ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ – ІЗЕТ 3751

ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ – ІЗЕТ

27 қыркүйек 2024 45 Оқу 1 минут

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын!  

Адам баласы дүниеге әлсіз болып келіп, жастық шақта бойына күш-қуат бітіп, қартайғанда қайтадан әлсіреп, өзгелердің жәрдеміне мұқтаж болып қалады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

ٱللَّهُ ٱلَّذِى خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً  يَخْلُقُ مَا يَشَآءُ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْقَدِيرُ

«Ол сондай Алла! Сендерді әлсіз етіп жаратты, одан соң әлсіздіктен қуаттандырып, күшейтті. Одан соң күштіліктен әлсіретіп кәрілік берді. Алла нені қаласа, соны жаратады, Ол шексіз білім иесі, теңдессіз құдірет иесі», – деп айтқан («Рум» сүресі, 54-аят).

Өмір алма-кезек. Кімде-кім бойында күш жігер бар уақытында, яғни жастық шақта үлкендерді сыйлап, құрмет көрсетсе, ертең қартайғанда жасаған қызметі алдына шығады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا أَكْرَمَ شَابٌّ شَيْخًا لِسِنِّهِ إِلَّا قَيَّضَ اللَّهُ لَهُ مَنْ يُكْرِمُهُ عِنْدَ سِنِّهِ

«Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді», – деген (имам Тирмизи).

Қазақ халқы: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» немесе «Қарты бар елдің қазынасы бар» деу арқылы үлкен адамның қадір-қасиетін бағалап, сыйлап, құрмет көрсетуді насихат еткен. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр,
– деп,  үлкен адамдардың қонақ екендігін

ескерткен. Осы себепті асыл дініміз жасы үлкен қарт адамдарды ерекше сыйлап, құрмет көрсетуді бұйырады. Бүгінгі жұма уағызымызда мұсылманның жасы үлкен адамдарға деген негізгі үш әдебіне тоқталмақпыз:

   

Бірінші: қарт адамды құрметтеу

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл турасында:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا ، وَيَعْرِفْ شَرَفَ كَبِيرِنَا

«Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деп айтқан (имам Термизи).

Хадис мәтіндерінде әлде бір істі тәрк етуге қатысты «бізден емес» деп айтылар болса, ол істің дінімізде аса маңызды екенін білдіреді.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлкендерге құрмет көрсетудің әрдайым кемел үлгісі болатын. Әлдебіреу сүт немесе су әкелген болса, Екі дүние сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі ішіп, кейін оң жағында отырған кісіге беретін. Егер оң жақтағы кісінің жасы кіші болса, одан үлкен кісілерге бірінші беру үшін рұқсат сұрайтын. Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын) былай деген:  «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сусын алып келінді, ол оны ішті. Пайғамбардың оң жағында бір жас жігіт отырды, ал сол жағында қариялар болды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жас жігіттен: «Сен маған мына ыдысты алдымен мына кісілерге ұсынуға рұқсат етесің бе?» – деп сұрады (имам Бұхари, Мүслим).

Имам Ибн Рушд «Әл-Баян уа әт-тахсил» атты кітабында: «Жиынға келген адамдардың дәрежелері тең болса, көркем мінез тұрғысынан қарағанда оң жақтан бастау мұстахаб. Аталмыш мәміленің осылайша жасалуының мәнісі – бірінің дәрежесін көтеріп, бірінің дәрежесін түсіруден сақтану. Ал егер олардың арасында ғалым не елге сыйлы адам, не жасы үлкен кісі табылса, ол мәжілістің қай жерінде отырғанына қарамай, сол адамнан бастау – сүннет. Сосын барып оның оң жағында отырған адамға құрмет көрсетіледі», – деген.

Жалпы үлкенді құрметтеуге: сәлем беру, «сіз» деп сөйлеу, бірінші болып сәлем беру, көпшілікте орын беру, дастарқан басында төрге шығару, жүргенде артынан жүру, жол көрсету мақсатында болса алдында жүру, дастарқан басында тамақ алуды үлкен кісінің бірінші болып бастауы сынды істер жатады. Хузайфа (Алла оған разы болсын):

كُنَّا إِذَا دُعِينَا مَعَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى طَعَامٍ، لَمْ نَضَعْ أَيْدِيَنَا حَتَّى يَبْدَأَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَيَضَعَ يَدَهُ

«Егер Алла Елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге асқа шақырылсақ, ол кісі бастамайынша, ешбіріміз тамаққа қол созбайтын едік», – деген (имам Мүслим).  

XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц былай деп жазған екен: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер-азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды».

Ақырет күні Жаратушымыздың мейірімімен қария кісінің есебі жеңілдетілетіні жайында хабар жеткен. Алла Тағала қиямет күні ғарасат майданында қария кісіні есепке тартып: «Сен неге мына күнәларды жасадың?» – деп сұрайды. Әлгі қария да жасаған күнәсін мойындамай, «мен жасаған жоқпын» деп жауап береді. Осы кезде рақымды Алла Тағала: «Ендеше мынаны жәннатқа апарыңдар», – деп бұйырады. Сонда періштелер таңырқап: «Уа, Алла! Бұл пендеңнің күнә жасағанын Сен білесің ғой», – дейді. Алла Тағала оларға: «Иә, солай. Бірақ Мұхаммедтің үмбеті болған оның ағарған шашы мен сақалына қарадым. Айыбын бетіне басуға ұялдым», – дейді. Осы хабарды Жебірейіл періште ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізгенде жанарына жас толып, жылап жіберіп: «Алла Тағала үмбетімнің ақ сақалдарын азапқа келтіруден ұялады да, үмбетімнің ақсақалдары күнә істеуден ұялмайды», – дейді  (имам Ибн Хиббан). 

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті немерелері Хасан мен Хусейн ойнап жүріп, бір қарияның дұрыс дәрет алмағанын кездейсоқ байқап қалады. Қария дәрет алып болған соң, қалтасынан бет орамалын алып сүртініп жатқанда балалар сәлем бергеннен кейін: «Дәретіңізді Алла қабыл етсін, ата!» – дейді. Қария ол екеуіне риза болып алғысын білдіреді. Сосын, олар: «Ата, біздің бір өтінішіміз бар еді. Біз екеуміздің қайсымыз дәретті дұрыс аламыз, соған қарап дұрыс баға берсеңіз. Екеуміз осыған бәстесіп қалған едік», – дейді. Сөйтіп екеуі де жақсылап тұрып дәрет алады. Қария екеуіне мүқият қарап тұрады. Балалар: «Қайсымыздың жасағанымыз дұрыс? Қатеміз болса айтыңыз, ендігәрі қателік жібермейтін болайық. Сол үшін сізге рахметімізді айтамыз. Сізге сауап жазылады», – дейді. Қария: «Екеуіңнің де алған дәреттерің дұрыс. Бірдей алдыңдар. Ешқандай айырмашылық жоқ. Дәретті мен дұрыс алмай жүр екем. Осыншама жасқа келсем де дәреттің қалай алынатынын білмейді екем. Мен сендерден қалай дәрет алу керектігін үйрендім. Сендерге үлкен рахмет. Көп жасаңдар. Сендер маған жақсылық жасадыңдар. Айтпақшы сендер кімнің баласы едіңдер? Есімдерің кім?» – дейді. Балалар: «Әкеміздің аты Әли. Біздің есіміміз Хасан мен Хусейн. Пайғамбардың немересіміз», – деп жауап береді. Қария көз жасына ие бола алмай, оларға: «Иә, көрініп тұр. Бойларыңдағы әдептілік пен кішіпейілділік Пайғамбардың немересі, Әлидің баласы екендіктеріңді көрсетіп тұр. Сендер маған, менің көңіліме тимей, дәрет алуды үйреттіңдер. Алла сендерге разы болсын!» – деп балаларға батасын береді.

 

Екінші: жасы үлкен адамға бірінші сөз беру

«Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» демекші, жасы кіші адам үлкеннің сөзін бөлу, рұқсат сұрамай одан бұрын сөйлеу әдептілікке жатпайды. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше сахабалары келіп, өздерінің жағдайын айтпақшы болғанда, олардың арасындағы жасы кіші болған Әбдурахман ибн Сәһл бірінші болып сөйлей бастайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كَبِّرِ الكُبْرَ

«Үлкенді құрметтеңдер», – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).

Әбу Сағид Самура ибн Жундуб (Алла оған разы болсын): «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында жас бала болатынмын. Одан Құран мен хадис жаттайтынмын. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мені сөз сөйлеуден еш тоспайтын, бірақ құзырында менен үлкен ер адамдар болса, сөзді соларға беретін», – деген (имам Бұхари, Мүслим). 

Осындай Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен тәрбиені бойына сіңіріп өскен Абдулла ибн Омар (әкесі екеуіне Алла разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманға ұқсайтын бір тал бар. Оның жапырақтары түспейді. Ол қандай тал екендігін маған кім айтады?» – деп сұрақ қояды.  Адамдар шөл далада өсетін әртүрлі талдарды атай бастайды. Мен ішімнен «ол құрма талы шығар» деп ойладым. Бірақ ойымды айтуға ұялдым». Кейін адамдар: «Уа, Алланың Елшісі, ол қандай тал екендігін бізге өзіңіз айтыңызшы?!» – деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – құрма талы», – деп айтты» (имам Бұхари).

Бұл хадистен Абдулла ибн Омардың бойындағы үлкенді сыйлау, олардың алдында қымсыну, ұялу сипатының болғандығын көруімізге болады. Өйткені ол кісі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойған сұрақтың жауабын білсе де, жасы үлкен сахабалардың алдында оны айтуға ұялған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына намазда жасы үлкендерін имамдыққа шығаруды насихат еткен. Мәлик ибн Хуайрис (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Біз жасымыз шамалас жастармен бірге Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) барған едік. Хақ сардарының жанында жиырма күн тұрдық. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте мейірімді әрі жұмсақ кісі болатын. Бір күні бізді отбасыларын сағынған шығар деп ойлап, үйімізге кімді қалдырып келгенімізді сұрады. Біз бар мән-жайды айтып бердік. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اِرْجِعُوا إِلَى أَهْلِيكُمْ، فَأَقِيمُوا فِيهِمْ،  وَ عَلِّمُوهُمْ وَمُرُوهُمْ، وَإِذَا حَضَرَتِ الصَّلَاةُ، فَلْيُؤَذِّنْ لَكُمْ أَحَدُكُمْ، ثُمَّ لِيَؤُمَّكُمْ أَكْبَرُكُمْ

«Отбасыларыңа қайтыңдар және солармен бірге тұрыңдар. Оларға білім үйретіңдер әрі оларға (амал жасауды) бұйырыңдар. Намаз уақыты кіргенде, бірің азан айтып, жасы үлкенің имамдыққа шықсын», – деді (имам Бұхари, Мүслим).

Тағы бір хадисінде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

يَؤُمُّ الْقَوْمَ أَقْرَؤُهُمْ لِكِتَابِ اللهِ ، فَإِنْ كَانُوا فِي الْقِرَاءَةِ سَوَاءً فَأَعْلَمُهُمْ بِالسُّنَّةِ، فَإِنْ كَانُوا فِي السُّنَّةِ سَوَاءً فَأَقْدَمُهُمْ هِجْرَةً، فَإِنْ كَانُوا فِي الْهِجْرَةِ سَوَاءً فَأَقْدَمُهُمْ سِنّاً

«Құранды ең жақсы оқитын адам жұртқа имамдық етеді. Егер адамдар Құран оқуда барлығы тең болса, сүннетті ең жақсы білетін адам имамдыққа өтеді. Сүннетті білу жағынан да барлығы тең дәрежеде болса, һижраны ең бірінші жасаған адам имамдыққа шығады. Ол жағынан да тең болса, жасы ең үлкен адам имамдық етеді», – деген (имам Мүслим).

 

Үшінші: үлкендерге қызмет көрсету

Қарт адам әлсіз болғандықтан, белгілі бір қызмет пен жәрдемге мұқтаж. Олардың сол мұқтаждықтарын жастар жәрдемдесіп, қызметінде болып өтеулері тиіс. Даналық сөзде: «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», – делінген.

Жастар үлкендерге: өтініш білдірсе орындау, қолындағы жүгін көтерісу, жолдан өткізіп жіберу, қоғамдық көлікте орын беру сияқты істер арқылы орындайды.

Әсіресе өз отбасындағы қарт ата-ананы сыйлап, олардың қызметін айтқызбай орындау, төсек тартып жатып қалатындай жағдай болса, уақытылы тамағын беру, жуындырып, таза жатуын қадағалау – адамның перзенттік борышы. Өйткені адам баласы сәби болғанда бұл істердің барлығын ата-ана түн ұйқысын төрт бөліп, үлкен махаббатпен орындайды. Алайда көп перзент ер жетіп, бойына күш қуат бітіп, ата-ана әлсіреген кезде бұндай қызмет жасауға немқұрайлық танытып жатады. Сондықтан да қызметін жасап, ризалығын аулымыз керек болған ең үлкен қонағымыз – шаңырағымыздағы ата-анамыз екенін ешуақыт ұмытпайық.

Кейбір перзент есейгенде ата-анамен сырласып, сөйлесуден де қалып жатады. Қартайған кезінде адам құрдастарынан айырылып, әңгімелесіп, сырласатын адам іздейді. Осы кезде перзент қарияның сырласы да, мұңдасы да бола біліп, жалғызсыратпай, жақсы көңіл-күй сыйлап тұруы тиіс. Дастарқан басында отырғанда ұялы телефонға емес, ата-ананың жүзіне үңіліп, қал-жағдайын сұрап, көңілін көтеріңкі, қабағының ашық болуына назар аударған жөн. Әйгілі Қашаған жырау:

Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім
, – деп айтқанындай, жастар қадірін білмеген

қартты бабаларымыз жетімге балаған.

Шаңырағында үлкендері бар үй – берекелі үй. Оларды құрметтеген адам Алла Тағаланың бұйрығын орындағандықтан, Жаратушымызды ұлықтаған болып саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِنْ إِجْلَالِ اللهِ تَعَالَى إِكْرَامَ ذِي الشَّيْبَةِ الْمُسْلِمِ, وَ حَامِلِ الْقُرْآنِ غَيْرِ الْغَالِي فِيهِ وَ الْجَافِي عَنْهُ, وَ إِكْرَامَ ذِي السُّلْطَانِ الْمُقْسِطِ

«Сақал-шашы ағарған мұсылманды, Құранды көтеріп жүруші әрі онда шектен шықпаған, одан айнымаған адамды құрметтеу және әділ басшыны құрметтеу – Алланы ұлықтаудың белгісі болып табылады», – деген (имам Әбу Дәуід).

 

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَمَن نُّعَمِّرْهُ نُنَكِّسْهُ فِي الْخَلْقِ ۖ أَفَلَا يَعْقِلُونَ

«Біз кімге ұзақ ғұмыр берсек, оны жаратылысында әлсіретеміз. Олар сонда да ақылға салып ойланбай ма?» – деп айтқан («Ясин» сүресі, 68-аят).

Үлкен кісінің әлсіздігін ескеріп, оларға құрмет көрсету ата-бабаларымыздың ерте заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі болып табылады. Бұрынғы өткен даналар: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең: «менен жасы үлкен болғандықтан сауапты амалдары да менен көп болар» деп ойлап, оны сыйлай біл, өзіңнен жасы кіші адамды көрсең «менен жасы кіші болғандықтан күнәлі істері менен аз болар» деп ойлап, оны да сыйлай біл», – дейді екен.

Алла Тағала қарияларымызға амандық, жастарымызға береке нәсіп етіп, бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі