Наиб имам «РИКА» телеарнасына білім алудың абзалдығы жайында сұхбат берді
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев «Рика» телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында журналистке ислам дініндегі білім алудың артықшылығы туралы сөз қозғады.
Имам өз сөзінде дін ілімін үйрену – әрбір мұсылман үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, шынайы білім адамды адасушылықтан сақтайтынын жеткізді. Сондай-ақ, діни сауаттылық қоғамдағы түрлі теріс ағымдардың алдын алуда үлкен рөл атқаратынын тілге тиек етті.
Сұхбат барысында қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбар хадистері негізінде білім алудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деген мазмұндағы аят арқылы ілімнің артықшылығы айқындалатыны айтылды.
Сонымен қатар, наиб имам қазіргі таңда жастардың діни білімді сенімді әрі ресми ұстаздардан, мешіттер мен діни оқу орындарынан алу қажеттігін ескертіп, интернеттегі тексерілмеген ақпараттарға сақ болуға шақырды.
Сұхбат соңында көрермендерді ізгілікке, білімге ұмтылуға және қоғам бірлігін нығайтуға үндеді.







































