Ақтөбе имамы Жамбыл имамдарымен тәжірибе алмасты (ФОТО) 2904

Ақтөбе имамы Жамбыл имамдарымен тәжірибе алмасты (ФОТО)

01 қыркүйек 2023 272 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, ҚМДБ «Жат ағымдардан сақтандыру» бағытының биылғы жылғы атқаратын жұмыс жоспарына сәйкес, республика көлемінде діни қызметкерлер арасында өзара тәжірибе алмасу арқылы насихат жұмыстарының қарқынын күшейтіп, имамдардың біліктілігін арттыру ісі күн тәртібіне қойылған болатын. Сондай-ақ облыстар арасында өзара маман алмасу арқылы теріс ағым өкілдері көп шоғырланған мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу жоспары бекітілді.

Осыған орай, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Смағұлов Нұрбол Берікболұлы Жамбыл облысына 15 күндік тәжірибе алмасу іс-сапарына барды.

Тараз қаласынан бастау алған сапар барысы 3 күн қатарынан «Әзіреті Әли», «Наметбай», «Шейх Зуннун» мешіттерінің жамағаттарымен кездесіп, бесін, ақшам және құптан намаздары уақытында жергілікті жамағатқа бірлік, сәлемдесу, сүннеттің маңыздылығы, бидғат, мәзһаб түсінігі секілді тақырыптарда насихат жұмыстары жүргізілді.

Іс-сапар Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданы имамдарына семинар өткізумен жалғасты. Аудан имамдарының басын қосқан семинарда наиб имам жергілікті имамдардың ислам дінін насихаттау жолындағы жамағатпен қарым-қатынасы, іс-шараларды ұйымдастырудағы жан-жақтылығы, жат ағымның алдын алу бойынша жұмыстарымен танысып, Ақтөбе облысы имамдарының жұмыс жасау тәртібі мен деструктивті діни ағымдағы азаматтармен жұмыс жасаудың бірнеше жылдық әдіс-тәсілдерімен және іс-тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар Нұрбол Смағұлов Шу ауданы, Қордай ауданы және Жамбыл ауданы имамдарына семинар өткізіп, діни қызметтегі, соның ішінде жат ағымдармен жұмыс жүргізудің әртүрлі тәжірибелерімен бөлісіп, ислам насихаты жолында Жамбыл имамдарынан үйренетін көптеген тұстарының бар екенін жеткізді.

Жамбыл ауданы, Аса ауылдық мешітінде жұма намазын өткізіп, «Жат ағым жарға жығады» атты тақырыпта жұма уағызын жүргізді.

Жамбыл облысына қарасты аталған аудандарда орналасқан аудандық және ауылдық мешіттерде таң, бесін, ақшам және құптан намазы уақыттарында жамағатпен кездесіп, қоғамда түйткілді болған діни мәселелерді қозғап, қоғам бірлігі, алауыздық пен жікке бөлінудің алдын алатын тұшымды әрі пайдалы насихаттар жүргізді.

Жамбылдық діни қызметкерлер мен жамағат Ақтөбеден келген наиб имамға жоғары деңгейде қонақжайлылық танытты.

2 апталық іс-сапардың соңында наиб имам Жібек жолы бойында орналасқан Керуенсарайлардың қаласы Тараз халқы мен имамдарына ерекше алғысын айтып, қызметтеріне сәттілік пен береке тіледі.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі