ҚАЖЫЛЫҚ ҒИБАДАТЫНА ҚАТЫСТЫ ОРЫНДАР
Қажылық сөзі «ұлық болған нәрсеге ұмтылу, талпыну», «ерекше орындарды зиярат ету» деп аударылады. Бұл ұғымның терминдік мағынасы «Қағбада және Мекке қаласының кейбір жерлерінде белгілі бір ережелерді сақтай отырып, ғибадат ету және белгілі бір рәсімдерді орындау мақсатында белгілі бір уақыт болу» дегенге саяды.
Әл-ауқаты жеткен мұсылман баласының қажылыққа баруы парыз екендігі жайлы қасиетті Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келтіріледі.
Алла Тағала Құранда былай деген: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» («Әли Имран» сүресі, 97-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес (ұстынға) негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және Рамазанда ораза тұту» деп айтқан.
Қажылық – бұл ерекше символдық мәнге ие құлшылық. Бұл ғибадат материалдық, физикалық, тұлғалық, қоғамдық және өзге де аспектілерді қамтиды. Қажылық иман негіздерін күшейтіп, төрткүл дүние мұсылмандарына сабырлық, махаббат, құрмет, бауырластық, жанқиярлық, жомарттық және т. б. сияқты көркем сезімдерді терең сезінуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы ерекшеліктердің барлығы оны рухани тазарудың қысқа және шоғырланған кезеңіне айналдырады.
Осы ретте қажылықтың белгілі бір уақытқа ғана емес, арнайы орындарға да байланысты екенін еске салайық.
Миқат
Қажылық рәсімін өтеуге ниет еткен әрбір мұсылман миқат деп аталатын арнайы жерлерде ихрамға кіреді. Қасиетті Қағбаны қоршап тұрған мекендер «Харам», «Хил», және «Әфақ» деп үш аумаққа бөлінеді. Қажылық және умра ғибадатын орындауға келетін адамдар осы аумақтарға қарай ихрамға кіреді.
1.Харам аумағы. Жебірейіл періштенің көрсетуі арқылы Ибраһим (Алла оған разы болсын) тарапынан белгіленіп, кейіннен пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тарапынан қайтадан білдірілген, өсімдіктерінің жұлынуына және аңдарының, жалпы жан-жануарларына зиян тигізуге тыйым салынған Мекке және оның айналасындағы қасиетті мүбәрак жерлер «Харам аумағы» делінеді.
Меккеліктер қажылыққа Харам аумағының ішінде ихрамға кіреді. Ал, умра үшін Харам аумағының сыртындағы Хил аумағына ең жақын орналасқан Тан’имға барып ихрамға кіреді.
2. Хил аумағы. Харам аумағы мен Миқат жерлерінің ортасындағы мекен – Хил аумағы. Бұл аумақта тұратындар Харам аумағының сыртынан өздерінің тұрып жатқан жерлерінен ихрамға кіреді.
3. Әфақ аумағы. Харам және Хил аумақтарының сыртындағы аумақтар – Әфақ аумағы болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әфақ аумағынан Харам аумағына немесе Меккеге келетіндердің ихрамсыз өтулеріне болмайтын бес жерді миқат ретінде белгілеген. Бұл бес миқат:
- Мәдина жағымен баратындар үшін Меккеден 464 шақырымдай жердегі – «Зулхулайфә». Қазір бұл жер – «Әбәр Али» деп аталады (Қазақстан қажылары көбінесе осы жерден ихрамға кіреді).
- Мысыр, Сирия және Еуропа құрлығынан теңіз арқылы баратындар үшін Меккеден 187 шақырымдай жердегі – «Жухфа».
- Нәжд және Кувейт тарапымен баратындар үшін Меккеден 96 км ұзақтықта жатқан – «Қарнул-Маназил».
- Ирак, Иран жағымен баратындар үшін Меккеден 94 км ұзақтықта жатқан – «Зәтул-ғирқ».
- Йемен жағымен баратындар үшін Меккеден 54 км ұзақтықта жатқан – «Иаламлам».
Әл-Харам мешіті
Жаратушы Аллаға құлшылық ету мақсатында салынған ең алғашқы және ежелгі ғибадатхана. Бұл мешіт Қағба, Ибраһим мақамы және Зәмзәм бұлағын айнала орналасқан.
Мұнда оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екені жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде айтып кеткен. Сондықтан, қажыға барғандар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, намаздарын еселей түскені абзал.
Қағба
Жер бетінде Алла Тағалаға ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. Қағба – «Бәйтуллаһ», яғни «Алланың үйі» деген де атқа ие.
Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, жер бетінде адамдар үшін (құлшылық орны ретінде) ең алғаш салынған үй – Меккедегі Қағба» («Әли Имран» сүресі, 96-аят) деп келеді.
Хәжәрул Әсуәд (қара тас)
Бұл тасты Қағбаның күншығыс жағындағы бұрышына хазреті Ибраһим (Алла оған разы болсын) қойған. Қажылар тауап жасауды осы бұрыштан бастайды.
Ибраһим мақамы
Хазреті Ибраһимнің (Алла оған разы болсын) Қағбаны тұрғызғаннан кейінгі қажылыққа адамдарды шақырған кезде үстіне шыққан тастың тұрған жері. Тауап етіп болғаннан кейін оның жанына барып екі рәкат намаз оқу – сүннет.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Біз Бәйтулланы (Қағбаны) адамдар үшін сауабы мол зиярат орны һәм қауіпсіз мекен қылған едік. Ибраһим мен Исмайылға: «Тауап етушілер, иғтикафқа кіргендер (яғни құлшылық ету мақсатында оқшауланғандар), тынбай руқуғ және сәжде жасап намаз оқитындар үшін Үйімді таза ұстаңдар», деп бұйырдық» («Бақара» сүресі, 125-аят).
Арафат
Мейірімділік төбесі («Жәбәлур-Рахма») деп аталатын Арафат тауы, Мекке қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі шамамен 60 метр. Қажылардың Арафа күні уақфа, яғни барлығы бірге Жаратушы Аллаға жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін жиналатын жері.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық – арафат (Арафатта тұру)», – деген.
Мұздалифа
Мұздалифа – Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады.
Алла Тағала Құранда былай деген: «Арафатта тұрғаннан кейін (бейне бір сел секілді Мұздалифаға қарай) ағылғандарыңда, Мәшғарул-харамда (яғни Мұздалифада) Алланы еске алыңдар» («Бақара» сүресі, 198-аят).
Мина
Мина – Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер.
Сафа мен Мәруа
Қағбадан 200 метр қашықтықта орналасқан екі төбе. Екеуінің арасы 350 метрдей. Құран Кәрімде бұл жерлер жайлы былай деп келеді: «Сафа мен Маруа – Алланың (һәм хақ дін Исламның) қасиетті нышандарының бірі. Кім қажылық немесе умра жасайтын болса Сафа мен Мәруада ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят).
Бұл орындардан бөлек, қажылық барысында мұсылмандар Меккеде Хира үңгірі, Сәуір үңгірі, Мәдинада Нәбауи мешіті, Рауза Мұтаһһара, Жәннәтул Бақи сияқты жерлерді де зиярат етеді.
Алла Тағала барша әлем мұсылмандарына қажылық құлшылығына баруды нәсіп етіп, бұл мәтінімізде аты аталған қасиетті мекендер мен орындарда құлшылық жасауға мүмкіндік бергей. Әмин!
Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау аймағының бас имамы