ЕҢ КЕМЕЛ РАМАЗАН БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ.. 1555

ЕҢ КЕМЕЛ РАМАЗАН БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ..

19 сәуір 2022 124 Оқу 1 минут

Кейбір мұсылмандар Рамазанды қандай да бір ерекшеліксіз, бірқалпы өткізіп жатады. Олардың күн тәртібінде, намаздарында әдеттегі күндерден еш айырмашылық болмайды. Жалғыз ғана айырмашылық – таңертең ауыз бекіту, кешке ауыз ашу. Ақыр соңында олар Рамазанның толық берекетін сезінбейді және рухани кемелденуден мақұрым қалады. Ал Рамазан айы – нағыз руханиятты шыңдайтын және нәпсіні тәрбиелейтін ай. Бұл айда әдеттегі қалыптан шығып, өзіңізді рухани «бәйгеге» толық арнауыңыз керек. Тән артық тамақтанудан демалса, рух керісінше артық «тамақтануды» қалайды. Оның «тағамы» – ғибадаттар. Жылына бір келетін 30 күнді барынша пайдалы әрі сауапты түрде өткізгіңіз келсе, келесі кеңестерді назар аударыңыз.

  1. Ең соңғы Рамазан ретінде қараңыз.

Биылғы Рамазанға өміріңіздегі ең соңғы Рамазан айы сияқты қарауға тырысыңыз. Келер жылғы Рамазан айын көретініңізге ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан биыл Рамазанға тиісті түрде дайындалыңыз. «Соңғы рет ораза ұстап жатырмын», «соңғы рет тарауық оқудамын» немесе «соңғы рет Құранды хатым етудемін» деп ойлаңыз. Сонда ғибадаттардан барынша ләззат алып, жан-тәніңізбен сезінесіз.

  1. Рамазан айына мақсат қойыңыз.

Мақсат қою – өмірдің кез келген саласында жүзеге асатын нәрсе. Бұл жеке шешімдер, жұмыстағы мақсаттар немесе жақсы өмірді жоспарлау болуы мүмкін. Бір таңғаларлығы, кейбір мұсылмандар Рамазан айына мақсат қоймайды немесе ғибадаттарын жоспарламайды. Егер мақсат қоймасаңыз, өз деңгейіңізді өлшей алмайсыз.

Бұрынғы мұсылмандар Рамазан айы алдында өздері қол жеткізгісі келетін мақсаттар туралы ойлауды әдетке айналдырған. Бір айдың ішінде олар өздерінің жетістіктерін қадағалап, артта қалса, өмір салтына түзетулер енгізіп отырған. Олар айдың соңында өздерінің түпкі мақсаттарын түсінген және мақсатына жету үшін жоспарды ұстанған.

Рамазан айында жеткіңіз келетін мақсаттар туралы ойлануға бір сәт уақыт бөліңіз. Осы мақсаттарға сүйене отырып, оларды қалай орындайтыныңызды сипаттайтын шағын жоспар құрыңыз. Мысалы, егер мақсатыңыз Рамазан айында Құранды толық оқып шығу болса, онда «күн сайын 1 пара оқу» деп жоспарласаңыз болады. Былай қарасаң, көп секілді көрінуі мүмкін. Егер бір параны 20 бет деп алсақ, әр намаздан кейін 4 беттен оқып отырсаңыз болады. Енді айтарлықтай қиын емес, иә? Бос уақытыңыз болған кезде оқымай кеткен күндерді толықтырсаңыз болады. Осындай деңгейде мақсат қоюға және жоспарлауға тырысыңыз. Сонда бұл айдан айтарлықтай айырмашылық көресіз.

  1. Рамазан алдындағы дайындық.

Кез келген спорт жарыстарына барсаңыз, ойыншылардың жарыс алдында денесін қыздырып, дайындық жасағанын көруге болады. Жарыс басталған кезде ойынға сақадай сай дайын тұрады. Бастапқы кездегі қобалжу да өздігінен жоғала бастайды.

Рамазанға да дәл осылай қарауымыз керек. Шағбан айында ғибадатты арттырып, нақтырақ айтқанда, нәпіл оразаларды көбейтіп, түнгі тахаджуд намаздарын жиілетіп, Құран оқуды еселей түссеңіз, Рамазан айы келгенде ғибадаттарды еш қиындықсыз орындайтын боласыз.

Мұсылмандар жүгіру марафоны кезіндегі спринтерлер іспеттес. Жаңадан бастаған марафоншылар жарыстың басында өз күшіне сеніп, бірден қатты жылдамдықпен бастайды. Жарыстың соңына дейін сондай жылдамдықты ұстаймын деп ойлайды. Алайда жарты жолда күші таусылып, кейбіреулері тіпті мәре сызығына жетпей қалып жатады. Рамазан айы да – өзінше бір марафон. Лайықты дайындық болмаса, адам ай соңына қарай энергиясы бітіп, болдырып қалуы мүмкін.

Бұған дәлелді тарауық намазында байқауға болады. Алғашқы он күнде мешіттерде ине шаншар жер болмайды. Бірақ біраз уақыттан кейін адамдар жайлап азайып, соңында бір екі қатар ғана адам қалады. Бұдан шығатын қорытынды – Рамазан айына дайындықпен кіру керек. Сол кезде бастапқы энергияңыз айдың соңына дейін сақталады.

  1. Алаңдатушыларды жою керек.

Осы берекелі айда алға қойған мақсаттарға жету үшін талай құрбандыққа баруға тура келеді. Құтылуымыз керек нәрселер – бізді қоршаған көптеген алаңдатушы факторлар. Ондай алаңдатушыларға теледидар көру, мағынасыз фильмдер мен сериалдар көру, шектен тыс көңіл көтеру, бос әңгіме, әлеуметтік желі және т.б. жатады. Бұлар біздің уақытымызды алып, Аллаға ұнамды болған іс-әрекеттерден алшақтатады. Рамазан айындағы уақыт басқа айларға қарағанда өте құнды. Өйткені бұл айда жасаған жақсы амал үшін 10 еседен 700 есеге дейін сауап алу мүмкіндігіміз бар. Енді ойлаңыз, бір ай бойы аталған алаңдатушы нәрселерден бас тартасыз ба, әлде 700 есе сауаптан құр қаласыз ба? Жақсылап ойланыңыз, таңдау еркі өзіңізде.

Үйде мақсаттарға жетуге итермелейтін атмосфера жасауға тырысыңыз. Бір айға теледидарды бір жерге апарып тастауға немесе теледидардың интернет тарифын өшіріп тастауға болады. Көбірек Құран оқу үшін Құран кітапты көрінетін жерге қойыңыз (жалпы Құран әрдайым көрінетін жерде тұру керек) немесе үй жұмыстарын жасап жүргенде, пайдалы уағыздар немесе Құран тыңдауды әдетке айналдырыңыз.

  1. Шектен тыс тамақтанбаңыз.

Кейбір адамдардың ойында «көп тамақтансам, қарным ашпайды, күні бойы тоқ жүремін» деген қате пікір қалыптасқан. Біріншіден, оразаның мақсатының бірі – адамның аштықты сезініп, нәпсісін тәрбиелеу, әлсіз жаратылыс екенін мойындау. Егер тамаққа тойып алып, күні бойы аштықты сезінбейтін болсаңыз, онда оразаның мәні де қалмайды. Екіншіден, адам сусыз 8-10 күн, тамақсыз 30-40 күн шыдай алатынын ескерсек, 15 сағаттық ораза қиындығы жоқ. Заңдылық бойынша адам денесі шамамен ауыз бекіткеннен кейін сегіз сағаттан соң «ораза» күйіне енеді. Дәл осы кезеңде ағза тағамнан алынған қоректік заттарды игеруді аяқтайды. Көп ұзамай дене бауыр мен бұлшықеттердегі глюкоза қорларына ауысады. Бұл қорлар таусылған кезде өмір сүруге қажетті энергияны алу үшін денеде сақталған майды өңдеуге көшеді. Сондықтан «қоректік заттардан құр қаламын» деген оймен тамақты көп жеу дұрыс емес.

Маңыздысы – көп тамақтану емес, дұрыс тамақтану. Фастфуд өнімдері, майлы, қуырылған тағамдарды ауызашар рационынан мүлдем алып тастаңыз. Сонымен бірге күні бойы бос болған асқазан ауызашар кезінде бірден көп тамақты көтере алмай қалуы мүмкін. Сол үшін тамақты асықпай, баппен жеген абзал. Мүмкіндік болса ауызашар уақыты кірген кезде, алдымен құрма жеп немесе 1-2 стақан су ішкеннен кейін ақшам намазын оқып, содан кейін тамақтануға кірісіңіз. Сол аралықта асқазан суды сіңіріп, тамақ қабылдауға дайын болады.

  1. Соңғы он күнде ықыласты болыңыз.

Жоғарыда айтқандай, кейбір мұсылмандар ай соңында ықыласы азайып, соңғы он күннің маңызын түсінбей жатады. Осы он күннің ішінде 1000 айдан да (83 жылға тең) қайырлы бір түн бар. Ол – қасиетті Қадір түні. Алла Тағала осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі. Абдулла Ибн Аббас: «Сол түні кітаптың анасынан, яғни Ләухул Махфуздан бір жылдың ішінде кімге қанша ризық бөлінетіні, қашан қанша жаңбыр жауатыны, кімнің дүниеге келетіні, кімнің дүние салатыны, кімнің қажылыққа баратыны да жазылады», – деген.

Қадір түнінде кімдердің қажылық жасайтынына дейін жазылатыны жайлы ғұлама Икрима: «Қадір түнінде бір жыл ішінде Алланың үйі ‒ Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасайтындардың есімі әкелерінің есіміне қосылып жазылады», – деген. Сондықтан осы он түн ішінде ғибадатты тұрақты жасауға тырысыңыз. Дұғада не сұрайтыныңызды алдын ала жазып қойыңыз. Жазылған дұғаларды соңғы он күннің әр түнінде қайталап отырыңыз. Егер осы он түннің әрқайсысын үнемі ғибадатпен өткізетін болсаңыз, Қадір түніне түсетініңіз айдан анық.

Рамазан айын шынайы ықыласпен, ғибадат етумен өткізе алсаңыз, Рамазаннан кейін де сол дәрежені сақтауға тырысасыз. Себебі ол сіздің әдетіңізге айналады. Психология мамандарының айтуынша, қандай да бір әдетті қалыптастыру үшін адамға 21-30 күн жеткілікті екен. Рамазан айының 30 күн болуының хикметі де осында болса керек. Кезінде сахабалар Рамазаннан кейін алты айды оразаның қуатымен өткізсе, келесі бес айды Рамазанға дайындықпен өткізген. Осылайша бір жылды толықтай құлшылық-ғибадатпен өткізген.

Рамазан бізге Алла Тағаламен рухани байланысымызды тереңдетіп қана қоймай, өміріміздің барлық саласында өзімізді жақсартуға тамаша мүмкіндік береді. 30 күндік оң өзгерістер Рамазаннан кейін де ұзақ уақыт бойы өнімділігімізді арттыратын пайдалы әдетке айналады. Өзінің тән қалауын басқара алған адам өмірінің басқа да аспектілерін басқара алады.

Есіңізде болсын, біздің күнделікті әрекеттеріміздің жартысына жуығы – өзіміз қалыптастырған әдеттер жиынтығы. Әдеттерімізге бейімделіп, соған тұрақты болу – қаншалықты жақсы бола алатынымыздың дәлелі. Әдеттерді дамыту уақыт пен жүйелікті қажет етеді. Ал Рамазан – біздің өмірімізге қажет оң өзгерістерді енгізудің тамаша мүмкіндігі.

Жаратушы Иеміз бізге де Рамазан айын берекелі өткізіп, келесі Рамазанға дейін берік иманмен қауышуды нәсіп етсін! Әумин!

 

Әділет КӨПЕН,

ҚМДБ Жастар секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл