Ақтөбе өкілдігі киелі жерлерге зиярат етті 1049

Ақтөбе өкілдігі киелі жерлерге зиярат етті

01 мамыр 2023 240 Оқу 1 минут

Отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында құрылған ҚМДБ-ның «Darhan Dala» жобасы аясында Ақтөбе өкілдігі киелі жерлерге зиярат етіп, тарихы терең Темір қаласындағы мешіт пен Темір ауданындағы Шұбарқұдық елдімекеніне жақын жердегі қасиетті ата-баба қорымына барып, Қоңыр Қашақ баласы Досжан Хазіреттің басында Құран оқыды. 

Киелі жерлерге зиярат етуге облыстың Бас имамы мен қала және аудан имамдары қатысты.

Темір қалалық мешіті мен Темір ауданындағы Досжан хазіретке зиярат ету барысында бұрынғы медресе орнымен танысып, бұлақ басынан су ішіп, арнайы келген қонақтарға жаңадан салынған қонақүйдің ішкі-сыртқы күйіне шолу жасады.

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы сапар барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ихсан іліміне айрықша көңіл бөлініп жатқандығы айтылып, ата-бабамыздың ғасырлар бойы осы ұстанып келген рухани тәрбие жолы екенін тілге тиек етті.

«Хазірет Дос­жан ишан Қашақұлы (1815-1890) – діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі – Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке деп көп айтылып, солай тарап кеткен. XIX ғасырда қазақтардың Мекке-Мәдина шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған. Бұдан біз Досжан Хазіреттің Ихсан ілімін ұстанғандығын аңғарамыз. Ақтөбе бұл ілімнің қазақ даласындағы қайнар көзінің бірі десек, қате айтпаймыз»- деді облыстың Бас имамы.

Қазіргі таңда Темір ауданында Досжан Хазірет мемориалдық кешенінің құрылысы жүргізілуде

Сонымен қатар Серікжан Еншібайұлы ҚМДБ тарапынан жақында ғана қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарының маңыздылығына тоқталды.

Ал Темір мешіті ХХ ғасырдың басында салынған төртбұрышты (10х22 м), екі қабатты құрылыс болып табылады. Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласында орналасқан.

Мешітті Ақтөбе облысы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін паспорттау мақсатында ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғалиев) зерттеген. М.Кемешовтың «Тарихы терең Темір» атты кітабында Темір мешіті туралы деректер бар.

Мешіт 1905 жылы Орынборлық көпес Мәжит Батқұлұлының қаржылық көмегімен Темір қаласында бой көтереді. Деректерге сүйенсек, діни сауатты имандылықты уағыздаушы Ахмет халфе мешітке ие болып қызмет етеді.

Ахмет Қазан, Уфа медресесін тәмамдап, халфе атанған, діни білімі жоғары адам болған. Темір қаласының өркендеуіне, заманның қиыншылығына қарамай діннің халық арасына жайылуына, қадір-қасиетінің өсуіне осы сауатты жанның көп әсері болып, халық арасында Ахмет халфе атанды. 1926 жылы Уфада өткен мұсылмандар съезінің делегаты болды. Ахмет халфеге Батыс Алашорда үкіметі діни басқармасының төрағасы болған Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқайдың досы Сағидолла Ізтілеуовпен бірге халық арасында дінді насихаттадың деген айып тағылады. 1937 жылы ату жазасына кесіледі.

«Дін қызметкерлерінің Ақтөбе өлкесіндегі тарихына қызығушылық танытуы, оны білуі – өте қажет дүние. Себебі, осы топырақта Ислам діні кеңінен насихатталды. Имамдарымыз дін мен дәстүрді, дін мен тарихты, дін мен шежірені қатар алып жүрсе, кейінгі ұрпақ жат ағым жетегінде кетпейді» - дейді Облыстың Бас имамы.

Игі бастама Ақтөбе өкілдігінде алдағы уақытта жалғасын табады.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі