Сіз, қайырымдылықтың қайырын көргіңіз келе ме? 497

Сіз, қайырымдылықтың қайырын көргіңіз келе ме?

02 ақпан 2021 3114 Оқу 1 минут

Бұл Мысыр елінде болған оқиға. Ел ағасы жасына келген дәулетті кісі жүрегіне ем іздеп еуропаға аттаныпты. Науқастың жүрегін тексерген тәжірибелі кардиолог: Жағдай өте нашар, жүрегіңізге жедел түрде ота жасау қажет. Бірақ, айтқанымдай, ота сәтті шығуы елуде-елу, - депті. Өмірді көпті көрген кісі: Жарайды, ота жасаңыз. Бірақ, берешек аманатым бар. Елге барып бала-шағаммен, ағайын-туыспен, жора-жолдаспен қоштасып, бақұлдасып келейін, - дейді. Дегеніңіз болсын, бірақ кешікпеңіз. Сіздің уақытыңыз өте аз, - деп дәрігер шығарып салады.

Мысырға лезде ұшып келеді. Бала-шағасын жинап, бұдан кейін қайта қауышуымыз бір Алланың қалауында, деп барлығын сабырға шақырады. Дос-жарандарын бір-бірлеп аралап, кешірім сұрап, қоштасқандай болды. Кезек базарда жұмыс істейтін досына да жетті. Досының кеңсесінде шай ішіп отырып, бір мезет қарсы тараптағы қасапханаға көзі түсіпті. Өзімен шамалас әйел кісі жерде жатқан сүйектер мен жарамсыз еттерді дорбасына жинап жатыр екен. Әлгі кісі, әйелдің жанына қалай барып қалғанын өзі де сезбей қалады. Ау, замандас! Мұныңыз не? Не істеп тұрсыз?, - дегені сол-ақ екен жоқшылық еңсесін түсіріп тастаған бейшара әйел: Айналайын, бауырым-ай! Бес бірдей қыз асырап отырмын. Қыздарым қара су, қара нанмен күнелтіп келеді. Әбден, жүдеп бітті. Тым құрығанда, еттің иісі шығатын сорпа ішсе екен деп сүйек пен шандыр қалдықтарын қайнатып беру үшін алып жатырмын, - деп егіліп жылап қоя беріпті. Ағайынымен қоштасуға келген кісі қасапшыға: Әр апта сайын бұл әйелге жас малдың етінен салып беріп тұратын бол, - деп тапсырды. Бұдан былай осы жерден қалағаныңызша ет алып тұрыңыз, - деп әйелдің қолына бір жылдық еттің ақшасын ұстатыпты. Тұрмыс тауқыметін әбден тартқан мұқтаж ана бар тілегін жаудырып қала беріпті.

Болған жайт жайлы кейіпкеріміз былай дейді: Осы сәтте, тұла бойымда бір күш пайда болды. Ауруым біршама жеңілдегенін сездім. Үйге қайтып келе жатып, іштей бір бақытты күйге түстім. Үй босағасын аттағанымда қызым қарсы алып: Әкешім, бүгін жүзіңізді нұрлы. Көңіл-күйіңіз әрдайым осылай көтеріңді боп жүре екен. Аллам жүзіңізден күлкі айырмасын, - деп жатты. Мен үйге кірген бойда қызыма бейшара әйелдің оқиғасын әңгімелеп бердім. Қызым: Әке! Шын көңілден жасаған жақсылығыңызды қарымына Алла Тағала дертіңізге шипа бергей, - деп ақжарма тілегін жаудырды.

Межелі уақыт та таяп келеді. Қайта жолға шықтым. Ұшақ мені елімнен алыстатып әкетіп қалды. Әуежайдан тура ауруханаға тарттым. Екінші тексеру басталды. Нәтижесін палатада күтіп жатқанмын. Парақтарды көтеріп дәрігер ашулы күйде кіріп келді.

-Қайда ем қабылдадыңыз?!, - деді төтесінен дәрігер.

-Түсінбедім, не айтып тұрсың?, - дедім.

-Қай ауруханада ем қабылдадыңыз?, - деді.

-Ешбір аурухана барған жоқпын. Бала-шағаммен қоштасуға бардым да, сол бойы кері қайттым, - дедім ақталғандай боп әлі де ешнәрсе түсінбей.

-Жүрегіңізде ешбір дерт жоқ. Сап-сау, - деді.

-Дәрігер, жөндеп түсіндіріп айтыңызшы, не деп тұрсыз, - деді науқас.

-Жүрегіңіз сап-сау, ешбір дерт жоқ. Немесе сіз мүлде басқа адамсыз не бір ауруханада сәтті емделгенсіз. Яки болмаса сізбен бір керемет болған. Қандай ем қабылдадыңыз?, - деді.

-Ешбір ем қабылдаған жоқпын, - деп өзім де таң қалдым деп әңгімесін аяқтады.

Иә, дерт беріп сынаушы да, шипа беріп, аурудан құлан-таза айықтырушы да – Алла. Бақара сүресінің 110 аятында Алла Тағала: «...Өздерің үшін бір жақсылық жолдап ұсынсаңдар, оны Алланың құзырынан табасыңдар...», - деген. Адам жасаған жақсылығы өзіне әлденеше еселеп қайтатынын Құран уәде етуде. Ал, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім осы дүниеде адамдардың мұқтаждықтарын өтесе, Алла Тағала оның дүние және ақыреттегі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді», - деген екен. Иә, біздің барлық көкейіміздегі дерттің дауасы Оның құзырында. Сондықтан, қолыңыздан келетін ұсақ-түйек жақсылықты жасаудан ешуақытта шегінбеңіз. Мейлінше, адамдарға көмек қолын созуды әдетке айналдырыңыз. Міне, сонда қиын-қыстау шақта ойламаған жерден Жаратқанның жәрдемі сізге міндетті түрде келеді.


«Нұр Ғасыр» мешіті