Шалқар ауданында «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. 3392

Шалқар ауданында «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады.

04 маусым 2024 430 Оқу 1 минут

Балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы Шалқар ауданы бойынша ер балалардан 50, қыз балалардан 41, жалпы 91  шәкірт Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ.


Игі шараға Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің имамы Асан Жетписбаев қатысып, жазғы демалыс уақытында діни білім алуға ниеттенген балаларға сәттілік тіледі. Ұстаздар шәкірттерді жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп, дәріс кестелерімен таныстырды. Балаларға тәтті балмұздақтар таратылып, пайдалы ілім алуларына дұға жасалды. Аталмыш пәндер бойынша алғашқы дәрістер де басталып кетті.


Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған бұл игілікті шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану, оларды діни сауаттылыққа бағыттап, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу.


Сондай – ақ, ер балаларға  мешіт ұстаздары мен практикант студенттер,  ал қыз балаларға Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы Жұлдыз Тлеубай және іс-тәжірибеден өтуші студенттер білім береді.Діни сауат ашу курсында шәкірттерге мұғалім сәни, тәжуид қағидалары, ислам әдептері, Алланың 99 көркем есімі, мұсылманның 40 парызы бойынша дәрістер өткізіледі.Одан өзге тек қана діни білім беріп қана қоймай, ата-ананы құрметтеу, табиғат пен жан-жануарларды аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өтірік айтпау секілді әдептілік бағытында да тәрбие беріліп, рухани азық болар сабақтар мен ойын-сауық уақыттары да болады.


Айта кетейік, сауат ашу курсының алғашқы легі 5 – маусымнан  24 – маусымға дейін, екінші легі 26 – маусым мен 15 шілде аралығында өтеді. Қатысушы ер балалар күн сайын сағат 09:00 – 14:00 , қыз балалар 09:00 – 12:00 аралығында мешіт қабырғасында білім алады.