Облыстың Бас имамы Білім күнімен құттықтады
Құрметті қауым!
Жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістіктерге жетелесін!
Білім алу, сауатты болу – діннің талабы. Себебі, Алла Құранның алғашқы аяттарын уахи еткенде әуелі «Алақ» сүресінің бес аятын түсірді:
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Раббың ең ардақты! Ол қаламмен жазуды үйретті. Адамдарға білмегендерін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар).
Алғашқы түскен аят «Оқы» әмірімен басталғандықтан мұсылман баласы оқып-үйренуі тиіс.
Ислам діні ер мен әйелге білім алуды міндеттейді.
Бұл туралы ардақты пайғамбарымыз ﷺ білім турасында хадисте:
طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ
«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» деген.
Құран Кәрімде 719 жерде ілім жайында баян етіледі. Сонымен қатар Құранда айтылған кейбір мәселелерді тек ілім иелері ғана түсінетінін көптеген аятта баяндайды. Білімді адам өз ортасынан оқ бойы озып, еліне, жеріне, ұлтына, дініне аянбай қызмет етеді. Алған білімді халық игілігіне жұмсау – сауабы мол амалдың бірі.
Сіздерді, барша ұстаздар мен шәкірттерді білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, сауабы мол қызметтеріңіздің жемісін көруді нәсіп еткей!
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Осынау қайырымды жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі