СУЛЫҚПЕН ДӘРЕТ АЛУҒА БОЛА МА?
Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Намазға тұрар алдында беттеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. Аяқтарыңды да тобыққа дейін жуыңдар», – деп бұйырды («Мәида» сүресі, 6-аят).
Демек дәреттің парыздары – үш ағзаны (бетін, екі қолы мен екі аяғын) жуу және басына масих тарту. Қолын жуғанда шынтағын қоса жуады, аяғын жуғанда тобығын қоса жуады (Һидая, 1/287).
Дәрет алғанда жуылатын ағзаларына су тию (ағу) шарт. Дәрет суы денеден бөлініп, тамшы секілді ақпаса, дәрет дұрыс болып есептелмейді. Сондықтан қыстың кезінде қармен дәрет алғанда қардың суы денеден бөлініп, кемінде екі немесе одан көп мөлшерде тамшылап ағуы тиіс. Болмаса, алған дәреті дұрыс болмайды делінген. Алайда Имам Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша судың денеден бөлініп тамшылап түсуі шарт емес (Фәтауа Һиндия, 1/53).
Ханафи мәзһабының фиқһ және пәтуа кітаптарында «тырнағы ұзын болып, саусағының ұшын жапса, тырнақтың астына су жеткізу міндет», «саусағына тағылған жүзігі тар болса, дәрет алғанда оны қимылдату немесе шешу қажет», «дәретте немесе ғұсылда жуылатын ағзаға лай немесе қамыр жабысқан болса, оның түбіне су жеткізу уәжіп» деген пәтуалар айтылған (Фәтауа Татархания, 1/41). Сондықтан дәрет алғанда міндетті түрде денеге су құйылу керек.
Асты дәретке қағаз қолдану туралы Мысыр мүфтиі доктор Шауқи Ғалләм: «Дәретхана қағазы әдетте су, сия, сұйық май секілді ағатын заттарды сору, сүрту, кептіру және тазалау үшін қолданылады. Ол фиқһ ғалымдары айтқан асты дәретке пайдаланатын шүберек, тері немесе мақтаға ұқсайды. Кесекке қияс ете (салыстыра) отырып, шариғат дәретхана қағазы секілді арнайы қағаздарды асты дәретке қолдануға рұқсат береді. Өткен заманда кесек қалай кең қолданылған болса, дәретхана қағазы осы заманда солай кең қолданысқа ие», – деп түсіндіреді («Дар ул-ифта әл-мисрия» сайтынан). Сүйек, тезек, шыны секілді заттармен асты дәрет алу – мәкруһ (Фәтауа Һиндия, 1/105).
Сондықтан дымқыл сулық (влажные салфетки) дәрет алуға жарамайды, ал асты дәретке қолдану мәкруһ болып саналады.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ