Шалқарлық жамағат басқосты
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің бас имамы Абзал Медетбековтың ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан жамағат» атты рухани кеш өтті.
Аптаның әр сенбі күні берекелі дастархан басында басқосуды үрдіске айналдырған «Матай Қоқанұлы» мешітінің жамағаты рухани кеште тағы бір мәрте басқосты.
Игі шарада Шалқар ауданының Бас имамы жамағатқа Имам Нәсәфидің «Әт – тәйсир фи тәфсир»» кітабынан «Музаммил» сүресінің тәпсірін баяндады.
«Күндіз және түнде Құранға көңіл бөліп, күн сайын Алла сөзінің белгілі бір бөлігін оқу – Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндетті амалдарының бірі еді. Өйткені Хақ Тағала өз елшісіне Құранда: «Әй, бүркеніп жатушы (Мұхаммед!) Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің). Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы» деп бұйырған («Музәммил» сүресі, 1-4-аяттар). Хақ елшісі Құран оқудан жалықпайтын. Мүмкіндік болған сәтте Құранға жармасып, зер салып оқып, аяттың мәні мен мағынасын көкейге түйіп, одан қорытынды шығаратын. Құранды өміріне серік еткен адамның өмірі де Құранға айналады» - деп ауданның бас имамы жамағатқа Құран оқудың маңызын да атап өтті.
Жамағаттың бірлігі мен ауызбіршілігін нығайту мақсатында өткен рухани отырыс соңында жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітініің баспасөз қызметі