМДБ 30 жылдық мерейтойына құдық қазылды

13 қазан 2020 201 Оқу 1 минут

«Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген іс-шара ұйымдастырылуда. Солардың бірі ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «30 құдық қазу» Республикалық қайырымдылық жобасы жүзеге асып келеді.

Мүфти хазреттің игі бастамасына үн қосу мақсатында, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты Шалқар ауданы, «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешіті жанынан қазан айының 5-і күні жергілікті жамағаттың демеушілігімен жалпы соммасы 200 000 (екі жүз мың) теңге көлеміндегі қаражатқа құдық қазылды. Бұл шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан «30 игі шара» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Құдықтың тереңдігі 20 метр болып қазылып, ол құдықтан шыққан су тұщы болып шықты.

Мешіт жанынан жергілікті әкімдік тарапынан қосымша 1000 шаршы метр жер қосып алынды. Құжаттары рәсімделіп, алдағы уақытта осы аумаққа көгалдандыру мақсатында жеміс ағаштары егілмек.

Шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен жанның шексіз сауаптар алатыны жайлы хадистерде баяндалады. Пайдасы мол сауапты іске атсалысып, жомарттық жасаған қайырымды азаматтарға алғыс айта отырып, істеріне Алланың берекетін тілейміз.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі