НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСҚОСУДА БІРНЕШЕ БАСТАМА КӨТЕРДІ
Бүгін Түркістан қаласында «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы жиынды ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жүргізіп, баяндама жасады.
«Біріншіден, түркітілдес елдер арасындағы діни-этникалық негізде туындайтын шиеленісті келіссөз арқылы реттеуге бар күш-жігерімізді жұмсауымыз тиіс. Мүфтилер алқасына мүше елдер арасында шиеленіске жол бермеу, керісінше діни, рухани жағдайды жетілдіру дін мен мемлекет қатынасын лайықты дамытуға сеп болары анық.
Екіншіден, түрлі бөлінушіліктерге жол бермеу. Атап айтқанда, нәсілдік, діни, этникалық бөлінушіліктерге жол бермей, саяси идеологиялық арандатушылыққа қарсы тұруымыз қажет.
Үшіншіден, ғылыми-рухани сұраныстарды қанағаттандыру. Яғни мүфтилер алқасы аясында бірлескен ғылыми-рухани орталықтар құру, ғалымдар мен оқытушылардың, шәкірттердің тәжірибе алмасуына жағдай жасауымыз тиіс. Қажет болса әдебиеттер алмасу, маңызды діни зерттеулерді түркі халықтары тілдеріне аудару, түркі-Ислам мұраларының ғылыми зерттеулеріне атсалысып, осы бағытта бірлескен оқу семинарлары, конференциялар, симпозиумдар, басқа да маңызды іс-шаралар өткізуге болады. Сондай-ақ түркі дүниесіне ортақ діни, этникалық және дәстүрлі мерекелер мен атаулы күндерді, түркі халықтарына ортақ көрнекті дін, ұлт қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлердің мерейтойларын бірлесіп өткізу де маңызды.
Төртіншіден, Ислам туризмін дамытуға арналған бірлескен іс-шараларды атқару. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын іске қосқан болатын. Осы бағытта еліміздегі тарихи, мәдени, киелі орындарға тур ұйымдастыру, киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру секілді жұмыстар атқарылып келеді. Түркі халықтарына ортақ діни-тарихи орындар жетерлік. Бұл бағытта да бірлескен маңызды зиярат сапарларын ұйымдастырғанымыз абзал» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.