17 Зул-Қағда
ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! 4477

ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

07 мамыр 2025 176 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздегі әрбір ер азаматтың патриоттық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауапкершілігін арттыратын маңызды мереке.

Әр отбасына береке, әскери саладағы ұландарымызға мықты жігер, жастарымызға қажыр-қайрат тілеймін. Мереке құтты болсын!

«Отанды сүю – иманнан», – деген аталы сөз бар. Иманды адам өз елінің нағыз патриоты бола алады. Кез келген ата-ана ұрпақ санасына Отанды қорғаудың үлкен абырой әрі жауапкершілік екенін терең сезіндіруі керек деп санаймыз.

Отаншылдық сезім Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен басталады.

Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, елі мен жерін сүйіп, оның дамуына қызмет етіп, жанашырлық танытқан жан ғана отаншыл бола алады. Отаншылдық сана халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және оны мақтан тұтуымен өлшенеді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде Меккені меңзеп: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің…» деп, өзінің туған жеріне айрықша сезімі мен сүйіспеншілігін білдірген.

Асыл дінімізде мұсылман баласының өз Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау қасиетті амалдардың қатарына жатады. Тағы бір хадисте Отанды қорғап, шекара күзеткен адамның Алла алдындағы дәрежесі артатыны баяндалған.

Ислам – тек құлшылықтардан ғана құралған дін емес. Асыл дініміз Отанды қорғап, елді сүюге, бейбіт, ізгі қоғам құруға, салт-дәстүрді құрметтеуге үндейді. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Осы ретте Әйтеке би бабамыздың: «Өмірім – халықтікі…» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні зор.

Алла Тағала елдің ертеңін ойлайтын, халыққа аянбай қызмет ететін, Отанын қорғайтын асыл азаматтардың қатарын арттырғай. Еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болғай. Әумин!