ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕТІН ҚАУІПТІ ДЕРТ
Қазіргі таңда жастарды құмар ойындарының ықпалынан құтқарып қалу өзекті мәселеге айналды. Өйткені құмар ойынға тәуелді боп қалған адам саны азаймай отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Осы жиында Президент: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс» деп атап өткен болатын.
Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.
Асыл дініміз Ислам құмар ойынды ойнауға тыйым салған. Құмар сөзі жеңіл жолмен мал дүние табу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәйда» сүресінің 90-аятында: «Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалынан саналатын лас істер. Ендеше мақсат-мұраттарыңа жету үшін одан аулақ болыңдар», – деп ескерткен.
Ақша тігілетін құмар ойындар адамды бос үмітке тәуелді етеді. Бұндай рухани дертке шалдыққан адам еңбек етпей, оңай олжаға кенелгісі келіп, ақшасын қайта-қайта құмар ойынға сала береді. Оның ақыр аяғы қарызға белшеден батуға әкеп соғады. Қарызға батқан адам абыройдан жұрдай болады. Одан кейін ол үшін өмір мәнсіз болады. Мұның ақыры өз-өзіне қол жұмсауға жетелейді. Алла баршамызды мұндай жамандықтан аман еткей.
Адам баласы құмар ойынға тәуелді болмауы үшін ең бірінші өз нәпсісін жеңе білуі керек. Яғни, мұндай жаман істен саналы түрде бас тартуы қажет. Өкінішке қарай құмар ойынға құмартқандардың басым көпшілігі жаман ісінен саналы түрде бас тарта алмай жүреді. Егер одан саналы түрде бас тартатын болса құмар ойыннан біржола құтылар еді. Егер саналы түрде бас тарта алмаса, өзіне ең жақын адамдарының көмегіне жүгінгені жөн. Өкінішке қарай, құмарға тәуелді болған азаматтардың көбісі өзінің жаман әрекетін жария айтуға ұялады немесе үлкдерден қатты ұрыс естимін, қатты таяқ жеймін деген оймен айтқысы келмейді.
Осы ретте айта кетер жайт, құмар ойынға барушылардың көбісі оңай жолмен, яғни несие алып, жамандыққа қалай барып қойғанын білмей қалады. Мемлекетіміз де қаржы ұйымдарының жұмысын бақылауға алып жатыр. Бұл өте дұрыс қадам деп айтар едік. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қауіпсіздік Кеңесінде: «Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды» деуі бекер емес.
Құмар ойынның адам баласының жеке басына да, қоғамға да алып келер зияны өте үлкен. Осындай жеңіл ермектің салдырынан қанша адамның өмірі бұзылып, қаншама отбасылар ойран болуда. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде құмар ойынға қатты тыйым салынған және оның ашық күнә екені айтылған. Алла Тағала Құранда: «Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар» («Бақара» сүресі, 219-аят) деп ескерткен. Құмар ойыны арам етілген іс болғандықын, ол арқылы келген қаражат та арам болып есептеледі. Мұсылман адам ондай жолмен нәпақа таппайды әрі бұндай саладағы кәсіппен де айналысуына болмайды.
Құранда «Исра» сүресінің 26-аятында: «Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Әрі мүлде ысырап қылмаңдар», – делінген. Ысырап сөзі тек артық ішіп-жеумен, артық киім киюмен, босқа дүние-мүлік жұмсаумен өлшенбейді. Аяттағы «табзир» сөзі де ысырапты білдіреді. Ибн Абидин: «Табзир – ысырап сөзінің мағынасы ретінде мәлім. Дегенмен ысырап сөзі мен тәбзир сөзінің айырмашылығы бар. Ысырап – рұқсат етілген жағдайда қажеттен тыс, керегінен артық пайдалануды білдірсе, табзир – рұқсат етілмеген жағдайда қолдануды білдіреді», – деген. Мәселен, тамақтану рұқсат, ал сол рұқсатты қажетінен артық пайдалану – ысырап. Құмар ойыны және арақ-шарап ішу, тыйым салынған істе қаражат жұмсау – тәбзир, яғни жаман істегі ысырап болып саналады.
Ғалымдардымыз қасиетті Құранның аяттары әрі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне үңіле отырып, адам баласының бойында кездесетін түрлі рухани дерттердің шипасын баяндаған. Қатада (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Алла Тағала қасиетті Құранда дерттеріңді көрсетті және де ол дерттердің шипасын да баяндады», – дейді. Құмар ойынының шырмауына тап болған адам Жаратушыдан жәрдем тілеп, енді ондай іспен айналыспауға уәде етіп, тәубеге келуі керек.
Құмар ойын – қоғам дерті, ауыр қасірет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деуі оны ойнамақ түгілі, оған үгіттеудің өзі күнә екенін, соның өзін жуып-шаю үшін садақа беру, жақсылық істеу міндетті екенін ескерткен. Тәубе есіктері адамның кеудесінде жаны барда қияметке шейін ашық тұратыны белгілі. Сондықтан құмар ойынның құрсауында кеткен бауырларымызды ертерек ес жиып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен үміт ете отыра, тәубеге келуге шақыруымыз керек.
Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген: «Әрбір жақсылық іс – адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның ризығын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады. Көпшіліктің жүрегінде ол кісіге деген сүйіспеншілік орнатады. Ал күнәлі іс – адамның жүзін түнертеді. Жүрегіне және дүниеден өткен соң қабіріне қаранғылық орнатады. Дененің қуатын әлсіретіп, ризығын кемітеді. Әрі көпшіліктің жүрегінде ол кісіге деген жеккөрушілікті орнатады», – деген. Құмар ойын да осындай адамның жүзін түнертіп, жүрегін қарайтатын, екі дүниесіне бақытсыздық алып келетін іс.
Ислам әлеміне әйгілі Имам Ғазали (оған Алла разы болсын) рух туралы былай деген: «Рух – адам жаратылысының негізі. Барлық дене оған қызмет етеді. Рухтың қайнары – Алла Тағаланың бізге сыйлаған білімі. Рух хайуанда жоқ. Рух – дене емес, бөлінетін зат та емес, оны бір нәзік жауһар десек болады. Періштелер осы жауһар жынысынан болар. Рух – нәзік бір ақиқатты тану, оны талдауға рұқсат жоқ». Рух мәселесін сөз еткенде жан тазалығы меңзеледі. Халқымызда: «Тәні саудың – жаны сау» деген қанатты сөз бар. Имам Ғазали (оған Алла разы болсын) айтқандай, барлық дене адам рухына қызмет етеді. Адам тәні күнәлі істер мен зиянды әрекеттерден аман болса, оның жаны да жамандық атаулыдан аман болады. Сондықтан өзін жамандықтан сақтаған адам нәпсімен күресіп, жанын тазартып, рухын кемелдендіруге тырысады.
Алла Тағала бізді және ұрпағымызды, күллі адамзат баласын мұндай жаман істерден аман еткей. Әмин!
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы