ТАБИҒИН ТӘУБЕСІ 290

ТАБИҒИН ТӘУБЕСІ

28 қазан 2020 163 Оқу 1 минут

Сіз жөні бөлек оқиғаға куә боласыз. Ол ғалым ілім жолына басынан ауыр сынақтар өткеріп барып түсті. Бұл табиғиндердің бесінші сатысына жататын Малик бин Динардың өмірінен үзінді. Ол – Әнас бин Маликтен риуаят естіген табиғин.

Малик бин Динар дін ілімі жолына бала күнінен түскен жоқ. Бастапқыда қала күзетшісі болатын. Оның ғылым жолына түскені жайлы мынадай қисса бар. Оны өз аузынан естіген жөн:

«Мен Қала күзетшісі болатынмын. Арақ-шарапқа салынған адам едім. Күң сатып алып, оған үйлендім. Әйелім маған қыз туып берді. Қызымды жанымнан артық жақсы көрдім. Күн сайын қызымның бала қылығына тоймайтынмын. Үйге келсем болды, ермегім – қызым. Үйде шарап ішейін десем, қызым кішкентай қолдарымен ішпе деп түртетін. Осылайша, қызым нені жақсы көрсе, соны істейтін болдым. Екі жасқа толғанда, Алланың тағдырымен, қызым шетінеп кетті. Қызымның қайтыс болуы маған ауыр соққы боп тиді. Ұмытып кеткен шарапқа қайта салына бастадым. Шағбан айының ортасы болатын. Жұманың кеші. Шарап ішіп отырып ұйықтап кеткен екенмін. Түс көріп жатырмын. Түсімде қиямет күні бопты. Сүр үрленіп, барша тіршілік қабірден қайта тіріліп жатыр. Кенет артымнан бір ысылдаған дауыс естідім. Бұрылып қарасам, маған қарай аузын ашып үлкен айдаһар жер бауырлап өрмелеп келе жатты. Қатты қорқып, қаша жөнелдім. Жол бойында бір қарт кісіні көріп, «Айдаһардан құтқар!» деп жәрдем сұрадым. Ол болса: «Мен бар болғаны қарт кісімін, оған шамам жетпейді. Алайда, сен бар күшіңмен қаш. Мүмкін, Құдай сені құтқарар», - деді. Мен тағы қаша жөнелдім. Жоталардың біріне шығып, тозақтардың үстінен бір-ақ шықтым. Айдаһардан қорыққанымнан сол отқа өзімді лақтыруға дайын тұрдым. Бір уақытта: «Кері қайт, сен тозаққа түсетіндерден емессің», - деген дауыс естідім. Көңілім ол дауыстан тынышталғандай боп кері қайттым. Айдаһар да ізімнен қумай тұрып қалды. Мен қайтадан қартқа барып: «Мені анау айдаһардан құтқар деп өтіндім, құтқармадың», - деп едім. Ол жылап: «Менің дәрменім жоқ. Мынау таудың арғы жағында мұсылмандардың аманаттары бар. Егер сенің аманатың болса, ол жерде саған жәрдем береді», - деді. Тау пішіні домалақ тәрізді, күмістен екен. Онда үйшіктер, ал үйшіктердің керегесі алтыннан, жан-жағы жақұт және інжуден өрілген екен. Әрбір кереге жібек пердемен жабылған. Мен лезде тауға қарай қаштым, есіктерге жақындаған уақытта періштелер: «Пердені көтеріңдер, мүмкін мынау бейшараның аманаты бар шығар, сол аманаты дұшпанынан құтқарады», - деп айқайлады. Перделердің арғы жағынан дидарлары айдай нұрлы сәбилерді көрдім.

Сол сәбилердің арасынан менің қызым шыға келді. Қызым жылап: «Әкешім», - деп қолын созып менің қолымнан ұстады да, екінші қолымен айдаһарды қуып жіберді. Қызым менің тіземе отырып: «Әке! «Иман келтіргендерге Алланың сөзі Құранды еске алғанда бойұсына берілуінің уақыты келмеді ме?...[1]», - деген аятты оқыды. Мен көзіме жас алып: «Қызым! Сендер Құран білесіңдер ме?», - дедім. Ол: «Иә, әкетай! Біз сіздерден қарағанда Құранды жақсы білеміз», - деді. Мен: «Онда мені жұтып жібере жаздаған Айдаһар жайлы айтып берші», - дедім. «Ол – сенің өз іс-әрекетіңмен үлкейтіп алған жаман амалың. Сені тозақ отына итеріп жібермекші болды», - деді қызым сонда. «Ал жол үстінде кездескен қарт кісі кім?». - «Ол сенің ізгі амалың, ешбір жақсылық жасамағандықтан, ол әлсіз, дәрменсіз боп қалған», - деді. «Ал, мынау тауда не істеп жүрсіңдер?». Қызым: «Біз – мұсылмандардың сәбилеріміз. Мұнда қиямет күніне дейін мекен етеміз. Сіздерді күтеміз, сіздер келгенде шапағатшы боламыз», - деді. Мен түсімнен шошып ояндым. Тұрған бойда арақ-шарапты түгел төгіп тастадым және шарап құйылған ыдыстарды сындырдым. Сол күннен бастап, тәубеге келдім», - деп табиғин сөзін тәмамдаған екен.

Малик бин Динар замандастарынан тақуалығымен ерекшеленетін ғалым еді. Ол Құраннан тозақ және қиямет аяттарын оқыған сәтте қорыққандығы соншалық тұла бойын үрей билеп, есін білмей талып қалатын. Қарапайым тұрмыс кешті. Дүниемен ісі болмады. Ең тақуа достарының өзі оның өмір салтына таң қалып қарайтын. Тіпті, бір күні түнде үйіне ұры түсіп қолына іліп алар ешнәрсе таппай қалады. Сонда Малик оны байқап тұрып: «Не болды, ешбір зат жоқ па? Ақыреттің бір иелігін қалайсың ба?», - депті. Бейшара ұры сасқаннан көне кетеді. Сонда ғұлама: «Дәрет ал, екі ракағат намаз оқы», - дейді. Ұры намаз оқып боп, кейін мешітке қарай шығады. Жұрт «бұл кім?» деп сұрағанда, ғалым: «Бір нәрсе ұрламақ боп келген екен, оны біз ұрлап жібердік», - деп жаман ниетпен келген ұрыны жақсы жолға салғанын айтқан екен.

Умауи халифаларының әміршісі Мухаллаб бин Әбу Суфра Малик бин Динардың жанынан тәкаппарланып өте шығады. Сонда ғұлама оған: «Мына жүрісіңді Алла Тағала жақтырмайтынын білмеуші ме едің?», - дейді. Сонда әмірші Мухаллаб: «Менің кім екенімді білмейсің бе?», - дейді. Ғалым: «Керісінше, жақсы білемін. Сенің алғашқы қалпың – болмашы тамшы су, ең соңындағы бейнең – сасыған өлексе. Ал, сол екеуінің арасында боқ көтерген қапсың», - дейді. Тақуа ғұламаның бұл сөздері әміршінің жүрегіне барып дөп тиеді де, есін жиып: «Міне, менің нағыз бейнемді айттың», - деп мойындаған екен.

Малик бин Динар: «Егер дүние алтыннан болса да, пәни, өткінші. Ал ақырет балшықтан болса да, мәңгі. Сондықтан ақылды адам жоқ боп кететін алтынды емес, мәңгі тұратын балшықты таңдауы керек. Алайда, мәңгі болатын алтын ақырет және балшық болған дүние тұрғанда қалай болмақ?», - деп ой салатын сөз айтқан екен.

Мұса ЕРБАТЫР,

арнайыnurgasyr.kz үшін

 


[1] Хадид сүресі, 16-аят