Имам қарттармен тағылымды кездесу өткізді 6260

Имам қарттармен тағылымды кездесу өткізді

07 сәуір 2026 14 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ның биылғы негізгі бағыттарының бірі – «Дәстүр және отбасы» бағыты аясында «Әл-Ләтиф» мешітінің бас имамы Рүстембек Аманғосұлы қарттар үйіне арнайы барып, ондағы қарттармен тағылымды кездесу өткізді.

Кездесу барысында бас имам «Мейірімділік пен кешірімділік» тақырыбында мазмұнды насихат айтып, ислам дініндегі адамгершілік құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы қадірлеу, кешірімді болу секілді асыл қасиеттердің қоғамдағы орны ерекше екені кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар, қарттардың көңілін көтеріп, рухани демеу мақсатында «Төртеу түгел болса» кітабы сыйға тартылып, «Иман» журналы таныстырылды.

Бас имам журнал мазмұнын тарқатып, ондағы тәрбиелік мәні жоғары мақалалар мен діни танымдық дүниелер туралы кеңінен баяндап берді. «Иман» журналын кітапханаға табыстады7

Кездесу барысында қариялар да өз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Еркін форматта өткен сұхбатта олар өздерін толғандырған діни сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Іс-шара соңында қарттардың өтінішімен дүниеден өткен ата-бабалар мен марқұмдарға Құран бағышталып, арнайы дұға жасалды.

Жиналған жұрт ел амандығын, бірлігін тілеп, игі шара жоғары деңгейде қорытындыланды.