Ақтөбе өкілдігі медресе-колледж шәкірттеріне ауызашар берді
Ақтөбе облысында рухани-ағартушылық бағыттағы игі шаралар жалғасын табуда. Осы ретте «Ақтөбе» медресе-колледжі шәкірттеріне облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті атынан арнайы ауызашар дастарханы жайылды.
Тағылымды кешке облыстық мешіттің наиб имамдары Мәжит Әбішев пен Жексенбай Торбаев , ұстаз Талғат Аманов, сондай-ақ медресе-колледж директоры Ерік Сұлтанов қатысып, шәкірттерге жүрекке жетерлік уағыз-насихат айтты.
Кездесу барысында білім алудың маңыздылығы, ілім жолындағы сабыр мен табандылық, шәкірттің ұстаз алдындағы әдебі сынды маңызды тақырыптар қозғалды. Дін қызметкерлері білімнің адам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, әрбір шәкіртті алған ілімін амалмен ұштастыруға шақырды. Сонымен қатар, ілім іздеудің сауапты іс екені, оған жұмсалған әрбір уақыттың қадірлі екені хадистермен баяндалды.
Шара соңында жиналған жамағат ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасап, шәкірттердің болашағына ізгі тілектер білдірді. Осындай рухани кештер жастардың имандылығын арттырып, білімге деген құштарлығын нығайтуға үлкен серпін беретіні сөзсіз.















































