Құныт дұғасы қашан және қай кезде оқылады? 1474

Құныт дұғасы қашан және қай кезде оқылады?

30 наурыз 2022 18660 Оқу 1 минут

Ханафи мазхабында құныт дұғасын оқу уәжіп болып есептеледі. Яғни құптан намазының 2 ракаат сүннетінен кейін 3 ракаат үтір намазына ниет етіліп, сол намаздың 3-ші ракатында фатиха және қосымша сүрені бітірген соң рукухқа бармай тәкбір алып құныт дұғасын оқиды. Оның оқылу тәртібі төмендегіше:


أللهُمَّ اِنَّا نَسْتَعِينُكَ وَ نَسْتَغْفِرُكَ وَ نَسْتَهْديكَ وَ نُؤْمِنُ بِكَ وَ نَتُوبُ اِلَيْكَ وَ نَتَوَكَّلُ عَلَيْكَ وَ نُثْنِى عَلَيْكَ الْخَيْرَ كُلَّهُ نَشْكُرُكَ وَ لاَ نَكْفُرُكَ وَ نَخْلَعُ وَ نَتْرُكُ مَنْ يَفْجُرُكَ
 .أللهُمَّ إيَّاكَ نَعْبُدُ وَ لَكَ نُصَلِّى وَ نَسْجُدُ وَ إليْكَ نَسْعَى وَ نَحْفِدُ نَرْجُو رَحْمَتِكَ وَ نَخْشَى عَذَابَكَ اِنَّ عَذَابَكَ بِالْكُفَّارِ مُلْحِقٌ

Алла Тағалам, біз күмәнсіз Сенен жәрдем және кешірім тілеп, тура жол, һидаят сұраймыз. Саған иман етіп, күнәларымыз үшін тәубе етіп, Өзіңе арқа сүйейміз. Сені барлық жақсылықтармен мадақтап, зікір етеміз. Бізге берген ырыс-берекеңе шүкір етеміз. Сені теріске шығармаймыз. Саған қарсы келгендерді теріске шығарып, олармен мүлдем байланысымызды үземіз. 

Алла Тағалам! Біз тек Саған ғана құлшылық етіп, сен үшін намаз оқып, саған сәжде етеміз. Саған лайық құл болып, сенің разылығыңды алу үшін жігерленіп, қайраттанып алға ұмтыламыз. Рақымдылығыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Күмәнсіз, азабың кәпірлерді қамтиды. 

Бұл ибн Омар оқыған мәәшһүр дұға. Оның иснады Омарға (р.а) және Абдулла ибн Омарға көтеріледі. [1]. Әл-Байһақи бұл хабардың иснадын сахих деген. 

Жалпы ханафи мазхабында оқылуы уәжіп болған осы дұғаны білмейтін адам кез-келген бір сүрені құныт дұғасының орнына оқыса болады. Оқылуы керек болған дұғаларды оқу сүннет болып есептеледі. Ештеңе оқымаса да белгілі уақыт кідіріп тұрса да құныт жасаған болып есептеледі. 

Құныт дұғасын имамда ұюшы да ішінен оқиды. Себебі Алла тағала Құранда дұға мен зікірдің әдебіне қатысты: 

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалынып және жасырын жалбарыныңдар. Расында ол шектен шығушыларды ұнатпайды»[2].

 Осындай аяттардың негізінде имам Әбу Ханифа: «Зікірдің құпия жасалуы – сүннет. Бұл жалыну мен әдептілікке ең жақын және риядан ең алыс бейне» - деп түсіндірген[3]

Құныт дұғасы үтір намазымен қатар үмметтің басына ауыртпашылық түскенде оқылады. Бұған дәлел Әбу Жағфардан келетін мына риуаят: «Алла елшісі дүниеден озғанша қасірет түскен кездерде құныт оқуды үзбеген»[4].

Дайындаған:

Мұхаммедисмаил Шадман 

 Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы



[1] «әл-Фиқһ әл-Ислами уа Адиллатаһу»: 2/1002

[2] «Ағраф» 55.

[3] «БадиусСанаи» 1/196.

[4] «әл-Әшбаһ уа ан-Назаир ала мазхаб Әби Ханифа ан-Нуман» 382.