САПАР ӘДЕБІ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!
Адам баласы өмірдегі түрлі қажеттіліктерге байланысты сапар шегіп тұратыны белгілі. Асыл дініміз Исламда адам өміріндегі әрбір сәтіне қатысты белгілі үкімдер мен арнайы әдеп қағидалары баяндалған. Осындай маңызды әдеп қағидаларының бірі – сапар әдебі.
Сапар – бір жерден екінші бір жерге жол жүру. «Көре-көре көсем боласың» деп айтылғандай, адам сапар шегу арқылы түрлі адамдармен араласады, жер бетіндегі Алла Тағаланың ғибраттарын танып-біледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 15-аятында:
هُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ ذَلُولًا فَامْشُوا فِي مَنَاكِبِهَا وَكُلُوا مِن رِّزْقِهِ وَإِلَيْهِ النُّشُورُ
«Ол сондай Алла, сендердің еркін жүріп-тұруларың үшін жер бетін бағындырып берді. Ендеше, осы жер бетін аралап, Оның ризық-несібелерін жеңдер! Ақыр түбінде Соның құзырына қайтасыңдар», – деп айтқан.
Сапар барысында шаршап-шалдығу, түрлі қиындықтарға кезігу, отбасын сағыну сияқты сынақтар жолығуы мүмкін. Осы кезде мұсылман адам дінімізде баян етілгендей әдеп сақтауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
السَّفَرُ قِطْعَةٌ مِنَ العَذَابِ، يَمْنَعُ أحَدَكُمْ طَعَامَهُ وشَرَابَهُ ونَوْمَهُ، فَإِذَا قَضَى نَهْمَتَهُ، فَلْيُعَجِّلْ إِلَى أَهْلِهِ
«Сапар – қиыншылықтың бір бөлшегі, ол сендерді ас-ауқаттан, сусыннан, ұйқыдан тыяды. Кімде-кім сапардағы қажеттілігін аяқтаған болса, отбасына дереу оралуға асықсын», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Халқымыз сапар әдебі турасында: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла»; «Алыс сапар алғашқы адымнан басталады»; «Кемедегінің жаны бір»; «Жолаушыны жол сынайды»; деген. Бұл ата-бабаларымыздың сапар әдебін сақтауға қаншалықты үлкен маңыз бергендігін көрсетеді.
Ғалымдарымыз сапарды үшке бөліп қарастырады. Оның бірі – құлшылық болып саналатын сапар, екіншісі – әдеттегі сапар, ал үшіншісі – күнә болып табылатын сапар.
Бұның алғашқысына қажылық жасау, ұмра атқару, білім іздеу, адал ризық табу, жақын адамды зиярат ету, ауырғанның көңілін сұрау сияқты ізгілік жолында жасалатын сапарлар жатқызылады.
Әдеттегі сапар деп құлшылық та, күнә да көзделмеген сапарды айтамыз. Ал күнә болып табылатын сапарға адамдарға зиян келтіру, ұрлық, зорлық- зомбылық, алдап-арбау сияқты дінде күнә болып табылатын істер үшін саяхат шегу жатады.
Дұрыс ниетте, ізгі мақсатта жасалған сапардың адам баласының тән саулығы мен қоса, жан саулығына тигізер пайдасы мол. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
سَافِرُوا تَصِحُّوا
«Сапарға шығыңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деген (имам Ахмад).
Адам баласы сапар сынағына төзу арқылы өзін сабырлыққа тәрбиелейді, адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы білмегенін үйренеді, түрлі жерлерді көру арқылы ғибрат алып, санасы толығады. Бишр әл-Хафи (Алла оны рахымына алсын): «Уа, ғұламалар қауымы! Жер бетінде саяхат жасаңдар, сонда тазарасыңдар! Себебі, су ағатын болса, таза болады. Ал бір орында ұзақ тұрса бұзылады», – дейді.
Би шешендеріміз:
Ерілі таудан аспаған,
Белбеуге қамшы баспаған,
Алысқа сапар шекпеген
– ат қадірін білмейді, – деп сапар шегудің маңызын айтқан.
Мұсылман жан өмірінің әр сәтін мүмкіндігінше құлшылыққа, ізгілікке толы етіп өткізуді көздегені дұрыс. Сапарымыздың құлшылыққа айналып, сәтті де пайдалы болуы үшін сапарға қатысты мынадай әдептерді білуіміз қажет:
Бірінші: Сапарға шықпас бұрын жақындарымен ақылдасу және истихара намазын оқу
Сапарға шығуды ниет еткен адам жол жүрмес бұрын баратын жерінің қыр-сырын білетін адамдардан жөн сұрап, мағлұмат алғаны дұрыс. Сапар алдын истихара намазын оқу – ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен көркем өнегесінен. Истихара – екі істің бірінің қайырын сұрау. Шариғат рұқсат еткен әрбір маңызды істің алдында мұсылман адам сол істің қайыр берекетін сұрап, истихара дұғасын оқып, Жаратушының біліміне жүгінеді. Сол сияқты сапарға шығардан бұрын да осы истихара дұғасын оқыған жақсы. Истихараның оқылу әдебі алдымен екі рәкағат нәпіл намаз оқылып, одан кейін барып итсихара дұғасы оқылады.
Сапарға бейсенбінің таңғы уақытында шығу – мустахаб. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осы уақытта сапарға шыққанды ұнататын. Кағб ибн Малик (Алла оған разы болсын):
أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَرَجَ يَوْمَ الْخَمِيسِ فِي غَزْوَةِ تَبُوكَ وَكَانَ يُحِبُّ أَنْ يَخْرُجَ يَوْمَ الْخَمِيسِ
«Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Табук жорығына бейсенбі күні шықты және ол сапарға бейсенбі күндері аттануды жақсы көретін», – деген (имам Бұхари).
Екінші: Сапарда намазды қысқартып оқу
Алла Тағала пенделеріне жеңілдікті қалайды. Сапар кезінде адамдар шаршап-шалдығып, түрлі қиындықтарға кезігуі мүмкін болғандықтан шариғатымызда жолаушы адамға көптеген жеңілдіктер жасалған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 101-аятында:
فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَن تَقْصُرُواْ مِنَ الصَّلاةِ
«Жер жүзін аралап, сапарда жүргендеріңде сендерге намазды қысқартуларыңда айып жоқ», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 101-аят).
Ханафи мазһабында жаяу орта жүріспен үш күндік не одан да алыс жерге жолға шыққан адам жолаушы саналады. Ғалымдарымыз есептеп шамамен 90 шақырым деген. Жолаушы адам өзінің тұрғылықты елді-мекенінің аумағынан сапарға ниет етіп өткеннен кейін жолаушы саналады.
Жолаушы өз жерінен бөгде жерге барып, сол жерде он бес күн, яки одан да көп мерзім қалуға ниет етсе, тұрғын саналып, жолаушылық үкімінен шығады. Егер де он бес күннен аз қалуға ниет етсе, намаздарын қысқартып оқиды.
Дінімізде жолаушы адамға қатысты мынадай жеңілдіктер бар:
– Бесін, екінті және құптан намаздарының парыздарын қысқартып, екі ракағат етіп оқу – уәжіп;
- Үш тәулікке шейін мәсіге мәсих тарта алады;
- Сапары Рамазан айына сәйкес келген адам ораза ұстамай, оны кейінге қалдыра алады. Алайда, оразасын бұзбай, жалғастырғаны абзал.
Үшінші: Сапарға топтасып шығу
Сапарға көпшілікпен бірге шығу түрлі қауіп-қатердің алдын-алып, пенденің шайтанның азғыруына, нәпсінің жетегінде кетуден сақтануына себепші болады. Ауыр жүкті көтерісіп жәрдемдесу, шаршап-шалдыққандар алмасып күзету, жамағат намазын оқу сияқты сапарға көпшілік болып шығудың өзге де пайдалары бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَوْ أنَّ النَّاسَ يَعْلَمُونَ مِنَ الْوَحْدَةِ مَا أَعْلَمُ، مَا سَارَ رَاكِبٌ بِلَيْلٍ وَحْدَهُ
«Егер адамдар жалғыз жолда жүру туралы менің білетінімді білер болса, бірде-бір аттылы түнделетіп жалғыз сапарға шықпайтын еді», – деген (имам Бұхари).
Хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалғыз сапарға шығу жайында өз білетінін ашық айтпау арқылы оның қаупі үлкен екенін білдіргісі келген. Осылайша, үмметіне жалғыз сапарға шықпау керектігін ескерткен.
Ғалымдарымыз сапарға көпшілікпен шығу міндетті іс еместігін айтқан. Түрлі зәру жағдайларға байланысты сапарға жалғыз шыққан адам айыпталмайды.
Көпшілік болып шыққаннан кейін сапар кезінде араларынан бір адамды басшы етіп тағайындап, сапар мәселесінде тағайындалған басшыға бағынулары қажет. Бұл жолаушылардың ауызбіршілігіне, сапар барысында кездесетін машақаттардың жеңілдеуіне себеп болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا خَرَجَ ثَلاَثَةٌ فِى سَفَرٍ فَلْيُؤَمِّرُوا أَحَدَهُمْ
«Егер үш адам сапарға шықса, араларынан бірін басшы етіп тағайындасын», – деген (имам Әбу Дәуід).
Сапарда тамақтанған кезде де арадағы бірлік сақталуы үшін көпшілікпен бірге тамақтанған дұрыс. Бұл іс алып шыққан тамақтарын бөлісу, тамаққа бірігіп ақша шығару, бөлінбей, бірге отырып тамақтану сияқты істер арқылы болады. Уахши ибн Харбтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде адамдар Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, расында біз тамақ жейміз, бірақ тоймаймыз!» – деді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер бөлек тамақ ішетін шығарсыңдар?», – деп сұрады. Олар: «Иә», – деді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда тамаққа көпшілікпен ортақтасып, Алланың есімін айтып жеңдер, сонда сендерге тамақтың берекесі болады», – деп насихат айтты» (имам Әбу Дәуід).
Төртінші: Сапарда күнәлі істерден сақ болу
Адам баласы әрдайым үлкен, кіші күнәдан сақ болуы қажет. Ал сапар уақытында тіпті, сақтануы тиіс. Өйткені, адам сапарда жүргенде бөтен жерде айналасындағы адамдардан оны ешкім танымайтындықтан шайтан осы сәтті пайдаланып, оны күнәға оңай азғыруы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اِتَّقِ اللَّهَ حَيْثُمَا كُنْتَ وأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا، وَخَالقِ النَّاسَ بخُلُقٍ حَسَنٍ
«Қай жерде болсаң да Алладан қорық. Жамандық істесең, лезде оны өшіретін жақсы іс атқар. Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол», – деп насихат айтқан (имам Тирмизи).
Сапар – адам мінезінің сыншысы. Шынайы тақуа жан қай жерде болмасын дініне берік болады. «Сафар» сөзінің бір мағынасы «бір нәрсенің жабуын ашу» дегенді білдіреді. Осыған орай кей ғалымдарымыз сапардың «сапар» деп аталуының өзі адам бойындағы мінез-құлықтың шынайы бет-пердесін ашатындығы үшін таңдалғанын айтады. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) құзырында бір куәгерге жақсы сипаттама берген кісіге: «Оның мінезінің көркемдігіне көзіңді жеткізетіндей сен онымен сапарда жолдас болып па ең?» – деп сұрайды. «Жоқ» деген жауапты естігенде: «Онда сен оны танымайды екенсің», – дейді.
«Елде саудалас, түзде сапарлас болған жандар біреуді мақтаса, ол адамнан күмәнданбаңдар» деген даналық сөздің де негізі осыдан шығады.
Сапарда шаршап-шалдыққан кезде адам баласы дінін ұстануға, намазын оқуға, көркем мінез танытуына немқұрайлық танытпауы қажет. Жолаушы адам барынша Алла Тағаланың парыз еткен амалдарын орындап, Жаратушыны көп зікір етіп, ұлықтап жүргені дұрыс. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай дейді : «Бірде бір адам: «Уа, Алланың елшісі! Мен сапарға шыққалы жатыр едім, қандай кеңес бересіз?» – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол кісіге: «Саған тақуалықты, әрбір төбеге көтерілгенде «Алла ұлы» деген сөзді айтуды өсиет етемін», – деді. Ол адам кеткен соң, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Бұл пендең үшін жолдың ұзақтығын қысқарт және сапарын жеңілдет!» – деп дұға етті».
Сапарға шығу дұғаның қабыл болуының себептерінің бірі болғандықтан, жолаушы адам өзі үшін және отбасына, басқа да мұсылмандарға арнап көптеп дұға еткені жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
ثَلاَثُ دَعَوَاتٍ مُسْتَجَابَاتٌ لاَ شَكَّ فِيهِنَّ دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ وَدَعْوَةُ الْمُسَافِرِ وَدَعْوَةُ الْوَالِدِ عَلَى وَلَدِهِ
«Үш түрлі дұғаның қабыл болатындығында күмән жоқ. Ол: зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына жасаған дұғасы», – деген (имам Тирмизи).
Бесінші: Сапар мақсаты орындалысымен отбасына оралу
Мұсылман адам сапарға шыққан мақсатын орындағаннан кейін бірден отбасына қайтқаны дұрыс. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
فَإِذَا قَضَى أَحَدُكُمْ نَهْمَتَهُ مِنْ وَجْهِهِ فَلْيُعَجِّلْ إِلَى أَهْلِهِ
«Егер қайсыбірің сапардағы қажеттілігін аяқтаған болса, отбасына дереу оралуға асықсын», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Сапарға шыққан адам ісін бітірген соң, отбасына оралмай, барған жерінде себепсіз қалуын ғалымдарымыз мәкруһ екендігін айтқан.
Отбасына оралғанда барған жерінен сыйлықтар алып келіп, отбасы мүшелері мен жақын адамдарына тарту ету – отбасының берекесінің кіруіне, адамдар арасында сүйіспеншіліктің нығаюына себепші болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَهَادُوا تَحَابُّوا
«Бір-бірлеріңе сыйлық тарту етіңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады», – деп насихат айтқан.
Сапардан оралушы жергілікті мешітке кіріп, екі рәкағат намаз оқуы – мустахаб. Кағб ибн Малик (Алла оғар разы болсын) «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапардан оралғанда алдымен мешітке кіріп, екі рәкағат намаз оқитын», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Қадірменді жамағат!
Мұсылман адам сапар барысында қауіпсіздікті сақтау, көлік белбеуін тағу, жылдамдықты асырмау сияқты жол жүру ережелерін сақтауға аса мән беруі қажет. Асыл дініміз Исламда адамдардың өміріне, дүниесі мен ар намысына қол сұғуға қатаң түрде тыйым салынады. Жол жүру ережесінің негізгі мақсаты – адам өмірін сақтау. Көлік жүргізушілердің жол жүру ережесін сақтамауынан әлем бойынша жыл сайын қаншама жол апаты орын алып, көптеген адамның өмірі қиылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Шура» сүресінің 30-аятында:
وَمَا أَصَابَكُم مِّن مُّصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ
«Бастарыңа келген әрбір бәле-жала өз қолдарыңмен істеген күнәларыңның кесірінен», – деп ескерткен.
Көлік жүргізушіге өзінің және өзгелердің өмірі аманат болғандықтан, ол жол жүру ережесін жақсы біліп, оны сақтауға міндетті.
Алла Тағала сапарларымызды сәтті етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі