АҚТӨБЕ: Ғұламалар кеңесінің мүшесі 3 күндік семинар өткізді 572

АҚТӨБЕ: Ғұламалар кеңесінің мүшесі 3 күндік семинар өткізді

11 наурыз 2021 326 Оқу 1 минут

Бас мүфти бекіткен жоспарға сай, ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай қажы Құрбанұлы Ақтөбеде 3 күндік сапарда болып, түрлі кездесулер өткізді. Ақтөбе облыстық өкілдігі ұйымдастырған іс-сапардың күн тәртібінде оқыту семинарлары, уағыз-насихат пен түсіндіру жұмыстары және жамағаттың күрделі сауалдарына жауап беру де қамтылды. 

Медресе шәкірттеріне дәріс оқыды

Бөлім басшысы С.Шоқанов алғашқы дәрісін «Ақтөбе» медресе колледжінің шәкірттерінен бастады. Биылғы басымдық берілетін бағыттардың бірі – «Ихсан ілімі – Рухани тәрбие» аясында «Діни мәтіндерді дұрыс қолдану» атты оқыту семинарын өткізді. Таң сәріден кешке дейін жалғасқан дәрісте РАНТ мүшесі Сансызбай қажы Шоқанов болашақ дін мамандарына қазіргі таңда шариғат мәтіндерін ойыншық етіп, оны онды-солды өз қалауына пайдаланып жүргендердің қателіктерінің негізгі себептерін баяндай келе, Құран мен сүннеттен үкім шығару жолдары мен ғалымдардың құқық негіздері (усул әл-фиқһ) пәні бойынша жазылған қағидалар жиынтығын егжей-тегжейлі түсіндірді. Шәкірттер өздерінің көкейде жүрген сан-алуан сауалдарын ғалым ұстазға қойып, үкім шығару мен пәтуа берудің өте нәзік мәселе екенін ұғынды.

Жамағатқа насихат айтты

Екінті намазынан кейін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде жамағат алдына шығып, үгіт-насихат жүргізді. Кездесуде пәтуа мен ижтиһадтың айырмашылығына тоқталып, көпшілікті мазалаған сұрақтарға тұшымды жауап берілді. Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде Ережеп айының құрметіне жайылған дастархан басында Сансызбай ұстаз Құрбанұлы жергілікті жамағатты ауызбіршілікке үндеп, бірлік пен ынтымаққа уағыздады.

ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің жұмысымен таныстырып, үкім шығарудағы діни басқарманың жауапкершілігін айтып, пәтуа сұрауда тек мешіт имамдарына жүгінуге шақырды. Халқымызды тура жолдан адастырып, ел ішінде ылаң салған діни топтар туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, діни білім алған жағдайда ҚМДБ ұстаздарын бөліп жармай, барлығына бірдей қарауға шақырды.

Бас мүфти сәлемін жеткізді

Ақтөбеліктер үшін 5 наурыз ерекше күн болды. Жасыл аймақтағы Ақтөбе мешіттерінде араға жыл салып, жұма намазын оқу үшін жергілікті жамағат Алла үйіне жиналды. Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен жұма намазына Сансызбай қажы Шоқанов қатысып, жамағатқа қасиетті айлар мен күндердің дініміздегі маңыздылығы жайлы насихат айтты. Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің жүрек жарды лебізі мен ыстық ықыласын жеткізді. Намаз соңында Алладан еліміздің тыныштығын сұрап, халқымызды індеттен арылтуын тіледі.

Бас мүфтидің марапатын табыстады

ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің жұмысы – биылғы басымдық берілетін жеті бағыттың бірі. Аталмыш бағыт аясында Ақтөбе өкілдігіне қарасты теріс ағымдағыларды оңалту және оның алдын алу бойынша білікті де білімді мамандар қызмет етіп келеді. Өткен жылы нәтижелі жұмыс жасап, діни оңалтуда белсенділік танытқан Ақтөбелік имам-ұстаздарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан берілген алғыс хатты Сансызбай қажы Құрбанұлы арнайы табыстады. Жат ағымның алдын алу бағытындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.

Аудан жамағатын қабылдады 

Жыл өткен сайын Муфтиятқа қарасты Пәтуа бөлімінің маңыздылығы артып, жамағат арасында діни басқарма пәтуаларына жүгінушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің тынымсыз атқарып келе жатқан еңбегінің жемісі.

Бөлім басшысы С.Шоқанов осы сапар барысында Шалқар және Мұғалжар аудандарының жамағаттарын жеке қабылдап, оларды толғандырған сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар діни басқарманың сан-салалы қызметіне тоқталып, муфтият әзірлеген пәтуалармен таныстырды.

Имамдарға оқыту семинарын өткізді

Жергілікті имамдардан құралған дін қызметкерлеріне 3 тақырыпта оқыту семинарын өткізді. Әуелі «Ихсан ілімі – Рухани тәрбие» бағытында «Діни мәтіндерді дұрыс қолдану» атты дәрісінде имамдарға фиқһ (ислам құқығы) және усул әл-фиқһ (құқық негіздері) қағидаларын мәзһабтар арасында дәлелдермен салыстыра отырып, негізгі қайнар көз болған Құран мен сүннеттен үкім шығару жолдарын баяндады. Сондай-ақ, еліміздегі мұсылмандарды бөлінушілікке итермелеп жүрген кейбір адасушы топтардың алдын алуға қатысты нақты күресу әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Оқыту семинарының бір бөлігінде IV Республикалық имамдар форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және Зиярат мәдениеті» және «Зияткер имам тұжырымдамасы» атты құжаттарды таныстырып, алдағы уақытта халыққа насихат жасау барысында аталмыш құжаттар аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Сонымен қатар ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар мен мәлімдемелерде түсіндіру үшін «Пәтуа берудің маңыздылығы мен жауапкершілігі» атты муфтият пәтуаларын таныстыруға арналған оқыту семинарын өткізді. Қоғамдағы ажырасудың жиілегенін айтып, неке және талақ төңірегінде сөз қозғады. Отбасы құндылықтарын ұстануда ерлі-зайыптылардың төзімсіздігін қынжылыспен жеткізіп, мешіттерде ажырасудың алдын алу бойынша дәрістер жүргізу үшін бірқатар нұсқаулықтар берді.

Сансызбай қажы Шоқанов дін қызметкерлеріне діни мәселеде үкім шығарып, пәтуа беруде өте сақ болып, шешімі күрделі мәселелерді бірден ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөліміне жолдау керектігін ескертті. Осылайша бір күнге жалғасқан оқыту семинарында Ақтөбелік имам-молдалар дін ғалымына сұрақтарын қойып, ғылыми мәселелерде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Халал сертификатын табыстады

ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы жауапты маманы Ж.Әбдісаламовтың нәтижелі жұмысының арқасында жергілікті «Bake» донер орталығы тексерістен өтіп, өнімнің шариғат талабына сай дайындалатыны нақтыланды. Қасиетті жұма күні жамағат алдында Сансызбай қажы Құрбанұлы донер орталығының басшысына «Халал» серификатын табыстап, адал кәсібіне береке тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысындағы халал сертификатына сай халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан мекемелердің саны – 20 дан асты.

Институт куәліктері табысталды

Алматы қаласындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты жыл сайын қаншама имамдардың діни білімін жетілдіруге мүмкіндік беріп келеді. Ақтөбе өкілдігі жергілікті имам-молдалардың діни білімін жетілдіру үшін аталмыш институтпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Биыл қаңтар айында Ақтөбелік 10 имам-молда 1 айлық онлайн курста діни білімдерін шыңдады. Ислам институтын сәтті аяқтаған Ақтөбе имамдарына РАНТ мүшесі Санызбай Құрбанұлы институттың арнайы куәліктерін табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Шариғат және Пәтуа» бөлімінің басшысы Сансызбай қажы Шоқановтың Ақтөбе облысына жасаған үш күндік сапары нәтижелі болды. Ақтөбе өкілдігі пайдалы насихаттарға толы келелі кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндік берген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс білдіреді.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

Баспасөз қызметі