Шейх, бізге дәлел керек! 385

Шейх, бізге дәлел керек!

04 желтоқсан 2020 838 Оқу 1 минут

Уаһабилік – тұтастай Ислам әлеміне залалын тигізген ағым. Аталмыш жат ағымның идеологиясына уланған адам тек өзін ғана мұсылман есептейді. Қалғандары Құран мен хадиске сай емес деп иланады. Міне, бұл дерттің басты белгілері болып табылады. Бірде Марокко ғалымы Сағид Камали өзінің ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп жатқан кезде болған оқиғаны баяндайды. Шейх Камали Мәлики мазһабының солтүстік Африкадағы белді ғалымдарының бірі. Африка құрлығында Мәлики мектебін насихаттаушы ғұлама. Уаһабилер өздерін бүгінгі таңда салафиміз деп атайды. Міне, сондай жастардың бірі фиқһ дәрісін өтіп жатқан ғалымға қарсы шығып:

Шейх! Бізге жай фиқһ айтпаңыз. Мәлики мазһабы яки пәлен мазһаб дей бермей, әр сөзіңізді нақты дәлелмен сөйлеңіз. Біз дәлелмен жүреміз, - депті. Шейх Камали:

Жарайды. Сенен бір жайтты сұрайын. Ол дәлел тек саған қатысты ма? Басқа мұсылман қауымына ешбір қажет емес пе?, - депті. Ғалым сөзін әрі қарай жалғастырып: Сен дәлелге қалай сүйенесің? Дәлелді қалай пайдаланасың, осыны маған түсіндіріп берші, - депті.

Мәселен, имам Мәликтің «Муатта» кітабындағы бір хадис. Бұл фиқһ мәселесіне қатысты риуаят. Хадистен төрт пікірге бөлінген шариғи үкім шығарылған. Демек, төрт мазһаб ғалымы әрқайсысы осы бір хадиске сүйене отырып үкім шығарған. Мәлики үкімі, Шафиғи үкіміне ұқсамайды. Ханбали шығарған үкім, Ханафи үкіміне сай келмейді. Барлық мазһаб ғалымдары дәлел ретінде сол хадисті негіз етуде. Демек, хадисті түсінудегі қолданған әдістері, ой-пікірлері әртүрлі. Алайда, олар хадисті салафтар сияқты түсінбеген деп айта алмайсың ғой. Олай десең қателесесің. Өйткені, ол ғалымдардың барлығы да салаф. Десе де, мына салафтың (имам Маликтің) өз пікірі бар. Анау салафтың (имам Шафиғидің) өз көзқарасы бар. Үшінші салафтың (имам Әбу Ханифаның) өз сөзі бар. Ханбалидің де өз ұстанымы бар. Міне, дәлел керек болса ал. Қайсысына ілесесің? Ал, енді не істейсің?!

«Салаф» жігіт үндемей қалды. Біршама түсінген болуы керек. Жұрттың барлығы дәлелмен жүреді. Біреуі көзге көрініп тұрған дәлелге сүйенеді. Ал, кейбірі сол дәлелден шығарылған үкімге сүйенеді. Ал енді, мазһабпен жүруді дәлелсіз деп қорытынды жасау қателік. Мазһаб – дәлелдің төресі, - деді шейх Камали.

Бір уаһаби жігіт шейх Камалиға: Сіздер Мәлики мазһабы деп қатып қалғансыздар, - дейді. Сонда ғалым: Иә, біз Мәлики мазһабының өкіліміз. Мәлики мазһабына ілесушілерміз. Ал сен ше?, - деп қарымта сұрақ қояды. Жігіт: Біз ешкімге ілеспейміз. Біздің ұстанатынымыз Құран мен сүннет, - деп айды аспаннан бір-ақ шығарады. Шейх Камали: Бұл сөзің жалған. Басқаны болмаса да өзіңді алдама. Құран және сүннеттен қалай дәлел алудасың. Әлде, сен оқитын ғалымның «Құран және сүннет» деген кітабы бар ма?, - дейді. Сен тыңдап, оқып жүрген кісінің аты пәленшеұлы түгенше. Сондықтан, мен пәленшеұлы түгеншенің айтқанымен жүремін, деп айт. Сонда, сөзің шындыққа жанасады, - дейді шейх Камали.

Әлде, сен Бұхари еңбегін ашып: Мына хадистен мынадай үкім шығады, - деп өз бетіңше ізденіс жасайсың ба? Жоқ әлде, Құранды парақтап отырып: Мына аяттан ақида бойынша мына мәселе, фиқһ бойынша мына мәселе шығады, - дейсің бе? Жоқ, сен де, сенің жаныңдағылар да олай етпейді. Олай ете алмайды. Пәленше деген шейхтың дәрісі өтіп жатады. Ол Бұхари еңбегіндегі мына хадистен осындай үкім шығады, - деп айтады. Сосын, сен «мен мұны дәлел етемін» дейсің. Ал, енді сен тыңдаған шейх Бұхари кітабын осы хадис еңбектеріне жазылған классикалық түсіндірмелерді оқымай айтады деп ойлайсың ба? Мұндайға кімнің ғылыми әлеуеті жетеді?! Салдары өте қауіпті жағдайға алып баратынын біле тұра өз бетінше хадисті түсіндіретін ақымағың кім?! Араб тілін білсем болды деймісің?! Сен тұрмақ, араб тілінің грамматикалық жүйесін реттеген Сибауаиһ мұндайға дәті жетпейді. Оның алдында сен екеуіміз кімбіз? Тіл білу жеткіліксіз. Құран мен хадисті тек тілдік мағына жағынан ғана түсіндіру аздық етеді. Фиқһ мәселесінде білімнен бөлек, тәжірибе мен парасат қажет.

Ашуыңды бас. Ентікпе. Сен ғалымға ілесудесің. Пайғамбарға емес. Ғалым үкім шығаруда қателесуі мүмкін. Алайда, оның қате жіберген жері сіз бен бізге көрінбейді. Ол саланың маманы емеспіз. Сондықтан, бұрынғы заңғар ғалымдар мұндай ілімдегі бассыздық пен жүйесіздіктің алдын алған. Олар:

اَلْاِجْتِهَادُ لَا يَنْقُضُ بِالْاِجْتِهَادِ

«Ижтиһадтың басқа ижтиһадпен күші жойылмайды», - деген фиқһ қағидасын қалдырған. Әр мазһабтың ғалымдары – мұжтаһид. Әр мектептің бір мәселе төңірегінде екі түрлі ижтиһады болуы мүмкін. Мұндайға келіспеймін деуге біздің құқығымыз жоқ.

Амр бин Ас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

إِذَا حَكَمَ الْحَاكِمُ فَاجْتَهَدَ ثُمَّ أَصَابَ فَلَهُ أَجْرَانِ، وَإِذَا حَكَمَ فَاجْتَهَدَ ثُمَّ أَخْطَأَ فَلَهُ أَجْرٌ

«Төреші үкім шығарып, ижтиһад етіп үкімі дөп шықса, оған – екі сауап бар. Төрелік етіп, ижтиһад жасап қателессе, оған – бір сауап», - деген (Бұхари, Муслим). Бұл хадис мұжтаһид ғалымдарға қатысты. Сонымен бірге, бар білімін іске қосып, бірақ қате үкім шығарса оны құптауда. Мазһаб үкімдерінің қарама-қайшылығы адамдардың дұшпандығын ешуақытта тудырмаған. Атам заманнан Шафиғи мен Ханафи, Мәлики мен Ханбалилер көрші болып, ағайын ретінде тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Сахаба мен табиғиндер заманынан ғалымдар мен олардың мектебін ұстанушы мұсылман жұрты арасында зәредей де дұшпандық немесе сынау әрекеттері болмаған. Түйіндеп айтқанда, әр ел белгілі ғалым мектебін ұстанады. Оның дәлелі – мазһабы. Сондай-ақ, мазһабтар арасында ешуақытта талас-тартыс болмаған.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы

 Нұрбол Смағұлов