Шалқар ауданында жаңа мешіттің құрылысы басталды.
2 маусым күні мешіт жамағаты мен қала тұрғындары жаңадан салынып жатқан «Тәубе» мешітінің құрылысына білек сыбана кірісті.
Жаңа мешіттің іргетасын қалау іс – шарасына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов қатысып, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков жаңа нысанның жобасы жайлы баяндады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Алланың жердегі үйі атанған ғимараттың құрылысына шаһарымыздың жамағаты мен қала тұрғындары ат салысуда. Қазіргі уақытта мешіттің іргетасы толықтай қаланып бітті.
Сондай – ақ, сауапты іске жұмыла көмек көрсеткен мешіт жамағаты мен қала тұрғындарына арнайы ағаш үй тігіліп, ас берілді.
Айта кетейік, Шалқар қаласында бой көтергелі жатқан жаңа мешіттің қазығы 2024 жылдың 15 – мамыр күні Байсалбаев көшесінде қағылған болатын. Мешіт құрылысына 1 гектарға жуық жер берілген. Алла қаласа, бұл ғибадат үйінде бір мезетте 300 -ден астам адам құлшылық жасай алады. Бұл жаңа ғимаратта намазхана, имам бөлмесімен қатар Құран оқитын бөлмелер салынбақ. Сонымен қатар, мешіт ауласында дәретхана мен жеміс ағаштары егілетін бақшасы болады деп жоспарлануда.
Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде –кім мешіт салатын болса, Алла оған жәннәтта үй тұрғызады» деген. Осы игі іске ат салысып жатқан барша жомарт жандарға Алла екі дүние бақытын берсін!