Ақтөбе: «Қасиетті Рамазан айының басталуы» атты брифинг өтті 1464

Ақтөбе: «Қасиетті Рамазан айының басталуы» атты брифинг өтті

28 наурыз 2022 148 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Қасиетті Рамазан айының басталуы» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Облыстың Бас имамы ақтөбеліктер мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.

«Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық! Жаратушы Жаббар иеміз баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін! Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып, жақсылықта жарысайық!

Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. Биыл ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні, биыл пітір садақасы 500 теңге болып белгіленді», -деді Серікжан Еншібайұлы.

Одан өзге ұстаз Махамбет Бисенов орыс тілінде Рамазан айының құндылығына тоқталып, Бас имам ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Рамазан –2022» мобилді қосымшасы іске қосылғандығы туралы жаңалықты айтты.

Брифинг соңында БАҚ өкілдеріне Рамазан кестесі мен «Оразаға арналған 150 сұрақ» кітабы табысталды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі