«Сағындық сені иә, Расул Алла» атты Мәуліт кеші ұйымдастырылды
«Бақытжан» мешітінің жамағаты Пайғамбар Мұхаммадтың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айының құрметіне «Сағындық сені иә, Расул Алла» атты Мәуліт кешін ұйымдастырды.
Рухани кешке жалпы саны 125 қыз-келіншектер, оның ішінде «Бақытжан» мешіті жамағатымен қоса Хромтау, Алға, Темір, Қобда аудандарынан да әйел жамағаты қатысты.
Мәуліт кеші Алланың Кәләмімен шымылдығы ашылып, Пайғамбардың өнегелі өміріне арналған видеоролик көрсетілді.
Сонымен қатар ақ жаулықты аналар Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтып, кейін мешіт шәкірттері орындауында «Пайғамбарға арнау» әні шырқалды.
Ал «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова «Пайғамбардың ұлық дәрежесі» атты тақырыпта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қадір-қасиеті, үмметін жақсы көруге, шапағат ету дәрежесі, сүннетке еру мен берік болу, Ақыретке дайындық жайлы әсерлі уағыз-насихат айтып өтті.
Мешіт шәкірттерінің дайындаған түрлі тартулары, жырлар, көріністер, арнаулар көпшілікке ұсынылды.
Кешке қатысушылар әртүрлі форматтағы Пайғамбар өміріне байланысты білімдерін сынға салып, түрлі тапсырмалар ойындады.
Одан өзге мешіт шәкірттері мен ақ жаулықты аналар «Пайғамбардың сүйікті тағамдары» атты көрме ұйымдастырып, түрлі дәмді тағамдар әзірлеп, таныстырды. Жиналған жұртшылық дәм татып, тамсанып, көрмені тамашалады.
Аталған мешіті ұстазы Анар Қойшығұлова шәкірттердің «Айша-мүміндердің анасы» әнінен кейін Асыл ана – Айша өмірінен алатын ғибраттар жайлы айтып әйел қауымына жан-жақты болудың, тұлғалық дамудың, білімге ұмтылудың, үнемі ізденудің, ұрпақ тәрбиесіне қажетті даналыққа ұмтылудың маңызын түсіндіріп өтті.
Мәуліт кешіне келген ұстаздар қауымына да құрмет көрсетілді. «Ақтөбе әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, «Досжан Хазірет» мешітінің ұстазы Ақжарқын Жилисбаева, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова, «Қабақ баба» мешітінің ұстазы Ақерке Сағиева, Қобда ауданық «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап, Мәртөк аудандық мешітінің ұстазы Гүлсара Әлібекқызы, Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің ұстазы Радина Бимолдина жиналған көпшілікті Мәулітпен құттықтап, Пайғамбардың (с.ғ.с) қадір-қасиеті, өсиеттері туралы насихаттарын айтты.
«Қабақ баба» мешіті мен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері «қонақ кәде» тартуларын ортаға салды.
Кеш соңы дастархан дұғасымен, салауаттармен тәмамдалды.
Келген жамағаттың әрқайсысы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын алып, рухани кештен жақсы әсерленіп тарқасты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі