Олжабаев Садуақас Сағындықұлы
Олжабаев Садуақас Сағындықұлы, 1967 жылы 1-қаңтарда ОҚО, Кентау қаласында дүниеге келген.
1975 жылы Кентау қаласындағы №4 орта мектебінің табалдырығын аттаған. Қасиетті Құран кәрімді жаттауды осы бала күнін-ақ бастаған. Әкесі Сағындық ақсақал діндар адам болғандықтан заманның қаталдығына қарамастан, барлық перзенттеріне Алланы танытып, құран сауатын аштыруға тырысқан. Алайда әкесі құран жаттатуда басқа перзенттеріне қарағанда осы баласына аса мән береді. Кеңес үкіметінің тұсындағы ескі медреселерде білім алған қарилардың көзі тірі саусақпен санарлық болатын. Солардың ішіндегі Хабибулла мен Қадір қариларға өзі апта сайын дәріске алып баратын еді. Хабибулла қари қайтыс болар алдында Өзбекстан Астанасы Ташкент қаласындағы Захитхан Абдрахманұлы қариға барып дәрісін жалғастыруына нұсқау береді.
1984-1986 жылдары Ташкент қаласындағы Көкше мешітіне қарасты қарилар мектебінде Құран Кәрімді толықтай жаттап бітірді.
1986-1988 жылдары Ресейдің Волгоград қаласында әскери борышын өтеген. Әскерден келісімен-ақ С.Сағындықұлы Ташкент қаласына қайта барып, ұстазы Захитхан қариға Құранды қайта тапсырып шығады. Өйткені, әскер қатарында Құран қайталамақ түгілі бетін ашуға мұршасы болмайды.
1990 жылы өзінің туып-өткен ауылына келіп шәкірт тәрбиелей бастайды
1991 жылы Алла тағала сәтін салып шаңырақ көтереді.
1991 жылы ҚМДБ-ның рұқсатыменен Кентау қаласында “Иман’’ медресесін ашып, 1998 жылға дейін аталмыш медреседе сабақ берген. Сонымен қатар сол жылдар аралығында Түркістан қалалық орталық мешітінде жыл сайын Рамазан айында Құран хатым түсірген.
2000-2001 жылдары ҚМДБ-ның жанындағы Ислам институтында Құран және тәжуид пәнінен дәріс берді.
2000 жылы Малайзиядағы өткен халықаралық Құран жарысына қатысып, жүлделі орынға иеленген.
2001-2005 жылдары Нұр Мубарак Египет Ислам Мәдениеті университетінің «Исламтанушы» мамандығын тәмамдаған.
2003 жылы Индиядағы өткен халықаралық Құран жарысына қатысып, ынталандыру сыйлығын қанағат тұтты.
2005-2007 жылдары Нұр Мубарак Египет Ислам Мәдениеті университетінде Құран және тәжуидтен пәнінен дәріс берген. Осы аралықтарда Алматы қаласындағы “Ақсай-Айша” мешітінде және Алматы облысы, Талдықорған қалалық орталық мешітінде Рамазан айында Құран хатым түсірген.
2007-2008 жылдары Египет Араб Республикасына отбасымен бірге барып, онда араб тілін жетілдірумен қатар Құран Кәрімді жатқа оқудан ижәзә алған. Яғни, толықтай Құран сабағынан дәріс беруге әбден лайық ұстаз деген сөз.
2008-2010 жылдары Астана қаласының маңындағы «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығында ұстаздық қызмет атқарды.
2010 жылдан бастап ҚМДБ-ның шешімі бойынша аталмыш орталықтың директоры болып тағайындалды. Отбасылы, бес перзенттің әкесі.