Ақсақалдар кеңесі – ұлтымызға тән институт
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Осы кеңестің мүшесі әрі ардагер имам ретінде айтулы басқосуға мен де қатыстым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік деп санаймын.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері – Өмірзақ Озғанбайұлы, Амангелді Айталы, Бақытжан Ертаев, Оралбай Әбдікәрімұлы, Ғарифолла Есім, Смағұл Елубай, Жабал Ерғалиев, Марат Тоқашбаев, сонымен қатар діни салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ардагер имамдар да қатысты.
Кеңесті ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтқандай, Ақсақалдар кеңесі – ұлтымызға тән институт. Себебі ата-бабаларымыздың дәуірінде де осындай кеңестер құрылып, ақсақалдар қазақ қоғамындағы кейбір мәселелерді реттеп отырған. Тіпті Қазақ хандығы кезеңінде хандар мен батырлар ақсақалдармен ақылдасып, пікірлескенін тарихтан білеміз. Яғни, қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі күшті болған десек қателеспейміз.
Кеңесте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір-бірімен бітеқайнасқан қос ұғым – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жолында ілкімді істер атқарып келеді. Бүгінгі таңда имамдар ата-баба дәстүрімен ұштасқан дінімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда. Жастарымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы маңызды. Бұл ретте оларға ақыл-кеңестерін айтатын өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Қай дәуірде болсын жастардың жасампаздығы үлкендердің көңілінен шыға қоймаған. Әйтсе де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жастардың ең жақсысы – кәрілерге ұқсағаны», – деп айтқанындай, яғни, түр-әлпеті емес, жүріс-тұрысынан даналық есіп тұратын жас буын өкілдерінің қалыптасуына көпті көрген үлкендердің әсері мол. Біз көбіне қоғамда, тұрмыста, отбасыда болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресуге әдеттеніп алдық. Енді салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт әлдеқашан жетті. Осы орайда біз қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институты мен Әжелер мектебін жандандыруымыз қажет. Осы мақсатта тиісті іс-шараларды жүзеге асыру үшін Ақсақалдар кеңесін құрдық. Алдағы уақытты республикалық Ақсақалдар форумын, сондай-ақ «Қоғамдағы әйелдің рөлі» тақырыбында республикалық әжелер форумын өткіземіз. Бұл іс-шаралар қоғамға оң әсер етеді деп сенемін. Дуалы ауыз қарттарымыз Діни басқарманың қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстарына жаңа серпін береді деген сенімдемін», – деді.
Амангелді Айталы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің қоғамдағы рөлі мен орны туралы айта келе, халықты, әсіресе жастарды ізгілік пен игілікке шақыруда нақты қадамдарға бару қажеттігін атап өтті. Ол үшін ең әуелі оқу орындарына барып, студенттермен кездесіп, олардың сұрақтарына тиянақты жауап беріп, нәтижелі жұмыс істеу керек екенін тілге тиек етті. Сонда ғана Ақсақалдар кеңесінің қоғамдағы ықпалы арта түсетінін жеткізді.
Шын мәнінде, жастар – ел болашағы десек, сол жастарды соқпағы көп өмірге дайындауда ақсақалдардың үлесі мол. Дін мен дәстүрді жаңғыртып, жастарды жат діни ағымдар мен түрлі зиянды әрекеттерден қайтаруда, олардың Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін оятуда көпті көрген қариялардың орны ерекше деп айтар едік. Біз оны діни саладағы күнделікті жұмысымыздан айқын аңғарып отырмыз.
Өмірзақ Озғанбайұлы жастарды имандылыққа шақыруда қазақ халқының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған дін қайраткерлерінің, көрнекті тұлғалардың өнегелі өмірін көбірек насихаттау қажеттігін ерекше атап өтті. Ал Марат Тоқашбаев жастарға өнеге көрсетуде ең әуелі ақсақалдардың өзі үлгі болуы керек деген ойын ортаға салды.
Қорыта айтқанда, халықты ізгілікке үндеуде абыз ақсақалдардың орны ерекше. Осы мәселені дер кезінде қолға алған Діни басқарманың бастамасы баянды болғай. Әмин!
Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы