ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕДІ
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау. Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар», – деп айтқан («Мәйда» сүресі, 90-аят).
Аятта құмарды «ластық» іс деп атауы жайдан жай емес. Өйткені «рижс» (ластық) сөзі – әрі зиянды, әрі күнәлі нәрсеге қолданылады. Сонымен қатар бұл істердің шайтанның ісінен деп атаулы да тегін емес. Себебі шайтанның мақсаты адамды азғырып азапқа душар ету. Осының өзі адам баласына тыйым салынған іс екендігін ұғындырып тұр. Аятта «рижс» деп танылған ішімдік, құмар, тізілген тастар және бал ашатын оқтардың ешбіріне жақындамау, жуымау керектігі бұйырылған. «Жақындамау» «жуымау» деген бұйрық «жасама» деген бұйрықтан да ауқымды мағынаға ие. Себебі «жасама» деп іс барысында айтылады. Ал «жуыма» деу ол істі істемек түгілі оған жақындауға тыйым салынады. Аяттың жалғасында:
لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Мүмкін құтыларсыңдар», – деп аяқталуында да үлкен мән бар. Өйткені құмарды тастау – құтылуға жетелейді, жеңіске жеткізеді. Яғни, құмар сынды жағымсыз әдеттен арылған адам мақсатына жетеді. Мұсылманның мақсаты – дүниеде де, ақыретте де бірдей жеңіске жетіп, екі дүниенің бақытына кенелу. Егер не нәрсе бұл мақсаттың алдын орайтын болса, мұсылман адам оны сөзсіз тастауы керек.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ حَلَف فَقَالَ فِي حَلِفِهِ: بِالَّلاتِ والْعُزَّى، فَلْيقُلْ: لاَ إلَهَ إلاَّ اللَّه وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ، تَعَالَ أُقَامِرْكَ فَليتَصَدَّق
«Кімде-кім ант бергенде Лат, Уззаның (пұттар) атымен ант етсе, «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа Құдай жоқ)», – десін. Ал, кімде-кім досына «Жүр құмар ойнайық», – десе, садақа берсін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса, оның садақа беруі қажет. Сонымен қатар хадистен құмар ойынды ойнау былай тұрсын, оған шақырудың өзі күнә екенін білдіреді.
Қазіргі күні рухани дерт ретінде кең тараған құмар ойынға салынбау үшін әрбір адам оның мынадай зияндарын білуі қажет:
Бірінші: құмар күнәға душар етеді
Құмар ойын арқылы ұтыс ұтқан адам екінші бір кісінің ақысын жеген болып саналады. Ал, адамның ақысын жеуді дініміз үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Ақыретте ақысы кеткен адам кешпейінше, Алла Тағала да ол адамның күнәсін кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَسْـَٔلُونَكَ عَنِ ٱلْخَمْرِ وَٱلْمَيْسِرِ ۖ قُلْ فِيهِمَآ إِثْمٌ كَبِيرٌ
«Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар», – деп айтқан», – деген («Бақара» сүресі, 219-аят).
Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ
«Мұсылманға екінші бір мұсылманның мал-мүлкіне, қаны мен ар-намысына қол тигізуі – харам», – деп ескерткен.
Құмар ойыны арам етілген іс болғандықын, ол арқылы келген қаражат та харам болып саналады. Мұсылман адам ондай жолмен нәпақа таппайды әрі бұндай саладағы кәсіппен де айналысуына болмайды.
Құмар ойын күнә арқалатумен қатар адамды жауапсыздыққа, жалқаулыққа, қала берді сұрамшақтыққа бойын үйретіп, соңында ешкімге жаны ашымайтын, ертеңін ойламайтын, ақша үшін арын да, намысын да оп-оңай сатып жіберетін төмендікке, надандыққа алып барады. Отбасының берекесін кетіріп, қоғамды бүлдіреді.
Бұлайша құмарлыққа салынушылардың арасында өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге түскендері өте көп. Осындай адам баласының екі дүниесін де құрдымға кетіретін ауыр зардаптары болғандықтан, Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынды «лас» шайтанның амалдарына жатқызып, одан бойды аулақ ұстауды, мүлдем жоламауды ескерткен. Өйткені құмар ойын аяқты бір батырса, ары қарай тартып әкететін батпақ іспеттес. Құмар ойынға құныққандар бастапқыда жай ермек үшін ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, ойынға құнығып, тәуелдікке айналады. Уақыт өте келе, құмар ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын күйге жетеді.
Қисса
Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», –дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып қанша ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, жаман әдетті көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көммекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.
Екінші: құмар адамдар арасында дұшпандық туғызады
Асыл дініміз адамдарды әркез бауырмалдыққа, өзара бірлікке шақырып, олардың арасына сызат түсуіне, бірліктерінің ыдырауына себеп болатын барлық істерден тыйған. Құмар ойнап, дүниесін жоғалтқан адам іштей өкініп, ұтқан адамға көреалмастық қылады. Оны жек көріп, қайтадан есесін қайтаруды ойлайды. Осылайша олардың арасында дұшпандық пайда болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәйда» сүресі, 91-аятында:
إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلاةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ
«Расында шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан бөгеуді қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп ескерткен.
Құмар – Алланы еске алуға тосқауыл болады. Ойынның қызығына кіріп, эмоцияның жетегінде кеткен адамдардың өзінің мұсылмандық болмысынан ажырап не сөзіне, не ісіне есеп бермейтін күйге түскені жасырын емес.
Алла Тағала құмардың осыншама зиянын айта келе: «Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деді. Міне осы аятты іске асырған кезіндегі сахабалар аяттың түсісімен-ақ бұл істерді доғарған. Сөйтіп олар адамзат тарихында пайғамбарлардан кейінгі ең құрметті орынға бөленді. Алла оларға разы болды.
Шайтан малғұн арақты, құмар ойынды ортаға салып, жақын достар мен ағайындардың арасын суыту үшін бар айласын қолданып қалуға тырысады. Бұндай ойыннан жеңіліске ұшырап, уақытында өзін тоқтатпай, соңында малынан түгелдей айрылған адам жеңгенге де, ұйымдастырған адамға да көзқарасы өзгеріп, әр нәрсеге ашушаң болып, стресске түсіп, психикасы күйзеліп, әркімге кектеніп жүреді.
Қанша жерден өз еркімен бәс тіккен болса да, адам ұтылып қалған кезінде жүрегі қынжылып, көңіл күйі түсері сөзсіз. Ал, сауда-саттық секілді адал істерде адам өз еркімен әрекет етеді. Ешкім оны мәжбүрлемейді және өзара разылық негізінде ғана келісімге келеді. Алла Тағала Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا.
«Уа, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер! Ал, өзара келісіп жасасқан сауда-саттықтың жөні басқа. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Алла сендерге өте мейірімді», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 29-аят).
Сондықтан да мұсылман адам мұсылмандардың татулығы мен бірлігіне сызат түсіретін барлық істерден сақтанып, бауырмалдықтарын арттыратын, ауызбіршіліктерін күшейтетін істерге ұмтылуы қажет.
Үшінші: құмар ысырапқа душар етеді
Ысырап – мал дүниені қажетінен артық немесе дұрыс орынға жұмсамау дегенді білдіреді. Сондықтан да құмар ойынға жұмсалған мал-дүние ысырап деп танылады. Әдетте тапқан ақшасын құмар ойынға шашатын адамның өмірінде еш берекет болмайды. Тапқан-таянғанының барлығын тек құмарға жұмсап, «осы жолы ұтысқа кенеліп қалармын» деген бос үмітте болады. Бәс тігуге қаражат табу үшін қарызданып, ел-жұртты алдап, ең жақын адамдарының көзінде жағымсыз адамға айналады. Абай атамыз:
Өтірік, өсек, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз, – деп, мал шашуды бес дұшпанның бірі ретінде атаған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 26-аятында.
وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلاَ تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا
«Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Әрі мүлде ысырап қылмаңдар», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ اللَّهَ كَرِهَ لَكُمْ ثَلَاثًا: قيلَ وَقالَ، وإضَاعَةَ المَالِ، وَكَثْرَةَ السُّؤَالِ
«Алла Тағала сендерден мынадай үш нәрсені ұнатпайды:
- Өсек айтатын өсекшіні;
- Дүние-мүлкін құр босқа шашушыны;
- Қажетсіз көп сұрақ қоюшыны», – деген.
Төртінші: құмар уақытты зая етеді
Құмардың тағы да бір үлкен зияны адамның алтындай уақытын, жастық шағын алады. «Уақыт өлтіремін» дегенді сылтау етіп, құмар ойын сияқты басқа да тыйым етілген істермен уақытын өткізу – өмірдің басты мақсатын түсінбеген адамның ісі. Ізгілер: «Уақытыңның босқа өткені – өміріңнің бос кеткені», – деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ
«Көп адамдар қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар, олар – денсаулық және бос уақыт», – деген.
Тағы бір хадис шәріпте:
اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ
«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастықшақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген (имам Хаким).
Құнды, бағалы затты адам баласы қастерлеп, құрметтеп, сақтайтыны белгілі. Сол сияқты біздер үшін аса құнды болған өмірімізді бағалап, оны пайдасыз, күнәлі әрі зиян беретін істермен шұғылдануға жұмсаудан сақтануымыз қажет.
Қисса
Бір дана адам бос құмыраны алып, таспен толтырады. Шәкірттерін жинап, оларға: «Құмыра толы ма?» – деп сұрақ қояды. Шәкірттері: «Иә», – деп жауап береді. Дана адам енді бұршақ толы ыдысты алып келіп, бұршақты түгелдей құмыраға құяды. Бұршақ тас арасындағы бос жерді толтырады. Сонда дана адам: «Енді құмыра толы ма?» – деп сұрайды. Шәкірттері бас изейді. Бұл жолы дана құм толып тұрған ыдысты алып, ондағы құмды құмыраға құяды. Құм бұршақ пен тас арасынан өтіп, бүкіл бос жерді толтырады. Дана шәкірттерінен тағы да: «Құмыра толды ма?» – деп сұрап, бұл жолы да «иә» деген жауап алады. Сонда дана суға толы кесені алып, ондағы суды құмыраға құяды. Дана адам осы кезде шәкірттеріне былай дейді: «Сендерге айтайын дегенім, құмыра – біздің өміріміз. Тас – өміріміздің басты бөліктері: балалар, отбасы, достар, денсаулық. Бұршақ – бізге қуаныш сыйлайтын дүние, бірақ ең маңызды нәрсе емес. Құм болса кез келген адамның өмірінде бар ұсақ-түйек нәрселер.
Егер басында құмыраны құмға толтырсаңыз, бұршақ түгілі тасқа да орын қалмайды. Өмірде де солай: ұсақ-түйекке уақыт жұмсасаң, бастысына уақытың жетпейді», – деген екен.
Құмар ойын дертін емдеудің жолдары
Құмар ойынының дертіне шалдыққан адам Жаратушыдан жәрдем тілеп, мынадай амалдарды атқаруға мән берсе, одан арылуына болады:
Бірінші: ойлану. Құмар ойынды қоюды қалаған адам бір сәт тоқтап, өзінің негізгі өмірлік мақсатын ойлап, құмар ойынның зияны жайында пайымдап, бұл жаман әдетін қойып, уақыттың оған берілген үлкен қазына екендігін түсініп, бар күш-жігерін жақсы істерге жұмсауға тырысуы қажет.
Екінші: нәпсіні жаман қалаудан тыю. Құмар ойынына тап болудың да негізгі себебі – нәпсі қалауына еру. Адам баласын нәпсіні жаман қалауларынан тыйып, тәрбиелеп отырмаса, түрлі нәрсеге құмартып, күнәлі істерге душар етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның:
وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى
«Кімде-кім Алланың алдында (сұраққа тартылып) тұрудан қорықса, нәпсіні қалауынан тыйса, оның барар орны жәннат болады», – деп айтқан («Назиғат» сүресі, 40-41-аяттар).
Үшінші: адал еңбек. Мұсылман адам дүниені адал жолмен, маңдай терімен табуды ойлауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ
«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).
Төртінші: балаға жастайынан дұрыс тәрбие беру. Шыбықты жастайынан түзету оңай, бірақ қатты бұтаны түзету қиындық туғызады. Балаға да жастайынан адал еңбек ету, өзгенің ақысын жемеу сияқты істерді жастайынан құлағына құйып өсіру жаман әдеттін сақтануы үшін аса маңызды.
Бесінші: жаман ортадан алшақтау. Құмар ойынынан құтылуды қалаған адам ең бірінші құмар ойнайтын ортадан, осы іске шақырып, бірге жүрген адамдардан алыстап, ізгі орта тауып, жақсы адамдарды өзіне дос тұтуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اَلرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ
«Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!» – деп айтқан (имам Тирмизи).
Құрметті жамағат!
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.
Сөз соңында айтарымыз, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұғасын да ұмытпай айта жүргеніміз абзал:
اللَّهُمَّ، أَرِنَا الْحَقَّ حَقًّا وَارْزُقْنَا اتِّبَاعَهُ، وَأَرِنَا الْبَاطِلَ بَاطِلًا وَارْزُقْنَا اِجْتِنَابَهُ
«Уа, Аллам! Бізге ақиқаттың ақиқат екенін көрсетіп, соның соңынан еруді нәсіп ет. Сондай-ақ, бізге жалғанның жалған екенін де көрсетіп, одан аулақ жүруімізге жәрдем бер!».
Алла Тағала біздерді нәпсінің жетегіне еруден, түрлі күнәлі істерден сақтап, аулақ жүруді нәсіп етсін.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі