Уақып жасау – сарқылмас сауап 5869

Уақып жасау – сарқылмас сауап

29 қаңтар 2026 7 Оқу 1 минут

Дінімізде кез келген қайырлы істің сауабы еселеніп жазылатыны ақиқат. Алайда уақыпқа келгенде «еселенген сауап» емес, «сарқылмас сауап» деген ұғым қатар айтылады. Осы «сарқылмас сауаптың» мәнін әркім әрқалай түсінеді. Оны өмірден алынған қарапайым бір мысал арқылы түсіндіруге болады.

Бағбанның еңбегін алып қарайық. Оның екі түрлі кәсібі бар. Біріншісі – жыл сайын егіп, сол жылы ғана өнім беретін дақылдар. Қарбыз, қауын, қияр, қызанақ сияқты көкөністерді жыл сайын қайта егіп, қайта күтесің. Өнімі бар, бірақ уақыты шектеулі.

Ал екінші жұмыс – бір рет егіліп, ұзақ жылдар бойы жемісін беретін ағаштар. Алма мен алмұрт секілді жеміс ағаштарын бір мәрте отырғызасың, ал ол ағаш ондаған жыл бойы өнімін үзбей береді. Өзіңе де, өзгеге де пайдасы тиеді.

Міне, садақа, зекет секілді көпшілік қайырлы істер – жыл сайын егілетін қарбыз бен қауын іспетті. Сауабы бар, берекесі мол, бірақ белгілі бір уақытпен шектеледі. Ал уақып – алма мен алмұрт ағашын отырғызғанмен тең. Бір рет жасалған игі амал, бірақ оның сауабы тоқтаусыз ағып, уақыт өткен сайын көбейе береді.

Уақып – тек бір сәттік жақсылық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын сауапты мұра. Ол тіріде де, бақилық болғаннан кейін де иесіне үздіксіз сауап болып жетіп тұрады. Сондықтан уақып – дініміздегі ең көркем, ең терең мағыналы қайырлы істердің бірі.