Облыстың Бас имамы студенттермен кездесті 3118

Облыстың Бас имамы студенттермен кездесті

01 шілде 2024 2090 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық шарасы аясында жастар арасында құқықбұзушылықтың, оның ішінде құмар ойынның, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселері бойынша Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттермімен кездесіп, құмар ойын тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аталған шара барысында ҚМДБ-ның төл телеарнасы республикалық «Мұнара» телеарнасының арнайы дайындаған «Құмар ойындарға тәуелділік // ЛУДОМАНИЯ» атты бейнеролигі көрсетілді. https://www.youtube.com/watch?v=7gG69fStJcg 

Кездесу барысында облыстың Бас имамы: «Қазіргі күні рухани дерт ретінде кең тараған құмар ойынға салынбау үшін әрбір адам оның мынадай зияндарын білуі қажет: Бірінші: құмар күнәға душар етеді. Құмар ойын арқылы ұтыс ұтқан адам екінші бір кісінің ақысын жеген болып саналады. Ал, адамның ақысын жеуді дініміз үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Екінші: құмар адамдар арасында дұшпандық туғызады

Асыл дініміз адамдарды әркез бауырмалдыққа, өзара бірлікке шақырып, олардың арасына сызат түсуіне, бірліктерінің ыдырауына себеп болатын барлық істерден тыйған. Құмар ойнап, дүниесін жоғалтқан адам іштей өкініп, ұтқан адамға көреалмастық қылады. Оны жек көріп, қайтадан есесін қайтаруды ойлайды. Осылайша олардың арасында дұшпандық пайда болады. Үшінші: құмар ысырапқа душар етеді. Ысырап – мал дүниені қажетінен артық немесе дұрыс орынға жұмсамау дегенді білдіреді. Сондықтан да құмар ойынға жұмсалған мал-дүние ысырап деп танылады. Әдетте тапқан ақшасын құмар ойынға шашатын адамның өмірінде еш берекет болмайды. Тапқан-таянғанының барлығын тек құмарға жұмсап, «осы жолы ұтысқа кенеліп қалармын» деген бос үмітте болады. Бәс тігуге қаражат табу үшін қарызданып, ел-жұртты алдап, ең жақын адамдарының көзінде жағымсыз адамға айналады. Төртінші: құмар уақытты зая етеді. Құмардың тағы да бір үлкен зияны адамның алтындай уақытын, жастық шағын алады. «Уақыт өлтіремін» дегенді сылтау етіп, құмар ойын сияқты басқа да тыйым етілген істермен уақытын өткізу – өмірдің басты мақсатын түсінбеген адамның ісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): ‏«Көп адамдар қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар, олар – денсаулық және бос уақыт», – деген», - деп жалпы адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау екенін айтып, арылу жолдарын және сақтануды атап өтті.

Айта кетсек, кездесуде Бас иманан өзге Ақтөбе облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подколковнигі Асхат Кенжеғалиұлы, Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ботакөз Маратқызы мен Аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкіл Қанат Болатұлы спикер ретінде қатысты.

Шара қортындысында студенттер аталған тақырыптар аясында сұрақтарын қойып, спикерлерден тұщымды жауап алды.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі